Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халық берген атақ қымбат

Халық берген атақ қымбат

– Кенже-аға, Сіз үшін өнер қанмен келген қасиет пе, әлде әуесқойлық әлемі ме? Мамандығыңызды орта жолдан ауыстыруға не себеп болды?
– Тегінде өнер – қанмен қонатын кие. Мен туған шағын мекен Лақалы – түрлі тума таланттарды дүниеге келтірген текті топырақ. Қазір сол санаулы үйден шыққан сан адам қазақ өнерінің өрістеуіне өз үлестерін қосуда. Солардың қатарында біздің Мақсатбаевтар әулеті де бар. Қазір олардың үшінші-төртінші буыны облыс, рес­публика ғана емес, халықаралық додада ел намысын қорғап жүр.
Анам өте сауыққой кісі болатын. «Маршал кемпір» атанған ол кісі қолынан да, тілінен де келетін ер мінезді, өзіне тән сұсы бар жан еді. Анамыз бір нәрсені дұрыс істемесек, қолындағы дырау сабауымен жон-терімізді сылып өтетін. Қыңқ етсек, сол сабау бізді тәртіпке салатын. Соның себебімен үйге келген қонақтарға әндетіп өнер көрсететінбіз. Біздің үй – әлі күнге дейін сонда барған адамдардың барлығы ат басын алғашқы тірейтін, есігі жабылмайтын отау.
1963 жылы мектеп табалдырығын аттаған алғашқы қоңырау салтанатында мысық туралы тақпақты жатқа айтып, ән салғанмын. Көшеде ағалар ән айтқызып қоятын. Бесінші-алтыншыға барғанымда Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепте білім алдым. Сол кезде мектеп радиожелісінен әнімді қоятын.
1972 жылы 9 класта оқып жүрген шағымда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған аудандық шарада оқушылар арасынан менің орындауымдағы «Анаға сәлем» әніне ғана аудан басшысы рұқсатын берді. Жақында шығармашылығыма 40 жыл толған есепті кешімде сол сахнада сол әнді орындап тұрып, үлкен толқынысты күйді басымнан кешірдім.
Кейін Қызылорда қаласындағы медициналық училищеде білім алғанымда, дәрісті мен емес, әнім «оқыды».
Айтпақшы, мектеп бітіретін жылы ауылға Алматыдағы эстрада-цирк студиясы мамандары келіп, іріктеу жүргізген болатын. Сонда қазіргі тілмен айтқанда «кастингтен» өтіп, оқуға қабылдануға шақырғанда, анам жібермей қалған.
Содан бері сахнадан алыстаған емеспін. Бала кездегі арман өмір қай арнасына бұрса да, өнермен тоғыстырды.
Денсаулық сақтау саласында жиырма жыл жұмыс істедім. Ел Тәуелсіздік алып, аумалы-төкпелі кезең өтіп жатқанда қысқартуға іліктім. Жұрт қатарлы сауда-саттықпен айналысып жүргенімде, сол кездегі аудан әкімінің ұсынысымен, қазіргі Әйтеке би кенттік клубының басшылық қызметіне келдім. Көп ұзамай «мамандығың сәйкес емес» деп, өзге жұмысқа барсам да, арада санаулы жылдар өткенде құтты мекенге қайта оралған жайым бар.

– Дара дауыс иесісіз... Табиғат берген талантыңызға арнайы күтім жасайсыз ба?
– Теледидардан әншілер мен орындаушылар «Дауысымды күтемін, оған арнайы жаттығулар жасаймын» деп жатады. Мен ондай ерекше бап қаламаймын. Бірақ он күн сайын «Атамұра» ансамблінің баяншысымен ән айтамын. Да­уысымды бақылаймын. Ән салғаныма, концерт жүргізгеніме әлі күнге дейін сын айтқандар болған емес. Көпшіліктен тек жақсы ілтипат қана көріп келемін.

– Қазір жоғары өнер ордасынан тәлім алған түлектерді кездестірсек, тек өз мамандығы туралы айтады, ал басқа сұрақ қойсақ, оны білуге тиісті еместігін алға тартады. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келген буын – Сіздердің рухани кеңістігі бай, жан-жақты болып қалыптасуларыңыздың себебі не?
– Оған кешегі халық әндерін, халық композиторларының шығармаларын, қисса-дастандарды жатқа білетін қазына қариялардың, бір-бірімізбен таласа оқитын кітаптың көп көмегі тиді. Кеңес дәуірі тұсында небір Одаққа даңқы жайылған өнер тарландары біздің жаққа келіп, концерттік бағдарламаларын ұсынатын. Солардан түйгеніміз де.
Біздің шыңдалуымызға елдің ұлттық құндылыққа деген қызығушылығы, көрермендердің ынта-ықыласы айрықша әсер етті. Ол кезде концертке алдын ала дайындық өте қызу жүргізілетін. Талай спектакльде ойнадық. Теміржол клубының директоры Александр Теннің бастамасымен құрылған «Құрдастар» ансамблінде ән айтып жүріп, Бүкілодақтық әншілер байқауында КСРО композиторлар одағының төрағасы Т.Н.Хренниковтың төсбелгісімен марапатталдым.

– Өмірге қайта келетін мүмкіндігіңіз болса, қандай жолды таңдар едіңіз?
– Балабақшадан бастап ән айту әліппесін меңгерген болар едім. Дәл сондай мүмкіндік туса, сөз жоқ, тек өнер жолын таңдаймын.

– Әріптестеріңіздің бірі: «Өнер өлшенбейді» десе, екіншісі: «Қандай ықылас-пейіл болса да сахна адамын шабыттандырады» дейді. Бүкілодақтық әншілер байқауындағы төсбелгіңіз туралы айтып қалдыңыз... Сізде бұдан өзге де үлкенді-кішілі салалық атақ-мадақтардың біразы бар. Солардың қайсысы өз әсерін тигізді?
– Ешқайсысы. Қоржынымда Тұңғыш Прези­денттің Алғыс хатынан бастап облыстық, аудандық көлемдегі мақтау-мадақатаулар жетерлік. Мен үшін ең үлкен марапат – туған жерімнен алған бейресми «Қазалының Левитаны» деген атақ. Алтын дауысты Әнуарбек Байжанбаевқа телінетін осынау теңеудің маған да айтылғанын естігенде қадірлеп, дауысымды сағына күтетін көпшіліктің барын сезініп, үлкен күш-қайрат аламын. Өзімді қамшылап, дамытамын.

– Кәсіпорын тізгінін ұстап отырған білікті басшы, тәжірибелі маман ретінде қазіргі жастарға қояр талап-тілегіңіз қандай? Жалпы өнерпаздық құрылымға репертуардың түзілуі әсер ете ме?
– Орынды сұрақ. Әр заманның өз жетістігі, жаңалығы болады. Сол бағытқа иек артқан жастолқын өсіп келе жатқанын көріп көңілім толады. Бірақ біздің лек пен бүгінгілерді салыстыруға келмейді. Оған нарықтық қоғам да өз әсерін тигізсе керек. Өйткені көбі рухани азықтан гөрі материалдық құндылыққа басымдылық береді. Қалада білім алған студент сол жылдары тойға шығып, ақшаның дәмін татады. Бұл әдетін ауылға келіп те жалғастырғысы келеді. Бірде бір жас жігітті бір апта бойы тәрбиелеп, дауысын, сахнада тұру әдебі дағдысын ұғындырып, аудандық шараны жүргізуге арналған бағдарламаны қолына ұстатсам, өзінің әрбір жүргізген концертіне белгілеген бағасы барын айтып, қатты ренжіткен.
Әрине кез келген өнер ұжымына репетуардың әсері мол. Тағы бір жайтты айтып кетейін. Аудан жастары өткен жазда ауыл-ауылды аралап, «Атамекен» атты концерт қойды. Құрамында тәп-тәуір музыканы меңгерген өрімдей ұл-қыздар жүрді. Бірақ құрылымы дұрыс емес, бірде-бір патриоттық тақырыптағы туынды жоқ. Сонда ұйымдастырушыларға: «Ең болмаса, Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің әуенін жүргізуші сахнаға шыққанда ойнатып қойсаңдар қайтеді», – дедім ренжіп.

– Әңгімеміз жастар тақырыбына ойыс­ты. «Ел іші – алтын бесік». Ауылдарда таланттар туылады, түлейді. Өкінішке орай, тұрақтамайды. Кейбірі мүлде келмейді. Оларға өзіміз жағдай жасай алмай отырған жоқпыз ба?
– Дұрыс айтасыз. Қазір «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасынан өзге мардымды, олардың жайын түзейтін жағдай болмай тұр. Еңбекақылары да көп емес. Жастардың ауылға тұрақтамауы, тіпті оралмауының себебін біз материалдық жаймен байланыстырамыз.
Жастар тұрмақ, аудан өнеріне өлшеусіз үлес қосқан мамандардың өзін кейде қажетті құралдармен қамтамасыз ете алмай жатамыз. Мәселен, Орақ Баубековтің жетекшілігімен құрылған «Атамұра» халықтық ардагерлер ансамблінің аспаптары жеткіліксіз.
Жалпы мәдениет бөлімі Қазалыда қандай іс-шара өтсе де, барлығына атсалысса да, мереке, атау­лы күндерде елеусіз қалып жатады.

– Өмір – үлкен сынақ алаңы. Осы жолда нені жоғалттыңыз? Тапқаныңыз не болды?
– Жақсы көретін кәсібім мені елге танытты. Еткен еңбегім, төккен терім, жемісті жылдарымның қорытындысы ретінде шығармашылық концерт бердім.
«Қуанышымызда бол. Мынандай шараны өзіңіз жүргізсеңіз» деген жұртшылық сенімі маған рухани күш беріп, алға жетелейді. Бала-шағамның ортасында аман-есен абыроймен зейнет жасына жеткенім – менің тапқаным болды.
Жоғалтқаным... тек өтіп кеткен жастығым. Қалғанының бәрін табысым дер едім.

– Уақыт бөліп, сүбелі сұхбат өрбітуге келісім бергеніңізга рахмет!
Әңгімелескен
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
11 шілде 2019 ж. 1 742 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 74

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930