Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлікке кең өріс

Кәсіпкерлікке кең өріс

Қазақстан экономикасының негізгі құрушысы – шағын және орта кәсіпкерлік әлеуеті. Жыл өткен сайын мемлекет тарапынан кәсіпкерлер құқығын қорғау бағытында түрлі шара қолданып, заң талабын жеңілдетуге жағдай жасалуда. Соған байланысты іскер азаматтардың өндірісі өркендеп, жұмыс орындары көбейіп, шағын және орта бизнес тарапынан экономикаға қосылар үлес те артып келеді.
Дегенмен Covid-19 пандемиясының салдарынан көптеген кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатуға немесе қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Біршама уақыт қызметі тоқтаған кәсіпкерлер қаржылық шығындарға ұшырағанымен, онлайн режимге көшу немесе жеткізіп беру қызметі арқылы уақыт талабына тез бейімделіп үлгерді. Елде еңбекке қабілетті әрбір үшінші адам айлық табысын кәсіпкерлік саласынан тауып отырғанын ескерсек, кедергілерді еңсеру қоғамға ортақ мақсат болмақ.
Аудандағы кәсіпкерлік саласының ахуалы қалай? Кәсіп иелеріне қандай қиындықтар туындайды? Мемлекеттен берілетін қолдау қаншалықты тиімді? Осы жайлы бірге саралап көрейік.

Несиенің несібесі
Ауданда 2021 жылдың алғашқы 7 айында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 22,8 процентке артқан. Бұл көңіл қуантарлық көрсеткіш. Яғни жыл басынан бері жаңадан 747 адам кәсіпкер ретінде тіркелген.
Ел экономикасының бәсін жоғарылатар салада көптің кәсібін тоқтатуына басты себеп қаржылық шығын екені даусыз.
Бизнес-жоспар әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою – мұның бәрі кәсібін енді ғана қолға алған кәсіпкерге қиын шаруа. ­«Бастау бизнес» жобасы «Еңбек» мемлекеттік бағдарласы шеңберінде 2017 жылдан бастап кәсіпкерлік негіздеріне оқыту «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен іске асырылады. Осы 4 жыл ішінде «Бастау бизнес» жобасы арқылы Қазақстан бойынша 144 мың бизнес-жоспар жүзеге асырылған. 2021 жылы тамыз айына дейін Қазалы ауданында «Бастау бизнес» жобасымен барлығы 320 адам кәсіп бастау бойынша оқып, білім алған.
Кәсіпкерлерді аяққа тұрам дегенше қаржылай қолдау мен несиенің маңызы зор. Аудан кәсіпкерлері мен ісін жаңадан бастаушыларға ­сауда айналымын, өндіріс түрлерін ашу мен дамыту мақсатында қаржы ұйымдары тарапынан 607 адамнан түскен өтініш бойынша жалпы 2 581,9 миллион теңге несие, грант қаражаты берілген. Осы ретте кредиттік серіктестердің қатарында екінші деңгейлі банктер, АШҚҚҚ, «Қазалы-Несие», «Сырдария-1» КС Қазалы филиалы бар екенін атап өткен жөн.
Қаржылай қолдауда ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалмайды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының «Мал шаруашылығын дамыту», «Эко-Даму» бағдарламасы бойынша ауданда барлығы 17 кәсіпкер 176,3 млн теңге несиеге қол жеткізген.

Пандемияның салдары
Әлемге батпандап кірген індет әсер етпеген сала кемде-кем. Дегенмен локдаун салдарынан ресторан индустриясы үлкен шығынға ұшыраған.
«Пандемиядан ең көп қызмет көрсету саласы зардап шекті. Біздің облыста мейрамхана бизнесімен айналысатын 128 нысан бар. Бүгінде дені жұмысын уақытша тоқтатты. Сол себепті 10 мейрамхана өз бағытын өндіріс саласына өзгертті», – деген еді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова онлайн баспасөз мәслихатында.
Ауданда жалпы қызмет көрсететін 11 тойхана орналасқан. Тойхана саласын қайта бағыттау бойынша қызмет көрсету әкімшіліктері мен аудан әкімдігі тарапынан кездесу ұйымдастырылып, ұсыныстар жасалуы нәтижесінде осы жылы 5 тойхананың қызметі басқа мақсатқа ауыстырылды. Атап айтсақ, «Рау-Илья» тойханасы «Муслим», «Орда» атауын өзгертпестен, қоғамдық тамақтану орнына, «Ай-Ғасыр» мейрамханасы «Алғыс» отбасылық киімдер үйіне, «Алатау» мейрамханасы «Алатау» супермаркетіне, «Тілеулес» тойханасы тез дайындалатын тағамдар орнына бейімделген.
Қазалы ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов: «Пандемия кәсіпкерлік саласына әсер етпей қоймайды. Қазір ауданда барлығы 300 нысан «Ashyq» жобасына тіркелсе, соның 91-і кәсіпкер. Санитарлық талапқа сай болғанымен, вакцинация паспорты міндеттелген тұста шағын тамақтану орындары да клиенттерін азайтып алды. Сонымен бірге жаңа өзгерістерге қарай тамақтану орындарында жеткізу қызметі жандана түсті», – дейді.

Дина БӨКЕБАЙ
31 тамыз 2021 ж. 960 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031