Мұғалім мәртебесін көтеру маңызды
«Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген қанатты сөз бар. Соңғы жылдары елімізде осынау ұлы мамандықты таңдаған жандардың қатары артып келеді. Мезгілінде текті туғандар төрге шығаратын ұстаздардың қоғамдағы орны төмендеп кеткен жоқ па? Олардың құқықтарын қорғап, қолдауға қаншалықты қамқорлықтар көрсетіліп жатыр? Мұғалімдердің ел арасындағы беделін арттыру үшін қандай шаралар жасалынуы қажет? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде Қазалы аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбілқасым Романмен әңгімелескен едік.
– Әбілқасым мырза, қазіргі таңда сіз басшылық жасайтын аудандық кәсіподақ комитеті қандай қызметтер атқарып келеді? Әңгімеміздің ауанын содан бастасақ.
– Қазалы аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті бүгінгі таңда мұғалімдердің заңды өкілі ретінде, бірінші кезекте жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы келісім шарттың орындалуын басты назарда ұстап отырған бірден бір қоғамдық ұйым. Мемлекет тарапынан мұғалімдерге көрсетіліп жатқан түрлі деңгейдегі жеңілдіктер мен көмектерге тиісті адамдардың қол жеткізуін қадағалаушы да біздерміз. Сонымен қатар, жаз мезгілдерінде кезекті еңбек демалысына шыққан сала қызметкерлерінің шипажайларда ем алуына, олардың балаларының тынығу лагерлеріндегі демалыстарын ұйымдастырып, жағдай жасап келеміз.
Өзіңіз білетіндей жыл көлеміндегі атаулы күндер қарсаңында сала қызметкерлерінің еңбегін ерекшелеп, оларға қолдау жұмыстарын жүргізетін де осы кәсіподақ ұйымы болып табылады. Білім жүйесі үнемі ізденіс пен ыждағаттықты керек етеді. Сондықтан, мұғалімдердің шығармашылық білім деңгейлерін сараптау мақсатында кәсіби сайыстар көптеп ұйымдастырылады. Осы тұста да кәсіподақ ұйымы білім бөлімі басшылығымен бірлесе отырып, сайыс жеңімпаздарын марапаттауда, олардың озық іс-тәжірибесін таратуда белсенділік танытады. Ал ұстаздарымыздың мерекелік тойлары, оларға қайырымдылық көмектер көрсету ұйымның күн тәртібіндегі жұмыстары саналады.
– Сіздердің бастамаларыңызбен өткен жылдан бастап өнерлі мұғалімдер «Туған жерге тағзым» акциясын бастады. Бұл алдағы уақытта жалғасын таба ма?
– Аудандық кәсіподақ комитеті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында басымдық берілген туған елге қызмет ету қағидасын халыққа насихаттау мақсатымен сала қызметкерлері арасында ұстаздық пен өнерді қатар ұстап, ел мәдениетіне өз деңгейінде үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздарымыздың «Елге тағзым» тақырыбымен туған ауылдарында концерттік бағдарламаларын өткіздік.
Атап айтар болсақ, Анар Әділова, Құралай Асаубаевалар туған жеріндегі Қожабақы ауылдық мәдениет үйінде өнерлерін көрсетті. Ел-жұрты ыстық ықыластарын білдіріп, жылы қабылдады. Онан кейін, Қазалы қалалық мәдениет үйінде ұстаздар Ғалия Нұрсейітова, Толғанай Жетеулиева, Берік Әбиевтердің ән-кештері өткізіліп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Бұл кештерді ұйымдастыруға да мұрындық болған аудандық кәсіподақ ұйымы. Жақсы істер әрине, жалғасын табады. Биылғы ақпан айында ұлағатты ұстаздарымыз бірнеше дүркін өнер фестивальдарының лауреаттары Бақыткүл Темірова мен Индира Ағыбаевалардың ән кеші туған жерлері Басықара ауылында қойылып, ел назарына ұсынылды. Ауыл тұрғындары мен ауыл әкімі алғыстарын білдірді.
– Бұрын мұғалім болу мәртебе еді. Бүгінде қоғамдағы ұстаздардың рөлі төмендеп кеткен жоқ па? Сіз қалай ойлайсыз?
– Сұрағыңыз қоғамдағы әрбір адамның көкейін мазалап жүрген жағдай деп білемін. Қазіргі кездегі мұғалім мәртебесінің төмен түсіп кеткенін мен жасырғанмен, барлығы елдің назарында. Бұл ретте бір-бірімізден кінә іздегеннен гөрі одан арылатын жол іздеген дұрыс шығар. Кешегі егемендік алып бір қоғамдық жүйеден, екінші формацияға өткен тұстарда жұмыссыз қалған халықтың «тығылар» жері мектеп болып қалғаны белгілі. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қолдау тапқан ұстаз мәртебесі орнына келіп жатыр дегенді сеніммен айта аламын.
– Өресі жетсін, жетпесін екінің бірінің қолында мұғалімдік диплом бар. Бұл ненің әсерінен? Ұстаздық сонда жеңіл-желпі мамандық болғаны ма?
– Ойшылдардың айтуынша, адам баласы екі нәрседен қателеспеуі керек екен. Біріншісі – өмірлік жар таңдау болса, екіншісі – қалаған мамандығыңды табудан. Ал сіз айтып отырған қолында мұғалімдік дипломы бар екінің бірі – ойшыл даналары¬мыз айтқандай мамандық таңдауда қателескендер шығар. Кәсіби біліктілігі төмен, өресі жетпейтін ма-манды өмірдің өзі ортадан ысырып тастайтындығы анық. Ал мұғалімдік қоғамда ең қадірлі мамандық екенін мен айтпасам да айқын дүние. Оның жеңіл-желпі болуы мүмкін емес. Ушинский: «Мұғалім – адам өмірінің инженері» деп бекер айтпаса керек. Бала тәрбиесін төл бесіктен бастаған халқымыз үшін ұстаздан ұлық есім жоқ.
– Ұстаздардың қоғамдағы абыройын арттыру үшін қандай шаралар атқарылуы тиіс?
– Ұстаз абыройын арттыру халықтың жұмыла атқарар жұмысы дер едім. Әрбір отбасындағы ата- ана дүниеге әкелген сәбиіне ұстаз туралы ұлықты ойлар айту арқылы сәби санасына сіңіре отырып, тәрбиелесе – ұстаз мәртебесі аспандар еді. Ал, мемлекет бүгінгі таңда білімге, оның ішінде оқу ордасындағы мұғалім мәртебесін көтеруге байланысты жұмыстарды бастап кетті.
– Ата-аналар қауымы көп жағдайда балаларының бұзақылығы мен тентектігін білім ордасына жаба салуға даяр тұрады. Бұл қаншалықты дұрыс? Адамның өсіп-жетілуінің бәрі тікелей мектепке қатысты ма?
– Орынды сұрадыңыз. Мен де мектепте мұғалім, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Сол жылдарға сәл шегініс жасайтын болсам, мектептің қарапайым мұғалімі күндіз сабақ берсе, түнде кезекшілікті атқарады. Мақсат түн мезгілінде мектеп оқушыларының бейберекет жүрмеуі, бұзақылық жасамауы сияқты жұмыстардың алдын алу.
Осы тұрғыда «Мұғалім қай уақытта демалады?» деген заңды сұрақ туындайды. Егер бала бұзақылық жасаса, ішкі істер бөлімі мектепке немесе сол баланың мұғаліміне хабарласады. Ал ата-анасы үйінде демалып жатады. Бұзақылығы үшін шара мұғаліміне көрсетіледі. Мектеп кінәлі болып шығады. Осындай мысалдарды екшей отырып, ақылға сыймайтын жазаны мұғалім алады. Ең қате жаза дер едім. Сабақ мерзімі кезінде жасалған қателіктерге мұғалім жауапты, ал түн мезгіліндегі тәрбиеге ата-ана неге жауап бермейді. Баланың жасаған барлық бұзақылығын мектептен көре салу, мұғалімге жаба салу қате пікір. Бұл тұрғыда ата- аналардың да жауапкершілігін ояту керек.
– Аудандық кәсіподақ комитетінің алда тұрған қандай нақты жоспарлары бар?
– Аудандық кәсіподақ комитеті алдағы уақытта да өз ісін, ұстаздар қауымымен байланыстыра отыра атқарады. Ардагер ұстаздарымызға құрмет көрсету, иықтас ұстаздардың саладағы шығармашылық жетістіктеріне колдау жасау, әлеуметтік әріптестіктерге қол жеткізу – біздің басты мақсатымыз саналады
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Есет ТАБЫНБАЕВ