Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адамдар арасындағы бақталастық адамгершілікті ұмыттырып жібереді

Адамдар арасындағы бақталастық адамгершілікті ұмыттырып жібереді

Бейсенбіде Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында қазақ
эстрадасында өзіндік орны бар, сезімге толы лирикалық әндерімен тыңдарман жүрегіне жол тауып жүрген әнші Сержанәлі Әлібектің шығармашылық кеші өтті.
Бүгінде әнші Сержанәлінің репертуарындағы «Моншақтым», «Сағынтпа мені», «Көрмесем болмас», «Ана», «Ең сұлу ана», «Мен сені жақсы көрем», «Кім едің» секілді әндер тыңдарман қауымға етене таныс.
Біз Қазалы жеріне ән-сапармен келген Сержанәлі Әлібекпен жолығып, бірнеше сауалдар қойған едік.
– Сержанәлі мырза, Қазалы жеріне қош келдіңіз!
– Рахмет, қош көрдік. Жаңа 2018 жылдың шығармашылық кешін Арал ауданының Қызылжар деген ауылында концерт беруден бастадық. Халық өте жақсы қарсы алды. Қызылжар – талай ақын-жыршы, әнші дүниеге келген киелі топырақ. Ол ауылдың тұрғындары ән-жыр десе, әркез делебесі қозып, шабыттанады. Құрмет-қошеметтеріне ризамын. Елдің батасын алдық.
Қазалы да киелі өнерді қадір тұтқан мекен. Концертке келген халықтың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Ыстық-ықыластары сезіледі. Аға-апаларымызбен, кішкентай іні-қарындастарымызбен билеп те алдық.
Құдай қаласа, ертең Арал ауданында, одан кейін Қазалы ауданының ауылдарында ән кешіміз жалғасады.
– Жалпы, өнер жолына қалай келдіңіз?
– Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының Абай елді мекенінде көп балалы отбасында дүниеге келдім. Сол ауылдағы мектепте білім алдым. Оқушы кезімнен бастап мектепте өтетін түрлі іс-шаралар мен концерттерде өлең айттым. Бертін келе, өнер ордасы Алматыға келіп, ән жаздырдым. Осылайша өнердегі жолым басталды.
– Сіз тыңдарманға лирикалық әндер айтатын әнші ретінде таныссыз...
– Иә, мен лирикалық әндерді жиі орындаймын. Табиғатыма да, дауысыма да жақыны – баяу әндер. Байсалдымын, алып-ұшып билей де алмаймын. Содан болар репертурымда сезімге толы әндер көбірек. Бұл жеңіл ырғақты әндерді мүлдем орындамаймын дегенді білдірмейді.
– Қазір жасыратыны жоқ. Көп әншілердің табыс көзі – той әндері. Сіздің де алдағы уақытта осындай әндер жаздыру ойыңызда бар ма?
– Тойда орындалатын ән жаздыру ойда бар. Мен негізі әндерді мынау сахнаның, мынау тойдың әні деп бөлмеймін. Халық өзі бөліп, таңдап алады. Мәселен, жеңіл ырғақты, билеуге ыңғайлы ән болса, тойда орындай бересіз. Сөзіңіздің жаны бар, табыстың көзі – тойда. Сол себепті шығар, әншілер той әндерін де жазып қоятыны.
– Ал, сіз өзге әріптестеріңіз секілді ән арқылы ақша тапқыңыз келмей ме?
– Әншіге ән жаздыру, бейнебаян түсіру, әдемі киім тіктіру үшін ақша керек. Сол үшін тойдан табыс тапқанның әбестігі жоқ. Қазір кішігірім кәсібіміз бар. Дегенмен, ол жетпей қалып жатады. Сондықтан, жұртшылық тойына шақырса барып тұрамын.
– Ән кешіңізде араб тілінде де әндер орындадыңыз...
– Мен Стамбулда Қожа Ахмет Ясауи медресесінде оқыдым. Мамандығым дінтанушы. Студенттік кездерде діни тақырыптағы әндерді көп орындадым. Қазірде діни тұрғыдағы әндерді орындаймын.
– Мамандығыңыз бойынша жұмыс істедіңіз бе?
– Иә, жұмыс істедім. Студенттерге сабақ бердім. Бірақ әншілік жолды таңдадым.
–Халық арасында сахна мәдениетіне қатысты заң шықса немесе арнайы ережелер бекітілсе деген пікір бар. Бұған Сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Жақында сахнда бір келеңсіз жағдай болғаны рас. Бірақ, ол он жылда бір болатын дүние шығар. Уақыттың еншісіндегі нәрсе. Рас, сахна – киелі дүние. Оның өз әдебі, мәдениеті, сөйлеу тілі бар. Жастарымыз заманға сай киініп, ән салады. Қазір белгілі ереже, заң жоқ болғандықтан қалай киініуі, қандай ән таңдайтыны әркімнің өз еркіндегі жағдай болып тұр.
Айта кетер жайт, сахнадағы әншімен қатар тыңдарман да мәдениеттілік танытса, нұр үстіне нұр болар еді. Жасыратыны жоқ, көп жерлерде болып, концерт қойып жүрміз. Көрермендер арасында да ішімдік ішіп келіп, әдепсіздік танытатын жандар болады. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді. Қай іске де екі жақты көзқараспен қараған орынды.
– Бір сұхбатыңызда «Қазіргі кезде мені қатты ойландыратын мәселе – адамдар арасындағы бауырмалдық, мейірімділік, адамгершілік қасиеттердің азайып бара жатқандығы» деген екенсіз. Қалай ойлайсыз, кейбір адамдардың бойынан адамгершілік қасиеттің жоғалып бара жатқандығы неге байланысты?
– Қазір бәрі асығыс, қу тіршілік. Сосын барлық нәрсе көп. Адам да, мамандық та, әнші де, басқа да. Жан-жағыңның бәрі жанталасып жатқан жандар. Осындайдан бақталастық туындайды. Ал адамдар арасындағы бақталастық, көреалмаушылық адамгершілікті ұмыттырып жібереді.
– Әлеуметтік желіні жиі қолданасыз ба?
– Жиі дей алмаймын. Инстаграмда бармын. «Ватсап» желісінің күнделікті өмірде қажеттілігі мол. Ал, фейсбукте ештеңе де жазбаймын.
– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз...
– Арман-мақсаттарым аз емес. Жаңа әндер жаздыру, бейнебаян түсіру дегендей. Қазір бейнбаян болмаса жақсы әндердің өзі танылмай қалып жатады. Өткен жылдың аяғына таяу «Ең сұлу ана» әніне бейнебаян түсірдім. Қазір бейнебаяндарымның саны тоғызға жетіпті.
Келесі гастрольдік сапарымды Ақбота Кеірмбековамен бірге бастайтын ниетім бар. Ал, наурыз айында Мақсат Базарбаевпен бірге Моңғолияда ән кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір «Концертке барғанша, «YouTube» каналынан көре саламын» дейтін тыңдармандар да кездеседі. Бірақ, концерт залында отырып, ән тыңдағанға жетпейді, оның әсері ерекше болады.
– Иә, сонымен бірге, күні-бойы әншілердің бейнебаянын беретін «Гәкку», «Той думан», «Жұлдыз ТВ» арналары бар
– Иә, өзіңіз айтпақшы, бұл арналарда той әндерін жиі береді. «Гәккуді» мүлде көрмеймін. «Гәкку» деп атын сәтті қойғанымен, нағыз өнерге жаны ашитын жандардың әндерін немесе жүректі тербейтін ұлттық бояуы бар әндерді эфирге шығармайды. Оларға тек кіндігін, омырауын ашқандар, құлағына сырға таққан жігітсымақ әншілер болса болды. Дегенмен, «Той думан», «Жұлдыз ТВ» арналарынан бейнебаядарым беріліп тұрады.
– «Қазалы» газетінің оқырмандарына айтар тілегіңіз?
– Сіздерге рахмет. Оқырман ой түйетін, өнегелі, мағыналы, тәрбиелі мақалаларыңыз көп болсын. Шығармашылық табыс тілеймін.
– Сұхбат бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Шығармашылығыңыз шыңдала берсін!
Сұхбаттасқан:
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.
17 ақпан 2018 ж. 1 633 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 135

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930