Әншіге баға беретін қазылар емес, халық!
«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, қазіргі таңда заман ағымына сай түрлі ән дүниеге келіп, талай сахнада орындалып жатқаны белгілі. Ал, соның ішінде сазы сезіміңді тербейтін, жыры жүрегіңнің жарасын емдейтін керемет әндерді тыңдағанда ерекше күйге бөленетінің рас. Сондай тамаша әндерді жарыққа шығарып, жалғыз Қазалы ауданын емес, тұтас Сыр өңірін сырлы сазымен тербеп жүрген сазгерлердің бірі – аудандық мәдениет орталығының директоры Кемеңгер Өтепов десек жарасымды. Оның «Гүл сыйлаңдар әйелге!», «Сыр қызы», «Отан», «Тәуелсіз қазақ елі» секілді әндері Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының репертуарынан орын алған.
– Кемеңгер Байназарұлы, осынау киелі де қиын өнер жолына қалай келдіңіз?
– Жалпы, өнер жолының қиын жол екендігі рас. Бірақ, біздің әулетіміз өнерлі отбасы. Оны ел-халық жақсы біледі. Әкем халық ақыны Байназар Өтеповпен үзеңгілес болып, үйімізге үнемі өнер иелері, талантты жандар жиі келетін. Солардың өнерін, жақсы қасиеттерін үйреніп, бойымызға сіңіруге тырысатынбыз. Тағы бір айта кетер жайт, менің өнерге келуіме түрткі болған үлкен ағам Досбол Байназардың да үлесі көп. Шаңырағымызда ең бірінші музыка аспабында ойнаған сол кісі. Содан кейін барып, інілерінің бәрі үлкен ағамызға еліктеп, музыка аспабына үйір болдық. Мектеп бітіргеннен кейін осы мәдениет саласына түсудің реті келді. Әлі есімде, ең бірінші Қожабақы ауылдық мәдениет үйінде «Баянист» деген штатпен қызмет істедім.
– Киелі өнер атаның қанымен, ананың сүтімен даритыны шындық. Сіздің отбасыңызда өзіңіздің ізіңізді қуған ұл- қызыңыз бар ма?
– Менің үлкен екі ұлым да өнерлі. Бірақ басқа бағытты таңдады. Біреуі – геолог, екіншісі – ме¬дицина саласында. Қызым бала кезінде көптеген ән байқауларынан жүлдегер атанды. Енді, екі кішкентай балам бар. Бұлар да ес білгелі музыка, өнер десе, құлақтары елеңдеп отырады. Алдағы уақытта солар өнер жолына түседі деген ойдамын.
– Орындалып жүрген әндеріңіздің көбісі махаббат туралы. Мұның сыры неде? Жалпы, сезімге жиі ерік бересіз бе, әлде бұл тақырыпта тапсырыс көп пе?
– Тапсырысқа тек марқұм Абдолла Сапардың сөзіне жазылған, қазір №249 мектеп-лицейдің гимініне айналған «Лицей маршы» деген әнді ғана жазғанмын. Ал, махаббат туралы әндерді тапсырысқа алып көрген емеспін. Оның басым бөлігі менің жастық шағымда жазылған. Жастықтың албырттығына тән деп айтсақ қателеспейміз. Жалпы, өзім көп ғашық болатын жандардың қатарына жатпаймын деп ойлаймын.
– Лирикалық әндер адамды сезімталдыққа үйретеді. Соның салдары ма екен, көптеген жастардың рухы да әлсіз болып келетін секілді. Қазақ қоғамындағы жас буынның бойындағы отансүйгіштік қасиетті арттыратын патриоттық әндер азайып кеткен жоқ па?
– Бізде патриоттық әндер азайып кеткен жоқ. Жазылып жатқан әндер бар. Солар тек керекті, арнаулы күндері, мерекелік жерлерде ғана орындалады да, ал лирикалық әндерді көп жерлерде, кештер мен жиындарда, той-томалақтарда орындатамыз. Ол да қажет. Бірақ, «мынау патриоттық ән ғой концертке жарамайды» деген сөз болмауы тиіс. Патриоттық әндер бар. Тек орындалуы аз болып жүрген секілді. Халықтың да эстрадалық әндерге сұранысы өте жоғары болып тұр. Қай кезде де талғамға талас жоқ екені рас.
– Қазіргі таңда шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? Әндеріңіз кімдердің репертуарында орындалып жүр?
– Шығармашылығымның тоқталыңқырап тұрғанына 2-3 жылдай болып қалды. Ойда жүрген көп ән, жаңа жоспар бар. Айтылмай жүрген музыкалық жанрда жұмыс істегім келіп жүр. Осы екі-үш жылдық тоқтау ән жазуды қойып кеттім дегенім емес. Кейде әнді ысырып қойып демалғың келеді. Сол уақыттары шығармашылық адамда тың ойлар, бір өзгерістер болады. Жаңаша дүниелер келеді ме деген ой күтесің.
Ал енді, «әндеріңіз кімдердің орындауында шырқалып жүр?» деген сұраққа тоқталсақ. Менің ең бірінші көпшілікке танылған әнімнің бірі «Гүл сыйлаңдар әйелге!» әні. Оны ақтөбелік Есет Садуақасов деген жігіт орындап жүр. Өнердің отаны Алматы болған соң қазір сонда тұрып жатыр. Одан кейін өзіміздің жерлесіміз Өмірқұл Айниязов «Сыр қызы» деген әнімді айтып жүр. Астанада «Тенор» деген топ «Сағыныш құмарым- ай», «Ерке қыз» деген әнімді орындайды. Сонымен қатар, облыстарда, аудандарда әндерімді шырқап жүрген өнерпаздар бар.
– Өзіңіз ән шығарумен қатар орындаушылығыңызбен де танымалсыз. Кейінгі буын әншілерге көңіліңіз толады ма?
– Енді сауатты түрде осы бағытта оқып келген талантты жастар көп деп айтсақ болады. Мысалы, менің өзімнің көңілім толатын Мадияр Жеткербай деген лақалылық жігіт бар. Рахымжан Мақсатбаев деген талантты әншіні де осы ретке кіргізуге болады. Аудандық әуез мектебінде Гүлдана деген қарындасым да жақсы әнші. Сондай-ақ, Мөлдір Малдыбаева, Әлібек Айдар секілді жақсы әншілерге көңілім толады.
– Соңғы уақыттары тыңдарман тарту үшін, өзіне елдің назарын аудару үшін сүйкімсіз сазға үйір боп жүргендер бар. Осы жеңіл-желпі ән көбейіп кеткен жоқ па?
– Әр әннің өзінің тыңдайтын ортасы бар. Ешкімге «сен ананы тыңда, мынаны тыңдама» деп шек қоя алмайсың. Барлығы қолынан келгенше жасайды. Халық өзі қандай ән керек екенін таңдап алады. Жеңіл тыңдалатын, сөзі де бірден жатталып қалатын әндерден әлі дұрыс бет бұра алмай жатқан секілді. Бұрын көп жерлерде той-томалақтарда айтылатын әндер жақсы тыңдалатын еді. Қазір классикалық бағыттағы әндерге де жұртшылықтың ықыласы артып келеді. Келешекте әр ән өз орнын табады деп ойлаймын.
– Әннің бағын ашатын ақын ба, әлде сазгер ме?
– Негізі, ән мен сөз әдемі жарасым тауып тұруы қажет. Сол екеуі керемет үйлесіп тұрғанда әнші соны халыққа жеткізе білуі керек. Сонда ғана әннің бағы ашылады. Бұған бір жақты қарауға болмайды. Ақынның да рөлі, композитордың да орны үлкен деп айтар едім. Қалғаны әншінің шеберлігіне байланысты.
– Әнші демекші, кей әншілердің бойына қандай қасиеттер жетіспейді деп ойлайсыз?
– Көп әншілердің бойында «өзім білем» деушілік көп. «Тәкаппарды Тәңірім сүймес» деген бар. Кейбір әншілерде өркөкіректік басым. Сені әнші қылып көтеретін де халық, саған қол соғатын, қошеметтейтін да көрермен. Егер сахнада тұрып, халықтың бір қошеметін алмасаң, онда кімге керексің?! Сондықтан халықтан биік емес екенін ұмытпағаны ләзім. Саған баға беретін сол жерде отырған екі-үш қазылар емес, тыңдарман.
– «Туған ауыл» дегенде көз алдыңызға алдымен не келеді? Жалпы, ауылға жиі барып тұрасыз ба?
– Иә, ауылға жиі барып тұрамын. Кіндік қаным тамған Қожабақы ауылы кент орталығынан қашық та емес. Қырық шақырымдай жер деуге болады. Аптасына бір рет барамын десем артық айтқандық емес. Ауылда жиі болғанды жақсы көремін. Ауыл дегенде ең бірінші өзіңнің балалық шағың, сыныптастарың есіңе оралады. Ауылдың әрбір төбесі көз алдымда.
– Мәдениет саласына біршама уақыттан бері басшылық жасап келесіз. Өнер адамдарына жетекшілік жасау қиын ба?
– Өнер адамдарына басшылық жасау әрине қиын. Барлығының да өнерден өз орны бар. Біздегі жұмыстар да уақытылы емес. Кейде түнде жүріп қаласың. Біреу шаршайды, кейде суық күндері ауырып қалып жатады. Олардың біреуіне «сен жақсысың» деп еркелетіп отыру керек. Өйткені, алда концертің тұрады, оған шығуы керек. Өнерпаздарды «сен күшті емессің бе!» деп қайрап отыру қажет. Өнер адамдары шамалы мақтағанды, қолпаштағанды жақсы көреді. Сөйтіп отырып жұмыс істемесең, олармен қызмет істеу оңай емес. Өзім өнердің ұшқыны бар жандармен жұмыс істеу оңай деп айтпаймын.
– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан:
Есет ТАБЫНБАЕВ