Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауыл балалары қабілетсіз емес

Ауыл балалары қабілетсіз емес

Қазалы ауданының білім саласындағы деңгейі тым биікте. Оған дәлел республикалық олимпиадаларда топ жарып, білімі мен біліктілігін қатар алып жүрген оқушылар. Осы ретте олардың ұстаздарын естен шығармаған жөн. Өйткені ұстазсыз шәкірттің болуы мүмкін емес. Мұндай үздік мұғалімдер қатарында жуырда ғана Президент жарлығымен педагогика саласына тұңғыш рет берілген «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алғашқы болып иеленген Жәмилә Әбжан да бар. Абыройлы мұғаліммен еркін әңгіме өрбітудің сәті түскен болатын.

– Жәмилә Әбдінағиқызы, жалпы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы иегерінің еңбек жолы қайдан бастау алды?
– Мен 1988 жылы Алматыдан шет тілі институтын бітіріп келген болатынмын. Ең алғаш №165 қазақ орта мектебінде еңбек жолын бастадым. Одан кейін аудандық білім бөілімінде, жастар одағында, кейін Қ.Сәтпаев атындағы №216 мектепте, Б.К. Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназиясында жұмыс жасадым. Қазіргі таңда Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде ағылшын тілі пәні мұғалімі болып қызмет етудемін. Негізі мен бұл салаға табаны күректей 32 жылымды арнадым. Алдағы уақытта оқушылардың осы пәнді жетік меңгеруі жолында аянбай еңбек етіп, ағылшын тілін үйретудің қыр-сырын зерттеуді жалғастыра беремін.
– Жуырда ғана Президент пәрменімен педагогика саласында тұңғыш рет берілген атақтың алғашқы иегері болдыңыз. Бұл бүгінге дейін еткен еңбегіңіздің еш кетпегені. Сол сәттегі қуанышпен бөліссеңіз...
– Иә, «Педагог мәртебесі» заңы аясында бекітілген «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы Сыр өңірі ұстаздары арасында маған бұйырыпты. Яғни аймақтағы 22 мыңнан аса ұстаздың ішінен үздік деп танылдым. Бұл тек маған емес бүкіл аймақ педагогтарына берілген құрмет деп білемін. Бүгінге дейін қандай марапаттың иегері болып жүрсем де, мұндай сезім болмады. Қуаныштан төбем көкке жетіп, ерекше көңіл-күйге бөлендім. Осы сәтте мені марапатқа лайық деп таныған облыс әкіміне, облыстық білім басқармасына, аудандық білім бөліміне, №249 мектеп-лицей әкімшілігіне алғыс білдіремін. Мұнан бөлек әріптестеріме де ризашылығым зор.
– Білім саласында жылдан жылға көптеген өзгерістер орын алуда. Алайда қазіргі ұстаздардың сапасынан саны басым секілді. Бұған не айтасыз?
– Меніңше жаңа министр келгелі бұл түсінік ептеп жойылып келе жатқан секілді. Себебі қазір педагогика мамандығына түсу үшін талаптар өзгерді. Келешекте педагогтарға қойылатын талап та, тәртіп те күшейіп, барлығы бір жолға қойылады деп есептеймін. Одан бөлек министр келгелі пилоттық режимде «Ауыл мектебі» деген жоба жүріп жатыр. Мақсаты – қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жою. Міне бұл алдағы күндері жақсы жолға түссе барлық білім ошақтары Н.Назарбаев атындағы мектептің іс-тәжірибесін қолға алып, жұмыс жасауды бастаймыз. Ол біз үшін үлкен мүмкіндік, бастама болмақ. Ал жаңағы сапа мен санына келетін болсақ, саны көп мамандардың ұзамай-ақ сапалылар қатарына енетініне күмәнім жоқ. Өйткені оларға қойылатын талаптың соңы осыған алып келеді.
– «Ауыл балаларына ағылшын тілін меңгерту қиын» деген біржақты түсінікті жоюды жолға қойып келесіз. Жалпы білікті ұстаз болу үшін жас педагог қандай талаптарға сай болуы тиіс?
– Осы сұрақ қойылғанда өзімнің жас маман болып жүрген кезім есіме түсіп отыр. Ол – қандай олимпиадаға барсамда оқушыларым биік-белестерді бағындыра алмай жүрген уақыт. Сол кезде ізденісті одан әрі үдетіп, жеңіске жетудің әдіс-тәсілін табуға тура келді. Бір күні жарыстан көңіл-күйім болмай келе жатқанда жолай бір мықты ағылшын тілі пәнінің мұғалімімен сөйлесе отырып, «қалай жетістікке жетсем болады?» деген сұрақ қойған болатынмын. Ұстаз маған: «Сіз қазіргі таңда «Тойфул» бағдарламасы арқылы оқушыларды дайындасаңыз ғана, биіктерден көріне аласыз» деген ой салды. Көп ұзамай «Тойфул» бағдарламасын іздеп, қымбат бағаға сатып алдым. Бұлай жасағанымды естігенде көп адам маған таңғалып, «Мұның не қажеті бар, осынша бағаға бұл кітапты неге алдың?» деп біртүрлі көзқараста қалды. Сонда мектеп басшысы Күләш апай: «Осы кітап келешек сенің наның болады, сол арқылы үлкен жетістіктерге жетіп, талай белесті бағындырасың» деді. Артынша бағдарламаның пайдасы тиіп, оқушыларды дайындаудың жолын іздеп тауып, биіктен көрініп жатқан жайымыз бар. Ал «Мен мықты маман боламын» деген әрбір педагог алдына нақты мақсат қойып, үнемі ізденісте болып, оқушының назарын білімге бұру үшін бір жолын табуы қажет. Сонда ғана жас маман ойлағанына жетеді.
Бұрынғыдай емес қазір «Білімімді одан әрі жетілдіремін» деген ұстазға мүмкіндік өте көп. Олай дейтінім бүгінде ұстаздардың біліктілігін арттыру үшін түрлі онлайн сабақтар шығып жатыр. Бастысы – қол қусырып қарап отырмау қажет. Егер таңның атысы кештің батысы уақыт өткізуді ойлаған педагог болатын болса, оның арты жақсылыққа апармайды, ол одан дамымайды өспейді. Сондай-ақ алдына келген оқушыдан мықты шәкірт дайындап шығармайды. Менің көбіне қорқатыным осы. Ұстаздар құр уақыт өткізбесе екен деймін. Сонда ғана талай қазақ баласы жаһан елдерінің ең биік нүктесінен қарап, қазақ еліне қызмет ететін болады.
– Жәмилә апай, атақты алу бір бөлек, оны сақтап қалу бөлек дүние. Бұл алдағы уақытта жауапкершілік одан әрі артады деген сөз. Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз...
– Дұрыс айтасыз. Бұрын көпшілік маған Е.Бозғұлов атындағы №249 мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Жәмилә Әбжан деп қараған болса, енді «Қазақстанға еңбек сіңірген ұстаз» дейтін болады. Сондықтан бұл мен үшін үлкен жауапкершілік.
Біріншіден, мен ағылшын пәні бойынша шәкірттерімнің қатарын көбейткім келеді. Мәселен, былтыр 10 сыныптағы оқушым Ақжүніс Ақатай республикалық олимпиадаға жолдама алған болатын. Алайда елдегі ахуалға байланысты олимпиада болмай қалды. Міне менің мақсатым – осындай аудан оқушыларын дайындап, елімізде ғана емес, әлемге танымал жеңімпаздар шығару. Екіншіден жас мамандарға, яғни ізімнен ерген әріптестеріме «Оқушыны олимпиадаға қалай дайындауға болады?» немесе «Олардың қабілеттерін қалай арттыруға болады?» деген әдістемелік құрал дайындаудамын. Қысқасы аудан ұстаздарының қатары тек мықтыларға толығып, келешекте асуларды біріге бағындырсақ нұр үстіне нұр. Сол арқылы жоғарыда айтқандай қала мен ауыл арасындағы алшақтықты, ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету, меңгерту қиын деген түсінікті жою қажет. Тек қала оқушылары ғана емес, ауыл балаларының да қабілет-қарымы жоғары екенін көпшілік білсін.
– Ашық әңгіме өрбіткеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК
30 наурыз 2021 ж. 1 020 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031