Ауызбіршіліктің арқасында ауыртпалық артта қалды
«Қазалы су торабы» өндірістік учаскесі бүгіндері көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген гидротехнигі Әбубәкір Тыныбаев есімімен аталады. Жуырда осы өндірістік учаске бастығы Болатбек Әсербаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Болатбек Айниетұлы, «Қазалы су торабы» тоспасы қалай салынды?
– Бұл тоспаның тарихы терең. Жоба-сметалық құжаттарын «Средазгипроводхлопок» институты жасаған. Көрсеткіштері бойынша 60 мың гектар суармалы егістікті, 450 мың гектар шабындықты суаруға арналған. Негізгі тоспа Сырдария өзенінде ең жоғарғы ағын 1000 т/м, Сол жаға арнасы 100 т/м, Оң жаға арнасы 85 т/м, Ақсай арнасы 30 т/м су өткізуге есептеліп жасалған. Қызылорда қаласындағы «Қызылорда водстрой» тресіне қарасты Қазалыдағы «№16 жылжымалы механикаландырылған колонна» құрылыс-монтаж жұмыстарын атқарды. 1963 жылы Кеңестер Одағының «Екпінді жастар құрылысы» мәртебесіне ие болды. Қазалы су торабы тоспасын салуға Кеңестер Одағы республикаларынан 25 ұлттың өкілі қатысып, аянбай еңбек етті.
1970 жылы сәуір айында күрделі қаржыға құрылыс-монтаж жұмыстары игеріліп, Мемлекеттік комиссия қабылдап, халық игілігіне пайдалануға берілді. Алғашқы жылдары мекемеде су пайдалану, құрылыс жөндеу, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, механикалық, есептеу бөлімдері жұмыс істеді. Қазалы су торабы есебінде Басықара ауылындағы мектеп, балалар бақшасы, фельдшерлік емдеу емханасы, қысқы-жазғы клуб үйі, орталықтағы асхана, 2 дүкен, пошта байланыс үйі, 2 пәтерлік 16 тұрғын үй, 2 қабатты 16 пәтерлік 2 үй сонымен қатар ауылдағы орталықтандырылған бу қазандығы және де 25 орындық монша мекеме теңгерімінде есепте болып жоғарыда аталған мекемелерге және ауылдағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсетілді.
– Білуімізше қайта құру саясаты аталған басқарманы айналып өтпеген...
– Иә, 1987 жылы ССРО-дағы қайта құру саясатына ілінгендердің қатарында «Қазалы су торабы» басқармасы да болды. Осы кезде басқарма тарап, «Қазалы су шаруашылығы» басқармасының құрамына бөлімше болып берілді. Аталған кезеңде «Қазалы су шаруашылығы» мекемесіне Қуаныш Көланов, ал Басықара елді мекеніндегі «Қазалы су торабы» бөлімшесіне Шакрат Сейтекенов басшылық жасады.
1974-1992 жылдар аралығында Қазалы су торабы бөлімшесінің ағымдағы және күрделі құрылыс жөндеу, нысанды пайдалану эксплуатация жұмыстарын «Кызылордаремводстрои» тресіне қарасты Басықара елді мекеніндегі 200-ге тарта жұмысшы және инженер қызметкері бар ЖМК-64 мекемесі атқарды. Барлық құрылыс нысандары уақытылы ел игілігіне берілді. Қазалы ауданы әкімі Жарылқасын Шәріповтің тікелей араласуымен және Қызылорда облыстық су шаруашылығы басқармасы бастығы Әбдіманап Құтжановтың қолдауымен, 1993 жылдың қаңтар айының 12 жұлдызындағы бұйрығымен Басықара елді мекенінде «Қазалы су торабы» мекемесі «Қазалы су шаруашылығы» мекемесі теңгерімінен бөлініп, өз алдына дербес 72 штаттағы жаңадан ұжым болып құрылды. Мекемеге жұмысқа жаңадан адамдар қабылданып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында білек сыбана іске кірісті.
– Мекеме қандай қызмет көрсетті?
– Алғашқы жылдары су пайдалану, құрылыс жөндеу, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, механикалық, есептеу бөлімдері ашылды. Басықара елді мекеніндегі ЖМК-64 мекемесінен өз кәсібінің білгір мамандары осы аталған бөлімдерге басшылыққа шақырылды.
Қазалы су торабы тоспасы Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы судың деңгейін бір қалыпты жағдайға келтіріп, Арал және Қазалы аудандары үшін Оң жаға, Сол жаға, Ақсай су жүйелері магистральды арналарымен ауылшаруашылығы дақылдары егістерін, шабындық жерлерін, қоршаған ортаны экологиялық жақсарту мақсатында кеуіп қалған көлдерді суға толтырып, қос бірдей аудан көлемінде кешенді жұмыстар атқарды.
– Су тоспасының бұдан кейінгі тағдыры қалай өрбіді?
– Елдегі тоқырау жылдары да қиындықтар тап келді. Ауылдағы мектеп, балабақша аудандық білім бөліміне, емдеу емханасы аудандық ауруханаға, қысқы клуб және жазғы кинотеатр нысандары аудандық мәдениет бөліміне, орталықтағы асхана және дүкен үйлері аудандық тұтынушылар кооперациясына, пошта үйі аудандық Казпошта теңгеріміне берілсе, 2 пәтерлік 16 тұрғын және 2 қабатты 16 пәтерлік 2 тұрғын үй жеке тұрғындарға жекешендірілді. Орталықтағы монша сатылды. Аталған нысандарға амортазиялық шығын төлеу мүмкіншілігі болмады. Мекеме есебінде Қазалы су торабы Негізгі тоспасы және Оң жаға арнасының 13 пикеттегі Оң жаға, Басықара, 5Х-1, 5Х-2 топтастырылған гидротехникалық нысандарда ашып-жабу қондырғылары болды. Ағымдағы және күрделі құрылыс жөндеу жұмыстары Су анасы, Пергало, Аркада, Курган-плодородия, Мозайка су торабы тоспасындағы суреттер тасқа ойылып, аталған құрылыстар мекеменің бас жоспары бойынша салынып бітті.
1991 жылдан бастап Қазалы су торабы тоспасында ағымдағы құрылыс жұмыстары жүріп, күрделі құрылыс жөндеу жұмыстары толықтай қаржы жетіспеушілігіне байланысты тоқтады. Мекемеде жұмысшы және инженер қызметкерлеріне айлық тауып беру үлкен мәселеге айналды. Осындай кезеңде мекеме ұжымы өз әлінше тіршілік жасады. Қызметкерлердің бірсыпырасы Алматы, Шымкент, Жамбыл облыстарына қоныс аударды. Дегенмен ауызбіршілікпен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» қиыншылықтарды жеңе білдік.
– Талай кезеңді бастан өткерген су тоспасының бүгінгі тынысы туралы айтсаңыз...
– 1994 жылы Қазалы су торабы мекемесіне басшы болып келдім Ағымдағы және күрделі құрылыс жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Құрылысқа Қазақстан Республикасы Үкіметі Сырдария өзені жағалауын ретке келтіру, Солтүстік Арал теңізі бөлігін сақтап қалу мақсатында Бүкіл Әлемдік Банкінен инвестиция тартып, 574 миллион теңге несие бөлінді. 2004-2006 жылдары Қытай Халық Республикасының «Геоинженерлік коорпорациясы» құрылысты сапалы аяқтап бітірді. Су тоспасындағы негізгі қақпаларға, су жүйелері магистральды арналары сағаларындағы гидротехникалық нысан ғимараттарын темір-бетон плиталармен және құйма темір-бетонмен құрсаулап, суды ашып-жабу қондырғылары қақпаларын, жоғарғы кернеулі электр желілері кабельдері жаңаланып, жолдар асфальтталып су тоспасы төңірегі түгелдей жарықтандырылып, абаттандырылды.
Әйтеке би кентіндегі «Қазалы-Сәулет» ЖШС мекемесі бастығы М.Абатов Қазалы су торабы мекемесінің кеңсе, су реттеушілер, күзетшілер үйлеріне күрделі жөндеу жүргізді. Абай елді мекеніндегі қорғаныс бөгеті 3 шақырымға биіктігі 68,00, Қазалы су торабынан төмен Оң жаға қорғаныс бөгеті 8,3 шақырымға 67,30, Бірлік елді мекеніндегі қорғаныс бөгеті 6,3 шақырымға 66,70, Ортаңғы қорғаныс бөгеті 400 м 69,50, төменгі қорғаныс бөгеті 400 м 70,60, жоғарғы қорғаныс бөгеті ұзындығы – 650 м, биіктігі – 72,60, Масақбай қорғаныс бөгеті ұзындығы – 500 м, биіктігі 72,60 абсолютті белгіге келтіріліп, пайдалануға берілді.
Қазалы ауданы халқын төтенше апатты жағдайлардың алдын алып, топан судан қорғау үшін аталған жұмыстарға мемлекеттен күрделі қаржы бөлініп, толықтай игерілді. Қазалы су торабы өзіне бекітілген аумақтарға жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қорғаныс бөгеттерге қауіпті деген аймақтар ретке келтірілді.
2012 жылдан бастап «Қазалы су торабы» филиалы тарап, жаңадан «Қазалы су торабы» өндірістік учаскесі құрылып, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы қарамағына өтті. Қазіргі таңда өндірістік учаскеде 22 жұмысшы-инженер еңбек етуде.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА