Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кемел келешек – кәсіпкерлікте

Кемел келешек – кәсіпкерлікте

Бүгінде өз ісін бастап, аяққа тұруды ниет еткендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек орасан. Инновациялық жоба әзірлеп, қайтарымсыз қаржыға ие болғысы келгендер мен жаны сүйетін істі бастау мақсатында жеңілдетілген несие иемденуді ниет еткендердің үкімет бетін қайтарған емес. Бұл аз десеңіз шағын және орта бизнес өкілдерінің дамуы үшін Президент үш жылға салықтан босатты. Сәйкесінше, жөн-жосықсыз тексеріс те тежелді. Бұл аудандағы кәсіпкерлер санының еселеніп, экономикасының дамуына қосымша дем бергені байқалады. Алайда бірнеше жыл бұрынғы саладағы даму динамикасы мен қазіргі, қолдауға толы, сондай-ақ карантин жағдайындағы кәсіпкерлік бағытында айырмашылық бары анық. Осы мәселеге байланысты аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақовты әңгімеге тартқан едік.
– Ақтілеу Талайлыұлы, аудандағы кәсіпкерлер саны былтырғыдан едәуір көбейгенін естідік. Бұл қуантарлық жаңалық болғанымен, белсенділік деңгейі қалай?
– Әрине, кәсіпкерлердің үздіксіз жұмыс істеп тұруы сала тарапынан басты назарда. Біздегі мәліметке сәйкес, жыл басынан бері қыркүйек айына дейін тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 22,5 процентке ұлғайды. Яғни сегіз ай ішінде қазалылық кәсіпкерлердің саны 1 026 адамға артты. Бүгінде тіршілігі қызу қайнаған Қазалыда 309 заңды тұлға, 3297 жеке кәсіпкер, 1970 шаруа қожалығы тіркелген. Саладағы даму динамикасы айрықша байқалады десек артық айтқандық емес.
Десек те, жыл басынан бері 571 кәсіпкерлік жабылды. Оның себеп-салдарымен бөлім мамандары жекелей жұмыс істеп, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жайынан ақпар беріп келеді. Жылдың аяқталуына әлі бірнеше ай бар екенін ескерсек, шағын және орта бизнесмендердің саны 338-ге артқаны көңілге медеу. Дәл осы сәтте нәтижелі жұмыс жасап тұрған кәсіпкелер үлесі 27,8 процентке өсті. Бұл дегеніміз 5 300 адамға жуық. Соған сай белсенділік көрсеткіші 94,6 процентті құрап отырғанын қуана хабарлауға болады.
– Қазалының кәсіпкерлік саласында абыройы артқан болса, бұл ең алдымен жергілікті ірі кәсіпорындардың еңбегі. Жұмыссыздық деңгейі де сондағы мамандардың есебінен қысқарып отыр. Ал сала жетекшілеріне мемлекет қолдау көрсете ме?
– Ауданның экономикалық қуатын арттырып отырған ірі кәсіпкерлер екені даусыз. Басқа аймақтармен тереземіздің тең болуына орта және шағын кәсіп иелерінің де тигізіп отырған үлесі зор екенін айта кету керек. Сіз сұраған бағытта кәсіпкерлік бөлімі Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Мемлекет қолдаудан қол тартпайды. Мәселен, жобаның өңірлік үйлестіру кеңесіне ауданнан «РЗА» АҚ-ның «1200 басқа арналған ірі қараны өсіру кешенінің және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңін іске асыру» жобасы ұсынылған еді. Көп уақыт өтпей өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді.
Мұнымен қоса, мал шаруашылығымен айналысып отырған тірлік иелеріне мемлекеттік қолдау шарасы ретінде жем-шөп қорын даярлау үшін ауданнан 1233 гектар жер учаскесі табысталды. Оның басым бөлігі Құмжиек ауылдық округіндегі «Мортық» учаскесінен берілді. Қарашеңгел жақтағы 200 гектарға жуық алаңға да орақ түсті.
Айтқандай, былтыр акционерлік қоғам «Электрмен жабдықтау» жобасы үшін республикалық бюджеттен 228,4 миллион, облыстық қазынадан 23 миллион теңгеге жуық қаржы алып, жоспарын ойдағыдай жүзеге асырды. Сондай-ақ жүгері алқаптарды сумен шаю үшін дренажды құбырлар орнатып, ел назарын өзіне аударды. Аталған құрылғыны монтаждау жұмысын жүргізу үшін сәуір айында испан мамандары елге келіп, оқыту жүргізді. Қазіргі таңда қондырғы ақаусыз жұмыс істеп тұр.
Қазалыда балық шаруашылығы да қарыштап дамуда. Кәсіп иелеріне су айдындары беріліп, нарыққа оңай енуге қолдан келген көмек көрсетілуде. Оған мысал, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына жеке кәсіпкер Т.Игликовтің құны 100 миллион теңгені құрайтын «Балық қалдықтарынан балық ұнын өндіру» жобасы енгізілді. Кәсіпкер даму бағытында былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 20 миллион теңге несиеге өндіріске қажетті құрылғылар сатып алды.
– Қазіргі таңда бизнес ілімдерін оқығандардан көп адам жоқ. Бірақ іс жүзінде аста-төк пайда тауып, жұмыс орындарын ашып жатқандармен арада біршама алшақтық бар. Тренингтен өткендерге несие алуға кім көмектеседі?
– Шынында да, кәсіпке деген жігермен келіп, оның қыр-сырын меңгергеннен кейін өзіне сенімділікті жоғалтып алатын жандар аз емес. Бөлім тарапынан оқытуды ұйымдастыру, грант алуға дайындалған жобаларды бақылау, ол аз десеңіз жеңілдетілген несие алу жолдарын сілтеу ісі іркіліссіз жүріп келеді. Кәсіпкерлік негізін оқығандардың барлығы байып кетеді деген сөз жоқ. Табысқа жету үшін тынымсыз талпыныс керек. Ал мұндай азаматтар ауданда көптеп саналады.
Биыл «Бастау бизнес» жобасы аясында 430 үміткер оқу курсына жолданған. Қараңызшы, оның 392-і ғана курсты аяқтады. Қырыққа жуық азаматтың бір бөлігі оқуға келуден мүлдем бас тартса, екінші бөлігі жар жолдан тастап кетті. Жігер, талпыныс туралы айтып отырған себебім осы. Ал кәсіпкерлікті қаржылай қолдау шаралары бойынша жаңадан тіршілік бастаушыларға сауда айналымын және өндіріс ошақтарын ашу мен дамыту мақсатында қаржы ұйымдарына 691 өтініш жолданған. Соған сай қомақты қаражат несие, грант негізінде үлестірілді.
– Қазалы ауданында «туризм» термині көп айтыла бермейді. Бірақ бұл бағытта да атқарылып жатқан жобалардан хабардармыз. Әсіресе халықаралық дәліз бойындағы кешендерді мақтайтын жолаушы көп. Демалыс орындарын саламыз деп жүрген кәсіпкерлер көп пе?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын жолаушылар жақсы сөз айтпайтын. Өйткені жанар-жағар май бекеттері мен демалыс орындары некен-саяқ еді. Есесіне қазіргі күні көпсалалы, жетілген кешендер аудан аумағында қаз-қатар тізілген. Бұған дейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойынан кәсіпкерлік қызмет көрсетуге 5 учаске белгіленген. Тап қазір «Арзан Сити», «Мирас» кешендері, «Sinooil», «TS Қызылорда мұнай өнімдері» жанар-жағар май бекеттері пайдалануға берілген. Барлық нысандар заманауи форматта, Ұлттық стандартқа сәйкес жұмыс жасап тұрғанын баса айта кетейік.
Сол сияқты бесінші жер учаскесін кәсіпкер А.Байсуганова иемденіп, көпсалалы қызмет көрсететін жол бойы кешенін тұрғызуда. Нысан құрлысының 90 проценті аяқталды. Құны 100 миллион теңге болатын кешен ашылған бойда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Сәйкесінше, меймандар үшін қонақ үй, тамақтану орны, автотұрақ, автокөлік жуу орталығы және шағын маркет қызметі үйлестіріледі.
Демалыс орындары сөз қозғалса биыл ғана келушілерді қабылдай бастаған «Қашқан су» ойға орала кетеді. Әйтеке би кентінен Арал ауданына қарай 13 шақырым қашықтықта орналасқан жағажайды жеке кәсіпкер Б.Ерхатов ашып отыр. 400 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған кешен 3 гектар аумақты алып жатыр.
– Той жырына оралсақ. Былтыр карантин басталғаннан бері су жаңа тойханалар есігіне құлып салынғаны кәсіпкерлерге салмақ болды. Тығырықтан жол тапқандар бағытын өзгертіп, саудаға ығысты. Салаға мұның қандай әсері болды?
– Иә, карантин талаптары барлық саланың дамуына тұсау болды. Әсіресе кәсіпкерлер зардап шекті. Нысанның жабық болуына байланысты несие төлеуден қиналғандарға банк тарапынан жеңілдік ұйымдастырылды. Бұл іске біз де бір кісідей атсалыстық. Дегенмен жұрт алмағайып заманда қай саланың тәуекелі аз екенін түсінген секілді. Мәселен, биыл лентасы қиылған 13 ғимарат той бизнесінен алыс ұстанған. Жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп күтілетін отызға жуық дүкен де карантин тәуекелін барынша ескерген. Ал тойханалардың бағытын өзгертуіне бөлім қызметкерлерінің үгіт-насихаты әсер еткенін сеніммен айта аламын. Біздің мақсат – індет кесірінен табысынан айырылғандардың аяқтан тұруына демеу көрсету.
Нәтижесінде 5 тойхана қызметі басқа мақсатқа ауыстырылып, санитарлық талаптарға сәйкес қызмет көрсетуде. Бүгінде «Рау-Илья» тойханасы «Муслим» қоғамдық тамақтану орнына, «Орда» қоғамдық тамақтану кафесіне, «Ай-Ғасыр» мейрамханасы «Алғыс» отбасылық киімдер үйіне, «Алатау» супермаркетке және «Тілеулес» тойханасы тез дайындалатын тағамдар орнына бейімделді. Кәсіп иелерінің бірі бұрынғы ­табыспен жобалас табатынын айтса, екіншісі жаңа бағытқа ауысқанына ерекше қуанады. Демек кіріс те аз емес деген сөз. Алдағы уақытта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында бұдан да ауқымды жобаларды жүзеге асыратын боламыз.
– Сүбелі сұқбат үшін алғыс білдіремін!

Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
28 қыркүйек 2021 ж. 778 0

Ротация туралы не білеміз?

03 желтоқсан 2024 ж. 54

Ерекше жандар ескерілді

03 желтоқсан 2024 ж. 82

Тәуелсіздікті ту етемін

02 желтоқсан 2024 ж. 83

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031