Ұйымшыл ұжым үлгісі
Қазалы қаласындағы «Қазалы суландыру жүйесі» басқармасының негізі 1920 жылы қаланған. Мекемені ең алғаш Қазалы уездік Советі атқару комитетінің орынбасары Меңдулла Күзенбаев қоса атқарды. Бертін келе егін және су шаруашылығын өркендетумен жүйелі түрде басқару мақсатында 1934 жылы «Су бөлімі» мекемесі ашылды.
Мекеме суды пайдалану және реттеу негізінде бірыңғай ғылыми-техникалық, инвестициялық саясат жүргізумен, су шаруашылығын өркендету, су жеткізіп беру қызметіне ақы алу және оны дамытудың экономикалық шараларын қарастырумен айналысады. Қала, аудан, ауыл халықтарына, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге, басқа да су пайдаланушыларға суды бекітілген жоспар бойынша уақытылы және кедергісіз жеткізуде осы мекеменің құзыретінде.
Егін және су шаруашылығын дамытуға үлкен белес 1970 жылы «Қазалы су торабы» іске қосылғаннан басталды. Су торабының су өткізгіштік қабілетінің ең жоғарғы көрсеткіші секунтына 1000 текше метр және Арал, Қазалы аудандары бойынша 64 мың гектар суармалы жерді суаруға есептелген. 2001 жылы «Басықара су торабы» Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген гидротехнигі, еліміздегі су шаруашылығы министрі және қоғам қайраткері Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев атындағы су торабы болып аталды.
– Кейбір жылдары Сырдарияның суы төмен болып, егінге мөлшерлі су алынбаған. Осының әсерінен өнім де төмендеген. Бұл жағдайдан шығу үшін «Оң жаға» арнасын Басықарадан, «Сол жаға» арнасының сағасын Қазалы қаласының тұсынан бастап қазу қажеттілігі туған. 1941-1942 жылдары соғыстың өршіп тұрған шағында халықтық құрылыс әдісімен «Оң жаға» арнасын қазу жұмысы басталды. Үш мың адам кетпен, күрекпен қырық күннің ішінде бір миллион текше метр топырақ шығарып, арнаны қазуды аяқтаған екен. Ұзындығы 50 шақырым, 20-25 мың гектар егінді, 200 мың гектар жерді суландыруға есептелген «Сол жаға» арнасын қазуда сол жылдары басталған. Жоба бойынша бұл арнаның сағасын болашақта салынатын Қазалы су торабының тұсынан алу көзделген. Қуатты жер қазатын техникалар шыққасын бұл арналар жобаға сәйкес кеңейтіліп, ұзартылды.1976 жылы Оң жаға массивіндегі инженерлік жүйеге келтірілген жерлерден қашыртқы суларды шығару мақсатында К-2-1, К-2-2, К-2 коллекторлар жүйесі және К-2 насос станциясы салынып, іске қосылды, – дейді мекеме басшысы Исахмет Мусиров.
Мекеме Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын филиалдарын құру туралы 2011 жылдың 19 шілдедегі бұйрығы негізінде «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Қазалысушар» өндірістік учаскесі болып қайта құрылды. Мекеменің теңгерімінде ұзындығы 83,67 шақырым болатын 2 магистральды канал, 120,70 шақырым 5 шаруашылықаралық канал, ұзындығы 100,48 шақырым қашыртқы (коллектор) жүйесі және 140,161 шақырым Оң жаға, Сол жаға қорғаныс бөгеттері бар. Мекемеде 72 адам жұмыс істейді, 2 УАЗ автокөлігі, ГАЗ-53, ЗИЛ-ММЗ автокөліктері бар.
Мекеме басшысының айтуынша, аудан бойынша 2019 жылға егілген егіс көлемі 17508 гектар. Оның ішінде күріш – 6225, жаздық бидай – 771, жаңа жоңышқа – 2490, ескі жоңышқа – 4241, түйе жоңышқа – 120, сүрлемдік жүгері – 700, картоп, көкөніс, бақша өнімдері – 2250, мақсары – 602 гектар. Ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға және экологиялық қажеттілікке 653,08 млн текше метр су жеткізілген. Осы жылдың өзінде су жеткізіп беру қызметі үшін 5 серіктестік, 25 шаруа қожалығы, 12 ауылдық округпен келісімшарт жасалған.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА