Қазалыдан шыққан тұңғыш министр
Желтоқсан айының 31 жұлдызында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі, Қазалыдан шыққан тұңғыш министр Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевтың туылғанына 90 жыл толды. Туған елге тағзым етудің үздік үлгісіндей болған Әбубәкір ағамыз аудандағы іргелі су тоспасының негізін қалаған жандардың бірі. Осы орайда Басықара ауылындағы ардақты азаматтың атымен аталатын су торабының басшысы Болатбек Айниетұлы Әсербаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Көрнекті қоғам қайраткері Әбубәкір Әлиұлының 90 жылдық мерейтойы өтті. Ардақты ағамыздың тұлғасы мен елге еткен ерен еңбегі турасында ой бөліссеңіз.
– Ең алдымен Әбубәкір Әбиұлы қазіргі мен басқарып отырған мекеменің негізін қалаған азамат. Мұнда 1994 жылдан бері басшылық етемін. Мектеп бітіріп, «Су – тіршілік көзі» дегенді бетке алып оқуға түскен жылдары біз үшін өнегенің өлшемі Әбубәкір ағамыз болатын. Алдағы өмірімізде оған ұқсап, туған жеріміздің, Отанымыздың гүлденуіне еңбек етсек деп армандайтынбыз. Тұлғасы дара абзал ағамыздың адамшылығы мен адалдығы, мәрттігі мен кішіпейілділігі туралы естеліктерден оқып, соған қарай бой түзейтінбіз.
Қазақ халқы Әбубәкір Тыныбаевты ешқашан ұмытпайтынына кәміл сенемін. Неге десеңіз, ол өмір сүрген заманда өзінің даралығын танытып кетті. Еңбек жолын қатардағы инженер-гидротехник қызметінен бастаған Әбубәкір Тыныбаев аудандық, облыстық су шаруашылығы мекемелерін басқарып, “Главриссовхозстрой” мекемесіне қарасты “Қызылордасуқұрылысы” тресінің бастығы, облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Республика Мелиорация және су шаруашылығы министрі, Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыройлы атқарып, Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған қайраткер азамат.
Ағамыздың араласуымен осы нысан салынды. Мұның өзі, ұққан адамға, үлкен еңбектің нәтижесі. Тоспа салынғаннан бері екі ауданның тамырына қан жүгіріп, бүкіл егістіктерді сумен қамтамасыз етіп отыр.
– Қазалыдан шыққан тұңғыш министр ағамыздың адамшылығы, жеке қасиеттері туралы не айтасыз?
– Мемлекет және қоғам қайраткері, Әбекеңнің көзін көрген Мырзатай Жолдасбеков өз естелігінде: «Сол бір жылдары Талдықорған төріндегі үлкен тарихи өлкетану мұражайы күрделі жөндеуге жабылды. Жөндеу аяқтала бере өзімді музей директоры жиі-жиі шақырып, көрмелік жәдігерлерді қалай орналастырса, жарқырап ашыла түсетінін, я болмаса әр бөлімді қай дәуірден бастау керектігін сұрап “желкемде тұратын ауру” тапты.
Жаз басында Кербұлақ ауданының Алтынемел қойнауына орын тепкен Шоқан Уәлиханов мемориалдық кешеніне зергер ұсталар, тас қалаушылар төбе көрсетті. Абайлап қарасақ: ғалым мүрдесінің басына орнатылған мәрмәр кесене құзданып, әр тұсына сызат түсіп, құлауға қалыпты. Үлкен кесенені түгелімен бұзып, қайта салмаса жеңіл-желпі сылап-сыйпаумен іс бітетін емес. Кесенеге ірі сәулеткерлік жоба сызылды. Гүлге қонған бал арасындай мамандар шақырылып, ұсталар жалданды. Бал омартасындай құжынаған қомақты шаруа басталып кетті. Үлкен шаруаның басында аттан түспей үлкен ағамыз жүрді.
Кейінше сұрап байқасам: облыстық мұражайды, Шоқан кесенесін қайта қалпына келтіріп, жауһар жәдігерлерді қайыра орналастыру кезінде жергілікті басшыларға: “Ана Жолдасбековті бас кеңесші қылып алыңдар, кеңес сұраңдар!” – деп нұсқау берген Әбубәкір ағамыз екен. Бұл сырды дүбірлеген шаруаның басы қусырылып қалғанда барып білдім. Кейінірек кездейсоқ ұшырасып қалғанда: “Мырзатай, елге жасаған қызметіңді ешқашан “осыны жасадым” деп бұлдама, бәсіңді арттырма! Жасаған жақсылық ешқашан текке кетпейді, жұрттың көзінде жүреді, көңілінде сақталады” деген сөзі, сірә, жадымнан жуылмайды.
Мен білетін Әбекең ешқашан “мынаны бітірдім!.. осыны тындырдым!..” деп мақтанбайтын. Ешкімнен мәртебе, мадақ дәметпейтін. Бейне, мына жарық дүниеге жұртқа жақсылық жасау үшін, халқының бір жағына шығу үшін келген пайғамбар пішіндес, қарапайым, кеңқолтық, көнбіс, қиындықтан бойын тартпайтын ағамыз еді. Өзінен кейінгі інілеріне қиындықты жеңе білуді, жеңе жүріп шаруа тындыруды үйретті. Еңбектің озаты бола білді» – деп сыр ақтарды.
Меніңше, бұл әңгіме Әубәкір ағамыздың бүкіл болмысын ашып берген. Мен де келешектегі жастар еліне ерен еңбек еткен Әбекеңдей ағамызды ұлықтап, дәріптесе деймін. Осынау тұлғаға еліктесе, еңбегін ұмытпаса жақсының аты өлмегені осы болмақ.
– 1994 жылдан бастап басшылық қызметтемін деп айтып кеттіңіз. Бұл мекемеге Әбубәкір Әлиұлының есімі қай жылы берілді?
– Бұл мекемеге Әбекең ағамыздың атын беру туралы қаулы 2000 жылдың 30 тамызында шықты. Сол жылы су торабына кіре берістен мәрмәр тақта қойылды. Ұжымымызбен Әбубәкір Әлиұлы туралы ретро бейнебаяндар мен суреттердің жинағын жасадық. Келер жылдары, осы жерден ағамыздың мұражайын ашсақ деп ниеттеніп отырмыз. Мұның барлығы болашақ ұрпақ осындай қайталанбас дара тұлғаларды ұмытпасын, соларға қарап үлгі-өнеге алсын деген ізгі тілектен туындаған дүниелер. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ел үшін ерекше қызмет жасаған азаматтарымызды ұлықтау, оларды насихаттауға баса назар аударғаны белгілі. Біздің міндет аталмыш іске үлесімізді тигізу.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен,
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
Суретте:
Ә.Ә.Тыныбаев ортада