Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қуаныш МЫХАНОВ, Қазалы аудандық сотының судьясы: Даудың мұраты – бітім

Қуаныш МЫХАНОВ, Қазалы аудандық сотының судьясы: Даудың мұраты – бітім

Қазақ халқына бітімгершілік сөзі жат емес. Ерте ғасырларда дау-дамай, жанжал, жесір, жетім дауы билердің алдында шешімін тауып, жүйеленген. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған даналардың ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен рөл атқарғаны баршамызға белгілі.
Дау иесінің биге құрметі бір ауыз сөзге тоқтағандығынан байқалады. Бұл туралы біз мұра болып қалған шешендік кітаптардан оқып, зердемізге жаттап өскенбіз. Ақылды, дана, ойшыл бидің тоқтамына бүтін бір ел бас иген. «Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман» деп Қазыбек бидің айтқан дана сөзінде қаншама мән жатыр. Осы ретте медиацияның тиімді жағы мен оның қоғамдағы басымдықтары жайлы Қазалы аудандық сотының судьясы Қуаныш Мыхановтан сұрауды жөн көрдік.
– Әңгімені қоғамдағы медиацияның дамуынан бастасаңыз...
– Қазіргі уақытта республиканың сот жүйесі қарқынды даму үстінде. Қазақ қоғамына жат емес, ұлт тарихында билер институты болғаны мәлім. Туындаған дау-дамайды әділ шешіп, келген шығынды қалпына келтіріп отырған. Ол кездегі қоғамның өз талабы, өз заңы да болған.
Қазіргі жаһандану заманында отбасылық кикілжіңді, адамдар арасындағы дауды сот таразысына салып шешкеннен гөрі, азаматтардың құқықтарын сақтап, ағайындық жол – медиация тәртібімен келісімге келсе, кешегі дала заңына бағынған бабалар ісін жалғаған болар едік. Кеткенді біріктіру, кемді толтыру, екеуді татуластыру, азаматтың құқығын аяқ асты етпей, сыйластықпен мәселені шешу – бабалар ісінің көрінісі.
Жалпы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданды. «Медиация туралы» Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін реттейді. Медиация туралы Заң қабылданғанына біраз уақыт өтсе де, оны әлі де көпшілік жете түсінбейді.
Медиация тәсілі әлемнің дамыған елдерінде ертеректе қалыптасқан әрі заңдастырылған. Медиацияны Америка, Аргентина, Ұлыбритания, Германия, Австрия сынды әлемнің ірі елдері кеңінен қолданып келеді. ТМД елдерінің ішінде медиация туралы заң бізге дейін Молдовада ғана болған.
– Билер сотының ерекшеліктері қандай?
– Айтып өткенімдей, ертеректе ел аумағында дәстүрлі билер соты болған. Ол қылмыстық, мүліктік, ішкі отбасылық тәртіп бұзушылықтар мен қылмыс түрлерін қарап, қоғамның құқықтық өмірін ретке келтіріп отыратын болған. Заманында билер ешқашан да сайланып немесе тағайындалмаған. Сонымен бірге би қызметі атадан балаға мұра болып та қалмайтын. Сол кезеңнің түсінігінде би болу үшін алдымен қазақтың дәстүрлі әдет құқығын жете білу, шешендік өнер мен аталы сөзді жақсы меңгеруі, барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын әділ болуы шарт болатын. Міне осындай билердің атағы мен даңқы жөніндегі хабар тұрғындар арасына тез таралған.
Ескере кететін бір жай, егер де өзінің беделіне дақ түсірген қандай да бір би сот ісіне араласу құқығынан айырылды. Дала тұрғындары өзіне жүгінуін тоқтатқан кезден бастап ол би аталудан қалады. Билер соты әдеттегі ұсақ тәртіп бұзушылықтан бастап ең ауыр қылмыс саналатын кісі өлтіруге дейінгі қылмысты істерді қарастырды. Сонымен бірге дауға әділ билік айту принципі бойынша жүргізілетін. Бір сөзбен Әйтеке би айтқандай: «Дұрыс сөзге тоқтай білген, сөзін тоқтата білген» дана болуы тиіс. Билер қазақ халқының ауызбірлігін, өзара түсінісуін нығайтып, дау-жанжалды әділ шешіп отырған. Бидің бір өзі тергеушінің, әрі айыптаушы мен қазының қызметін қоса атқарған.
XVIII ғасырда мемлекеттік және қоғамдық кызметінің маңыздылығы, шешендік өнерінің күшімен шеберлігі жағынан Қазақстан тарихында өшпес із қалдырған атақты билер болды. Олар – Ұлы жүзден Төле би, орта жүзден Қазыбек би, Кіші жүзден Әйтеке би.
Қазақ елінің мыңдаған жылдардан бері ғасырдан-ғасырға ұласып келе жатқан мемлекеттік билігінде билер сотының алар орны ерекше. Шынайы халықтық үлгіде құрылып, ежелден елдік әдет-ғұрыпқа негізделген дәстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған бұл сот жүйесі ұлттық санамыздағы ұзақ жылғы даму эволюциясында тек әділдік пен ақиқаттың айқын көрінісі ретінде мызғымай келді.
Көрнекті академик Салық Зимановтың төрт тілде шыққан «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» делінген.
Қазақтың дәстүрлі құқығындағы билер сотының және ел тұтастығы үшін билердің атқарған қызметі орасан зор. Бұрынғы билер бүгінгі мемлекеттік биліктің функционалдық қызметтерін толықтай атқарып келді десек, қателеспейміз. Олар атқарушылық, заң шығарушылық, билік айтып ел басқару қызметтерінің барлық түрлеріне араласты. Оған қоса мемлекеттің ұлттық идеологиясы мен ел бірлігі, әлеуметтік тұрмыс жағдайы туралы даналық ойлар айтып, ел болашағын күнілгері болжауда, оған қажет қандай келелі істерді ынтымақтасып істеудің сара жолын дидактикалық нақыл сөздерімен халыққа түзу бағыт беріп отырды. Би – қай заманда да өзінің елден асқан ақыл-парасат, біліктілігімен қабырғалы қалың елге көшелі ісімен қызмет етуші ірі тұлға болған.
«Даудың мұраты – бітім» деген бар. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – төреліктің ең биік шыңы екенін ескерсек, тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты жаңа серпінмен дамуы көңіл қуантады.
– Енді жалпы медиация дегеніміз не? Ол қандай жағдайда қолданылып, жүзеге асырылады?
– Медиация – латын тілінен mediatio – делдалдық екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Дауды соттан тыс, өзара келісім жағдайында шеше алады. Яғни дауды шешу жолында тараптардың өзара әрекетке түсуін жүзеге асыратын кәсіби медиатордың көмегімен және осы дауға қатысушылардың бірігіп мәселелерді реттеу процессі. Ежелден қазақ халқы үшін бітімгершілік пен татулық – бұл билік айтудың ең озық өнегесі болып келеді.
Медиацияны жүргізу кезінде еріктілік, құпиялық, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығы және медиация тараптарының тең құқылығы мен оның рәсіміне араласуға жол бермеушілік қағидаттары сақталуы тиіс. Медиация тәсілі сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі тәсілдерінің бірі.
Бүгінгі медиация осы сара жолдың жалғасы іспетті. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы. Медиация институты – қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
– Медиациялық тәртіптің мақсаты не?
– Тараптардың дауласуын болдырмай, даудың екі жақты да қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу. Медиацияның тараптары жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін. Бұл жерде ескере кететін жайт медиатор медиация тарабы болып табылмайтынын назардан шығармауға тиіспіз.
Медиация сотқа дейінгі тәртіпте және азаматтық, еңбек, отбасы, басқа кұқықтық қатынастардан туындайтын дауларда, отбасы тұрмыстық қарым қатынас сипатындағы әкімшілік дауларда, жеңіл және ауырлығы орташа қылмыс санатындағы істер бойынша қылмыстық іс барысында қарастырылатын дауларда қолданылады.
Соңғы уақытта халқымыз дауды шешу үшін сотқа емес, медиаторлар көмегіне жүгініп, оларды іздей бастағанының куәсі болып жүрміз. Бұл сіз бен біздің насихаттау бағытында атқарған жұмысымыздың жемісі деуге болады.
– Жалпы медиацияның қоғамдағы әсері қандай?
– Тұрғындар соңғы кездері соттағы дауласу бірнеше ай уақытын алатынын, қаржысы шығындалатынын түсінгендей. Бұл азаматтардың медиацияға деген оң көзқарасы, оң ортақ шешімге келуге дайын екендіктерінен, құқықтық мәдениеттің дамып келе жатқандығынан хабар береді. Негізінен, медиация қоғамдағы тұрақтылыққа жағымды әсер береді.
Дегенмен де бұл бітімгершілікті насихаттау бағытындағы жұмыстарды тоқтатуға болады деген сөз емес. Керісінше, одан сайын медиация рәсімін жетілдіріп, халықты бірлікке шақыруымыз керек. Медиация рәсімі дауласушы тараптарды татуластырып, қаржылық шығынды азайтып, жылы қатынасты сақтауды, ең бастысы дауды шешудің ең ұтымды жолы екенін жете түсінуі қажет.
– Медиация рәсімін кім жүргізуге құқылы?
– «Медиация туралы» ҚР Заңына сәйкес медиация рәсімін медиатор жүргізеді. Медиатор тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға. Ол еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі және бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, құпиялылық тәрізді 5 қағиданы басшылыққа алады.
Жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.
Қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.
Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.
– Сұқбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
24 шілде 2021 ж. 1 004 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 69

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930