Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мұрат Әбсұлтанов: “Көпірлер жағдайы сын көтермейді”

Мұрат Әбсұлтанов: “Көпірлер жағдайы сын көтермейді”

Әр саланың өзіндік ауыртпалығы, түйіткілді мәселелері барын жақсы білеміз. Алайда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар қатынасы және автомобиль жолдары бөліміне артылған жүк ауыр. Өйткені қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылаудан бастап ол жүйіткитін тегіс жол жасауға дейін аталған сала мамандарына жегілген. Кейде ауылдық округте, кейде кент әкімдігіне қатысты мәселелерге жауапты болатыны тағы бар. Сонда да бөлім қызметкерлері ауданның инфрақұрылымын жетілдіріп, тиесілі міндеттерін мүдірмей орындап келе жатқанын айтпай кетуге болмайды. Жақында бөлім басшысы Мұрат Әбсұлтановпен аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жайында сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Мұрат Байғабылұлы, алдымен аудандық маңыздағы ауылдық округтерге апаратын жолдардың жағдайы жайында сөз қозғайық. Жалпы жолдардың қанша проценті асфальтталған?
– Қазалы ауданы ішінде жан-жақтағы елді мекендерге бағытталған 406,2 шақырым автомобиль жолы бар. Нақтысын айтайық, оның 193,7 шақырымына асфальт төселіп болды. Сонымен бірге 141,5 шақырымына қиыршық тас төселген десек, қалған бөлігі топырақты, яғни әлі құрылысшы қолы тимеген.
Естеріңізде болса, 2018 жылы атқарылған жұмыстар нәтижесімен жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 69,1 процетті құраған еді. Үйлесімді жұмыстар нәтижесінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы 2,8 млрд теңгеге бөлініп, басталған 12 жобаның жетеуін тәмамдадық. Осыдан кейін статистика жаңарды. Бүгінде жолдардың индикаторлық үлесі 75,6 процентке жетті. Көптің көкейінде қай жол жөнделді деген сұрақ болуы мүмкін.
– Бірнеше жыл бұрын ауылдағы ағайынның басты базынасы аудан орталығымен қатынасу еді. Өйткені көпірлер мен жолдардың сапасы сын көтермейтін. Қазіргі таңда алыс ауылдардың жолдарына дейін жақсарғанын көріп жүрміз. Бұл бағытта қандай жобалар іске асуда?
– Ауылдық округтерге қатынайтын жолдардың мәселесін шешу бөлімнің басты бағыттарының бірі. Сондықтан биыл да бірнеше ауқымды құрылыс басталды. Мәселен, Қазалы қаласы мен Қожабақы ауылының аралығындағы 30 шақырым жол жөнделіп жатыр. Мұнымен бірге Бозкөл мен Кәукей аралығындағы 31, Қожабақы мен Бекарыстан би ауылының 18, Басықара мен Абай ортасындағы 20 шақырым жол жөнге келтірілуде. Бұдан бөлек жұрт «Водокачка» атап кеткен ауылға қатынас қиын еді. Жыл аяғына дейін оның да 7 шақырымының шаңы басылады. Сондай-ақ Әйтеке би кентіне кіреберістегі 3 км, кент пен Қазалы қаласының 11 км айналма жолы, Шағала лагеріне дейінгі бірнеше шақырым және Байқожа елді мекеніне дейінгі 2 шақырым жолды жөнге келтіруді биылға жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде жиі айылып жүрген Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс аралығын асфальттаймыз.
– Кәукейдің көлік жолын жөндеу ұзап кеткен жоқ па?
– Осы орайда еске салайық, 64 шақырымды құрайтын аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекендердің 28 көшесін жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Бұл дегеніңіз, қаржының түсуін күтіп тұрған көптеген жобаның мәресіне жететін күні алыс емес деген сөз. Сіз айтып отырған мәселе де көп ұзамай шешіледі. Өйткені жалпы сомманың 1 миллиард 988 миллион теңгесіне Бозкөл мен Кәукей арасындағы 26 шақырым топырақты жолының қалған бөлігі, Қазалы қаласынан Әлсейіт учаскесіне дейінгі жолдың аяқталмаған 16 шақырымы және Қарлаң учаскесі мен Қожабақы ауылының аралығындағы 14 шақырымы асфальтталып, пайдалануға беріледі. Ал Басықара мен Абай ауылының аралығындағы 20 шақырым автомобиль жолының жұмысын жалғастыруға 305 миллион теңге қаралып, 14 шақырым автомобиль жолын тегістеуді ойлағанбыз. Енді жұмысты аяқтауға қажетті 112 миллион теңгеге жолданған өтінімнің жауабын күтіп отырмыз.
– Қос аралықты қосатын төрт жолақты жолдың игілігін қашан көреміз?
– Жоба құны 2 миллиард 415 миллион теңге болатын «Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы» аралығындағы 7 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын 4 жолақты етіп кеңейту жұмыстары 2020 жылы басталғанын көпшілік біледі. Ауқымды жобаны жалғастыруға биыл жалпы қаржының жартысына жуығы аударылды. Қазіргі таңда жол бойындағы 2 темір бетон көпір мен 2 су өткізгіш құбырлар қайта жаңғыртудан өтуде. Аталған жобаға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс беруші болып белгіленген. Осы тұста құрылыстың үш жылға жоспарланғанын ұмытпаған дұрыс. Бүгінгі таңда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты келісімшартқа өзгеріс енгізіліп, экспертизаға жіберілді. Амандық болса, келер жылы көліктер төрт жолақты жолмен жүреді.
Сонымен бірге облыстық басқарма тапсырысымен «Қарлаң» көпірінің жоба сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілгенін сүйіншілей кетейін.
Десек те ауданда коммуналдық меншіктегі темір бетонды көпірлердің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Үстіміздегі жылы жоба құны 233 миллион теңгені құрайтын «Әйтеке би-Басықара» аудандық маңыздағы автомобиль жолының бойындағы темір бетонды көпірді қайта жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 93 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекемемен келісімшарт жасалуда. Бұдан бөлек 9 көпірдің техникалық жағдайы нашар екенін анықтап, жоба алды іздестіру жұмыстарын үйлестіріп жатырмыз.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасымен қала мен кент көшелері жақсарады дегенді естідік. Бұл жайында не айтасыз?
– Биыл осы бағдарлама аясында Әйтеке би кентіндегі Сәбит Мұханов пен Әбілхайыр хан көшелері қайта жаңғыртылады. Бұған 216,8 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті. Жобада қос көшеге жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарықшамдар орнату ісі қаралған.
«Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» мақсатында Қазалы қаласының 8,2 шақырымды құрайтын 10 көшесіне қомақты қаржы бөлініп, қызу жұмыс жүріп жатыр. Құрылыс барысында көшелердің негізгі қабаттары күшейтіліп, гравийлі құмды қоспа (ГПС) қабаты төселді. Аяқсу арықтарына кең көлемді су өткізгіш құбырлар салынды. Сондай-ақ қара шебін қабаты төселуде. Бұл сол көшелердің топырағының тозуына байланысты қолға алынған іс. Енді көліктер С.Толыбеков, З.Бұлақбаев, Аманкелді батыр, Бекетай би, Қ.Рысқұлбеков, Ы.Алтынсарин, А.Қыстауов, Б.Момышұлы, Г.Шляпин, С.Мұханов көшелерінде кедергісіз қозғала алады.
Сонымен бірге жергілікті бюджеттен бөлінген 381,7 миллион теңгеге Әйтеке би, Ақтан батыр, Бірлік, Пірімов, Абай, Өркендеу, Жалаңтөс батыр елді мекенінің 15 көшесі жөндеу көруде. Аудан тұрғындары біле жүрсін, бүгінде Қорқыт ата, М.Маметова, Қорқыт ата орамы, Қ.Ерімбет тұйығы және Дәулеткерей көшелеріндегі жұмыстар аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, Ақтан батырдағы Б.Момышұлы, Бірлік ауылындағы Жанқожа батыр, Қ.Пірімовтегі Ғ.Мұратбаев бұрылысы, Абай ауылының кіреберісі, Өркендеу орталығындағы Сарыкөл, Ж.Байқадамов, Ғ.Мұратбаев, Жылуан және Жалаңтөс батыр ауылындағы Ә.Мәкешов, Қызылой көшелерінің жолдары жақсарады. Бүгінгі таңда оның жетеуінің жөндеу жұмыстары толық аяқталып, қалған бөлігінде қызу тірлік қарқын алған.
– Ел игілігі үшін жасап жатқан жобаларыңызға сәттілік! Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
17 шілде 2021 ж. 1 138 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 69

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930