Жарқын іс жалғасады
Жыл жылдың жүгі басқа. Қазіргі таңда әр сала өз жұмыстарын қорытындылап, алдағы міндеттерді белгілеуде. Біз осы ретте аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жаппарберген Жалғасбаймен сыр-сұхбат құрудың орайын келтірдік.
– Жаппарберген Жақсығұлұлы, жаңа 2020 жыл құтты болсын! Өткен жыл сіз үшін қандай жақсылығымен есте қалды?
– Рахмет, 2019 жылды бүкіл жұртшылық арасында табысты, жайлы өтті деп санаймын. Ең алдымен тәуелсіз еліміз өсіп-өркендеп, әлеуметтік экономикалық жағдайы жақсарған кезең десем қателеспеген болар едім. Оның айқын айғағы өз ауданымыздағы қол жеткізілген жақсы жетістіктерден де аңғарылады.
Басты жаңалық – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өз еркімен Президенттік өкілеттігін тоқтатып, ел басқару тізгінін Сенат төрағасы Қ.К.Тоқаевқа бергендігі. Сол себептен 2019 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткізіліп, сайлаушылардың көпшілік дауысын иемдену арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел Президенті болып сайланды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес 2019 жылдан бастап, аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде жұмысымды кәсіби негізде бастағандықтан ауданда Президент сайлауын дайындау және өткізу барысындағы барлық жұмыстарды сайлау комиссиялары мүшелерімен ынтымақтаса атқаруға тура келді.
Тағы бір қуанышты жағдай, халық сенімінің арқасында аудандық мәслихаттың сессиясында халық қалаулыларының қолдауымен маған Қазалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
– Жақында Өзбекстандағы сайлауға халықаралық байқаушы ретінде қатысқаныңызды естідік, осы жөнінде айтып өтсеңіз...
– Иә, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының «2019 жылғы 22 желтоқсандағы Өзбекстан Республикасы Мәжіліс Олий заң шығарушылық палатасы депутаттарының сайлауына Қазақстан Республикасынан жіберілетін байқаушылардың тізімін бекіту туралы» 2019 жылғы 6 желтоқсандағы №53/292 қаулысына сәйкес, Өзбекстан Республикасында өткен Мәжіліс Олий заң шығарушылық палатасы депутаттарының және жергілікті кенгаштардың (кеңестердің) депутаттарын сайлауына халықаралық байқаушы ретінде қатыстым.
Біздің облыстан менімен бірге Қармақшы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Құлдүйсенов болды.
2019 жылғы 20 желтоқсанда Ташкент қаласында ТМД елдері байқаушыларының миссиясы штабында болып, аккредитациядан өтіп, Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы М.Абдусаламов бекіткен мандатты, тиісті құжаттарымызды алдық. Сол күні «Интерконтиненталь» Қонақ үйінің конференс залындағы халықаралық конференцияға қатыстық.
Сайлау күні – 22 желтоқсанда өзімізге берілген тапсырмаларға сәйкес, таңертеңгі сағат 7:45-те халықаралық байқаушылық жұмысымызға кірісіп, Ташкент қаласындағы №825 сайлау учаскесінде, сағат 8:00-де сайлау учаскесінің ашылуына қатысып, дауыс беру процедураларын көрдік. Барлық 14 сайлау учаскесінде, 2 аудандық округтік сайлау комиссияларындағы сайлаудың өту барысын қадағаладық.
Сол күні сағат 20:00-де №818 сайлау учаскесінің жабылуында, дауыстарды санау процесін бақыладық.
Байқаушылар жұмысын үйлестіру схемасына сәйкес сайлаудың өту барысы туралы белгіленген мерзімде ҚР Орталық сайлау комиссиясына, ТМД елдері байқаушылары миссиясы штабына хабарлап отырдық.
– Бұл елдің сайлау заңдылықтарында бізге қарағанда қандай ерекшеліктер бар екен?
– Әр елдің өз сайлау заңдылығы бар. Біз «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы шеңберінде жұмыс жүргіземіз. Бұл елде 2019 жылғы маусым айында қабылданған «Өзбекстан Республикасындағы сайлау туралы Кодексті» басшылыққа алынады.
Халықаралық байқаушы ретінде сайлау процесін бақылауда «Өзбекстан Республикасындағы сайлау туралы Кодексі», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы және белгіленген сайлау жөніндегі халықаралық нормалардың сақталуын басшылыққа алдық.
Өзбекстанда заң шығарушылық палатасы 150 депутаттан тұрады. Депутаттыққа кандидаттарды тек қана саяси партиялар ұсына алады. Биылғы сайлауда өз кандидаттарын Өзбекстанда тіркелген 5 саяси партия ұсынды. Сондай-ақ олар облыстық, қалалық және аудандық халық депутаттары кенгашына (кеңесіне) депутаттыққа кандидаттарын да ұсынған.
Сайлау барысында сайлау комиссиялары тарапынан жіберілген кемшіліктер, көршілес елдегі сайлау өткізудегі жағымды жаңалықтар жөнінде ҚР Орталық сайлау комиссиясына берген қорытынды есебімізде көрсеттік.
– Сөз соңында аудандық сайлау комиссиясының 2019 жылғы атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталсаңыз...
– Жоғарыда айтқанымдай аудандық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияларымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын Конституциялық талаптарына сәйкес абыроймен өткізді. Одан бөлек жыл ішінде өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған 8 жергілікті әкімдердің сайлауын дайындап өткіздік. Сайлау комиссияларының құрамын жасақтау, сайлау учаскелерінің шекараларын нақтылап отыру, сайлаушылар тізімін өзектендіру жұмыстары біздің күнделікті бақылауымызда.
2020 жылдың қаңтар айында аудандағы 39 сайлау комиссияларының 263 мүшесін сайлау заңдылықтарындағы өзгерістерге байланысты оқыту-үйрету семинар-кеңестерін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ел мүддесі жолындағы үлгілі жұмысымыз болашақта да жалғасын табады.
– Сұхбатыңызға көп рахмет, жаңа жылдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен
Сахи ҚАПАР