Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » IT орталыққа айналған білім ордасы

IT орталыққа айналған білім ордасы

Соңғы жылдары білім саласына қатысты елеулі реформалар іске асып жатыр. Ұстаздаздардың мәртебесінен бастап, жалақысы, біліктілігі, заманға сай жасақталуы, жалпы саланың дамуы көрер көзге анық байқалады. Оның үстіне аудандық білім бөліміне жаңа басшы тағайындалғалы біршама өзгерістер орын алды. Бүгінде білімдегі бірқатар түйіткілді мәселелер шешім тауып, жүйе қайта жасақталуда. Бұл тұста лицей статусы бар білім ошақтарының технология көшінен қалмай, робототехника, IT сияқты заман талабын меңгеруге ден қойғанын білеміз. Бірер күн бұрын Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің техникалық базасы мен оқу үрдісін бақылап қайтқан едік. Мектеп директоры Батырбек Тәңірбергеновпен де сұқбаттасудың сәті түсті.
– Батырбек Әділбекұлы, ең алдымен мектептің мүмкіндіктері мен карантин талаптары жеңілдеген қазіргі кездегі оқушылардың көңіл күйі, оқу үрдісі жайында сөз қозғасақ...
– Өзіңіз білесіз, мектеп-лицей 2009 жылы пайдалануға берілді. Жалпы 5 гектар аумақта оқушыларды сергітуге арналған футбол алаңы, беседкалар мен ойын құрылғылары орналасқан. Ғимарат 16 мың шаршы метрді алып жатыр. Беріректе Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген инженер-гидротехнигі Ержігіт Бозғұловтың есімі таңылды. Осы күні лицейде 185 мұғалім, 87 техникалық қызметкер еңбек етіп жүр. 64 сынып-кабинетте оқушылардың толыққанды білім алуы үшін жағдай жасалған. Қыркүйек айындағы мәліметке сәйкес, 1795 оқушы 11 сыныпқа дейін 79-ға бөлініп оқиды. Биыл 185 оқушы мектеп табалдырығын аттады. 96 түлек жоғары оқу орнына түсуге талаптанып отыр.
Қазір мемлекеттік бас санитардың қаулысына сүйеніп, бірден бесінші сыныпқа дейінгі оқушыларға дәстүрлі түрде білім беріп жатырмыз. Бұл әр сыныпта он бес балаладан аспайтын шектеумен, санитарлық-эпидемиалогиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіліп жатқанын баса айта кету керек. Тест тапсыратын 9-11 сыныптағыларды да мектепке шақырдық. Білім министрлігінің бұйрығына сәйкес, барлық пәннің 70 проценті оффлайн түрде өтуі тиіс. Соған сай жалпы балаланың үштен бірі негізгі пәндерді меңгеру үшін мектепке келеді. Мұнда 1200 оқушыға орын бар екенін ескерсек, әр сыныпқа бес сабақтан, бірнеше блогқа бөліп, ара – қашықтықты барынша сақтауға тырысудамыз.
– Өткен жылы өңірдегі үздік орта білім беру ұйымы атанғанда қазалалықтар қатты қуанғаны есімізде. Сонда 17 миллион теңге ұтып алдыңыздар. Бұл бір мектеп үшін қомақты қаржы саналады. Ұтысты қайда жұмсадыңыздар?
– Мекемеге 2019 жылы қазан айында басшы болып келдім. Бірінші кезекте оқушылар мен ұстаздардың білім деңгейін көтеруге, олардың түрлі сайыстардан жетістікке жетуіне ден қойдым. Сол жылы осында аудандық олимпиада өтті. Оған қатысқан 35 шәкіртіміздің 25-і жүлделі орын алды. Мұнымен қоса 11 шәкірт сайыстың облыстық кезеңіне жолдама алды. Қуаныштысы сол, аудан тарихында алғаш рет жеті бірдей оқушы облыстан олжалы қайтты. Тышқан жылында өңірдегі үздік ауыл мектебі атанғанымыз тағы бар. Ал мамыр айында облыс әкімі білім беру мекемелері арасында кезекті конкурс жариялады. Ұжым болып соңғы үш жылда алған асуымызды дәлелдейтін құжаттарды жинақтап, жолдап жібердік. Көп күттірмей тамыз айында сіз айтып отырған атаққа лайық деп танылдық. Қыркүйекте грант есебінде бізге келіп түскен қаржыны пайдалы дүниелерге жұмсауды бастап кеттік.
Елдегі білім саласы заманауи технологияны меңгеруге, оқытуға көңіл бөле бастаған тұста 2000 жылы Оңтүстік Кореяға барған едім. Бұл елде ұялы телефон ілеуде-біреуде ғана бар кез еді. Сол уақыттың өзінде робототехника мен IT саласына қатысты техникаларды көріп, аң-таң болдым. Бүгінде 17 миллион теңгеге сатып алынған түрлі құрылғыларды Кореядан сол кезде көргенім есіме түсіп, қатты таңғалдым. Есесіне енді біздің оқушылар сол ел сияқты технологияны меңгеріп, келешек елдегі осы саланы дамытады деген үмітіміз бар. Балалар осындай мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, кәдесіне жаратса деген тілегіміз тағы бар.
Грантты жеңіп алдық. Бірақ оның ережесінде барлық мектепке қажетті ақпараттық, электрондық техника сатып алу үшін жұмсалу керектігі айтылған. Соны негізге алып, акт залға көлемі 5х4 болатын жоғары сападағы Led экран орнатылды. Бұдан бөлек өнерлі жастарымызға арнап 3 миллион теңгеге дыбыстық аппаратура әкелдік. Балалар шығармашылығына жан бітіру үшін соңғы үлгідегі дыбыс жазу студиясын жасақтадық. Кіреберіске ата-аналарға арналған «Инфокиоск» орнатылды. Сонымен бірге індеттен сақтану мақсатында дене қызуын өлшеп, маска тағуды ескертетін, қолға антисептик сеуіп, мектептің мәліметтер базасында жоқ адамды анықтайтын, барлығы кіріктірілген құрылғы сатып алдық. Бұл балалардың қауіпсіздігіне де үлкен көмек болады деген сенім бар.
Аудандағы білім саласына қатысты жиын мен рухани шаралар лицейде өтетіндіктен оны таспаға түсіру жағынан мәселе туындап жүрді. Мұны шешу үшін дыбыс жазатын микрофоны бар камера алдырттық. Бүгінде миллионнан астам қаржы қалды. Оған электронды платформа алдыруды жоспарлаудамыз. Бұған дейін «BilimBook» ортасын екі кабинетке жасақтадық. Осында білімін жетілдіріп жүрген ұстаздар мен жаңалыққа құмар жастар бұл жаңашылдықтың игілігін көріп жүр деп сенімді түрде айта аламын.
– Мектептің технологиялық мүмкіндігін арттыру – құптарлық іс. Дегенмен мұны балалар қаншалықты тиімді пайдалануда? Қашықтан оқыту кезінде балаларға құрылғы жетіспеушілігі орын алды ма?
– Әлгінде сөз болған қаржыны жеңіп алмай тұрып та мұнда екі биология, физика, химия, үш лингафон кабинеті болған. Мұнымен бірге робототехника, IT, 3D мен жұмыс істеуге арналған бөлмелер жасақталған. Олар әр блогта орналасқаны қолайсыздық тудырып, басшылықпен ақылдаса отырып ақпараттандыру орталығын аштық. Қазір бұған қызыққан оқушы барлық үйірмені бір блоктан таба алады. Бүгінде мұндай үйірме саны 4-ке жетті. Карантин кезінде оқушылардың білім деңгейін қалыпты сақтай алуымызға осы мүмкіндіктердің көмегі тигені анық.
Нақты нәтижеге келер болсақ, 2020 жылы коронавирус инфекциясы өршіген тұста ұстаздар онлайн білім беруді ұтымды ұйымдастыра білді. Сол тұста республикада осыған байланысты конкурс өтіп жатты. Осы бағыттағы жұмыстарымызды жинақтап, сайысқа қатыстып, елдегі үздік онлайн мектептер көшін бастадық. Сайыста жүйені түгелдей онлайнға ауыстыру жағы сынға түсті. Ұжым еңбегінің нәтижесі десем қателеспеймін, тағы бір «BilimBook» платформасын жеңіп алдық.
Білім ордасында 300-ге жуық әлеуметтік жағдайы төмен бала бар. Басшылықтан тиісті қажеттіліктер қарастырылмай тұрып, тамыз айында мектептегі компьютерлерді таратып бердік. Бірақ мәселе мұнымен шешілген жоқ. Көп үй ғаламтор желісіне қосылмағандықтан демеуші іздедік. Бізде қамқоршылық кеңес бар-тын. Төрағасы Сақытжан Бисембаев бастаған демеушілер 500 мың теңгеге жуық көмек берді. Бұл қаржыға роутер-модемдер сатып алып, қызметкерлеріміз қолы жетпей отырған отбасыларға барып, орнатып берді. Осылайша онлайн білім берудегі қиындықты еңсере алдық.
– Сәл ертеректе лицейді көпшілік «Алтындар ұстаханасы» деп атайтын. Қазір бұл атақтан айырылып қалған жоқсыздар ма?
– Бұрындары бір сыныптан 21 «Алтын белгі» бітіріп шыққан кездер болды. Біз соны қайталауға жұмыс жасап келеміз. Мәселен, өткен жылы 15 «Алтын белгі» мектеп бітірсе, биыл осындай 18 баланы түлетеміз деген жоспарымыз бар. Одан бөлек осы оқу жылында 13 үздік аттестат иегері анықталып отыр. Бұл жаман көрсеткіш емес.
– Ұлттық бірыңғай тесттің жылда осында өтуі әдетке айналды. Тест тапсыру ережесінде өзгешелік бар ма? Оған қатысқысы келетіндерге бұрынғыдай үгіт-насихат жүргізіле ме?
– Қазалалықтар әлеуметтік желіден шет-жағасын білетін болар, ҰБТ онлайн форматқа көшті. Енді ешкім қағаз бояп отырмайды. Барлығы компьютер арқылы, камераның бақылауында білімін тексереді. Ол үшін арнайы 4 аудитория жабдықталып, бөлімге басшы тағайындалады. Онда ақылы негізде оқуға түсуге ниетті талапкерлер жаздағы қорытынды тестке дейін екі мәрте тапсыруға болатынын біле жүргендері дұрыс. Соның нәтижесімен грант негізінде білім алуға да бағын сынап көрсе болады.
Талапкерді тестке қатыспауға үгіттемейміз. Керісінше, осында басшы болып келгелі балаларды ерте бастан сынаққа дайын болуға үндеп келемін. Өйткені бұл – он бір жыл бойы алған білімнің нәтижесі көрінетін сәт. Ұстаздар қауымы болып, талабы бар баланың білімін барынша жетілдіруге тырысамыз. Түске дейін сабағында болса, түстен кейін қосымша оқытулар қарастырдық. Бірақ көп жағдайда балалар өздері қалаған репетиторға барып оқиды. Бұған шектеу қоя алмаймыз.
– Уақыт бөліп, сүбелі әңгіме өрбіткеніңіз үшін рақмет!

Әңгімелескен
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
13 наурыз 2021 ж. 829 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031