Арыстан баб жайлы аңыз
Бала күнімізден үлкендердің «Ақиректе арыстан баб, Түркістанда Қожа Ахмет» деп басталатын ұлағатқа толы батасын құлағымызға сіңіріп өстік. Киелі Түркістандағы көк күмбезі күн нұрымен жарқыраған Қожа Ахмет атаның кесенесін теледидардан сан мәрте көргенде «Ақирек деген қай жерде?» деп ойға шоматынбыз. «Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп» демекші, Ақирек бізге жүрген аяқ талар шалғайда тәрізді сезілетін. Аталмыш мекеннің біздің Қазалы ауданы орталығынан небары 30-40 шақырым қашықтықта екенін есейе келе білдік.
Ақиректің қазақ даласының қасиетті мекенінің бірі екендігіне талантты ақын, қарымды қаламгер Зейнолла Шүкіровтың «Сыр бойы» романын оқыған жанның көзі анық жетеді. Қыртыс-қыртыс даланың қатпар-қатпар тарихы осы Арыстан бабтың мазары қалған орынның о жақ, бұ жағында да жетерлік екен.
Қасиетті рамазан айының соңғы күндері жұмыс барысымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында баба басына зиярат етуге, киелі жердің қазыналы тарихымен танысуға мүмкіндік туындаған-ды.
«Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевтың бастауымен бір топ журналистер жолға шықтық. Желден жүйрік көлік жер апшысын қуырып келеді. Шақырайған күн көзі табаға салып қуырған балықтай шыжғырып барады. Жол жиегіндегі төрт түлік те ыстықтан қорынғандай жусап жатыр. Шөкімдей бұлттан мүлде ада зеңгір аспан да мүлгіп тұрғандай әсер қалдырады. Алайда, күн ыстығы қолына қалам ұстаған қауымның тарих қатпарын білуге деген құштарлығына әсер етер емес.
Міне, апайтөс батырдың қақпақтай жауырынында жатқандай болып көрінетін Ақбай ауылының да төбесі көрінді. Ежелден төскейде малы қосылған Арал мен Қазалы аудандарының шекарасы, жол бойындағы Арыстан баб күмбезін талай көріп жүргенмен биік төбе басындағы мәңгілік мекеніне алғаш рет баруымыз еді. Ауыл ақсақалы сілтеген бағытпен өрге қарай беттедік. Көп ұзамай алыстан төбе үстінде ағараңдаған үйлердің де нобайы көзге шалынды.
Осы сәтте оқыс оқиға орын алды. Сүрлеу ізбен дөңге бұрылғанымызда жаңа ғана аптабы бет қаратпай тұрған күннің жүзін бозамық бұлттар көлегейлеп, айнала қас-қағымда қоңырсалқын кейіпке енді. Баба басына барып аят оқып, құдай жолына құрбандық шалған сәтте табиғат-ана тағы бір таң қалдырайын дегендей аспаннан ақ жауын жауып, топырақтан көтерілген саф иіс танауды қытықтады. Біз бұл құбылысты «ниетіміз дұрыс, пейіліміз ақ екен» деп, жақсылыққа жорыдық.
Жол бойы мазалаған күннің ыстығы ізім-ғайым жоғалды. Сол түнгі қоңырсалқын леп, самал ауа таңға дейін ұласты. Біз әулие бабаның мәңгілік мекеніндегі бұл құбылысты керемет тылсымға баладық.
Тастағы тарақ
Қашанда ізденіп жүретін журналистік дағдымен «Алланың соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбардың ең жақын сахабаларының бірі бұл маңға қалай жерленген? «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз қайдан шықты?» деген және басқа да сауалдарға өзімізше жауап іздеп көргенбіз.
Қазақ даласында жатқан қай әулиенің болмасын басына бара қалсаңыз сол жердің түнеуханасы мен шырақшысына кезігесіз. Ақирекке келген осы сапарымызда баба бейітінің біршама уақыттан бері шырақшысы Жайық ағамен жүздестік. Өзінің айтуынша, Жәкең жауапты міндетті атқаруға кездейсоқ келіпті.
– Бұл маңда Арыстан бабпен қатар, Бала әулие, Қыз әулие, тағы басқа да кісілердің бейіті бар. Қыз әулиенің басына ұрпақ сүйгісі келетін жандар көптеп келеді. Түнеуханасының алдындағы таста кішкентай сәбидің табанының ізі сақталған. Сонымен қатар бұл жердегі көптеген тастарда түрлі бейнелер бедерленген. Балыққа, адамның бас сүйегіне, жан-жануарлардың бейнесіне келеді. Ақирек осынысымен де құпиялы мекен.
Ата-анамның көпке дейін перзенттері шетінеп кете беріпті. Қатты торыққан анам 10 баласы тұрақтамаған соң осы баба басына түнепті. Түсінде аян көріп, өмірге мен келіппін. «Жайық» деп атымды да баба аянмен қойыпты. Сонау 1962 жылы шешеме еріп осында келгенім бар. Ол кезде айналаның барлығы сулы жер болса, баба бейіті тізеден келетін осы жердің ақ тасымен қоршалып, беті сексеуілмен жабылған. Ал кейін Ақтөбенің Темір ауданынан бір молда келіп, осы мазары салған. Бұл жерде Кішкененің Құрманайынан, Айдарбектің Алтынбайынан тараған шырақшылар болды. 1997 жылы ауыл ақсақалдарының қолқасымен осында келдім. Аманатты атқару үшін Қызылордадағы «Айтбай» мешітінен арнайы діни дәріс алып қайттым, – дейді Жайық ақсақал.
Қорым ішін аралап жүргенімізде шырақшының нұсқауымен Арыстан бабтың құдығы жанынан өзгеше пішінді тасты байқадық. Жаңа туған баланың бойындай тастың ішінде 33 тісі бар тараққа ұқсас дүние орналасқан екен. Бір қызығы, әлгі тасқа бүгінгі қытайдың арзан тарағын қашап салу мүмкін емес екеніне көз жетті.
Жеті жерге шөккен түйе
Ертеден ертегіге құмар елміз. Кез келген қисса-дастанды әрлеп ел ішінде таратуға да машықпыз. «Аңыздың – түбі шындық» деген бар. Естігендеріміздің түп-төркінінде белгілі бір ақиқатты құрайтын әңгіме жататыны рас. Солардың бірі – Арыстан бабтың осы жерден жай табуы. Жұрт аузында Арыстан бабтың жеті жайы туралы әңгіме жүр. Соған тоқтала кетсек.
Арыстан баб өмірден өткенде әлемнің түкпір-түкпірінен адам келіп, оның мәйітін өз еліне алып кетпекші болып, талас туындайды. Ақыры ел бір мәмілеге келе алмайды. Сонан соң, Алланың құдіретімен мәйіт жеті мүрдеге айналады. Ел ішіндегі ақсақалдар «мүрдені жеті түйеге артып, басын бос қойып, қай жерге шөксе, сол жерге жерлеңдер» деп пәтуа шығарады. Сол жеті жайдың екеуі қазіргі Қазақстан жерінде екен. Бірі – барлығы білетін Түркістан облысындағы Шәуілдірде болса, екіншісі осы – Аралдың Ақирегіндегі бейіт. Мұнымен қатар Қырғызстанның Жалалабад қаласында, Иранда екі жайы бар. Мекке-Мәдинада бір мазары болса, Израильдің Тель-Авив қаласынан елу шақырым жерде бабаның осындай қасиетті орны кездеседі.
Құрма хикаясы
Баба жайлы ел арасында кең тараған әңгіменің бірі – оның Алланың соңғы елшісінің аманат құрмасын сан ғасыр жүріп, түркі әлемінен шыққан ұлы ойшыл Қожа Ахмет Яссауиге жеткізуі. Бұл жайтты да осы ретте оқырмандармен бөліссек.
Бірде Мұхаммед пайғамбар серіктерімен жолаушылап келе жатып, азықтары таусылып, қарындары ашады. Жебірейіл періште оларға пейіштен інжу, меруерт, дүрлермен өрнектелген алтын табаққа салынған құрма жемісін әкеліпті. Пайғамбар «Бісcіміллә» деп, табаққа қол салып, құрмадан дәм татыпты. Серіктері де жапырлай қозғалып, құрма жеуге кіріседі. Табақтағы құрма азайғанда, ортадағы бір құрма ерекше көрінеді. Әлгінің кереметі, ол құрма қолға түспей дөңгелей береді. Сахабалар бұған таң-тамаша болады. Бұл құрманы ешқайсысы жей алмапты. Сол кезде пайғамбарымыз құрманы қолына алып қарайды да, «Бұл не ғажап?», «Бұл не деген керемет?» деп ойланады. Сол кезде Жебірейіл періште де жетіп:
– Уа, Алланың елшісі! Бұл құрмада үлкен бір құпия бар. Ол сізге де, серіктеріңізге де бұйырмайды. Сізге Тәңірім сәлем жолдады. Төрт жүз жыл заман өткен соң сіздің бір үмбетіңіз дүниеге келеді. Оның есімі Ахмет болады. Ол үмбетіңіз сіздің рухани жолыңызды жалғастырады. Бұл құрма сол баланың несібесі, – дейді. Серіктері мына әңгімені естігенде, таң қалады. Сол кезде Мұхаммед пайғамбар:
– Иә, Жебірейіл, ол заманға дейін бұл құрма қалай жетеді? – деп сұрайды. Жебірейіл періште:
– Бұл құрманы Ахмет атты балаға жеткіз деп бір серігіңізге тапсырыңыз, – дейді. Сонда Пайғамбар:
– Уа, бауырлар! Мына аманат құрманы менің 400 жылдан кейін дүниеге келетін ардақты үмбетіме кім табыстайды? Кім тәуекелге бел байлайды? – депті.
Отырғандардан ешкім үндемейді.
– Бұл құрманы жеткізген адам екі дүниеде бақытты болады. Ол бақыт кімге бұйырғалы тұр екен? – деп қайталап сұрайды.
Серіктері «төрт жүз жылға дейін өміріміз жетпей қалады-ау» деп күмәнданып тұрғанда, пайғамбар сөзін қайта жалғап:
– Егер кімде кім бұл аманатты менің үмбетіме жеткізер болса ол адам пейіште Алла жамалын көреді, – депті. Сол кезде ортаға жақын серіктерінің бірі Арыстан сахаба шығады да пайғамбарға қарап:
– Иә, Алланың елшісі. Аманат-құрманы жеткізуді маған тапсырыңыз. Құдай қолдаса, аманатыңызды жеткізермін, – депті.
– Бәрекелді!
– Бәрекелді!
– Жарайсың Арыстаным менің!
– Дегеніңе жет!
– Алла жар болсын!
– Алла жар болсын! – деп отырған барлық сахаба қуанысып қалады. Сонда Мұхаммед пайғамбар:
– Уа, менің құрметті серігім. Тәуекелге бел байлағаныңа ризамын. Алла жолыңды оңғарсын, мақсатыңа жет! – деп батасын беріпті. Мұнан соң Арыстан баб:
– Уа, Алланың елшісі, менің сізге айтар датым бар! – депті.
– Датың болса айт!
– Бұл құрманы жеткізу үшін маған ұзақ ғұмыр керек. Тәңірден менің өмір жасымды ұзартуын сұрап, дұға қылсаңыз, – дейді. Пайғамбар:
– Иә, Алла, Арыстан сахабаның ғұмыр-жасын ұзақ қыл! Оны рақымың мен игілігіңе бөлей көр! – деп дұға жасапты. Сол кезде Жебірейіл періште:
– Уа, Алланың елшісі! Сүйінші! Сүйінші! Алла сенің бұл тілегіңді қабыл етті. Арыстан бабтың өмірін ұзартты, – деген екен.
Мұхаммед пайғамбар мұны естіп, қуанып қалады. Ол құрманы беріп тұрып:
– Аузыңды аш, Арыстан баб! Мына құрманы тіліңнің астында сақтағайсың. Таңсәріден тұрып, менің Ахмет атты үмбетімді іздеп сапар шегесің. Арып-ашып, жердің жүзін шарлайсың. Бармаған жерің, баспаған тауың қалмайды. Ақыры бір мекенге келіп жетерсің. Түркілер мекендеген Сайрам шаһарына кез боларсың. Осы шаһарда үлкен бір медресе бар. Аманаттың иесі – осы медресенің шәкірті. Оның медресеге кірген ізі болса да, шыққан ізі болмайды. Аманатты өзі келіп, сенен сұрап алады. Оған Құдай сондай артықша қасиет берген, – депті. Арыстан баб:
– Иә, Расул! Бұл аманатты аман-есен барып тапсырып, міндетіңізден құтылармын, – дейді.
Арыстан баб ұзақ жыл сапар шегіп, Сайрам шаһарына ақыры жетіп жығылады. Қашық жолдан қажыған ол дем алмақ болып, ілім ордасының маңында ағып жатқан Сайрам суының жағасында сәл аялдайды. Сол кезде медреседен жас бала шығып, бұған қарай аяңдапты. Әлгі бала Арыстан бабқа жете бере сәлемдеседі.
– Ассалаумағалейкум, Арыстан баб! Жоғың болса, кешікпей тап! – дейді тақылдап. Арыстан баб та іздеген адамының осы екенін білу үшін:
– Балам, есімің кім? – деп сұрайды.
– Атымды қайтесіз, аманатымды беріңіз, ата?
– Балам, атың Ахмет екен. Ішің тола хикмет екен. Аманатыңды ал, аузыңды аш! – дегенде, төрт жүз жыл бойы сақтаған құрма ұшып барып, шәкірттің аузына кіреді. Бала Ахмет құрманы жұтып жібереді. Сонда Арыстан баб:
– Аманатыңды осынша жыл сақтағанда, еңбегімді елемегенің қалай? Маған сүйегі ғана қалыпты, – дейді.
– Ата, онда жұрт, алдымен сізге түнесін, бізден тілесін, – депті.
Құл Қожа Ахмет Ясауиге «аманат құрманы» жеткізген Арыстан баб осылайша халық арасында оның ұстазы ретінде айтылады. Ел ішінде «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз содан қалыпты-мыс.
Арада бірнеше ғасыр өткен соң, Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауидің басына күмбезді кесене салмақ болады. Түркістанға келгеннен кейін бұл істі қолға алады. Бірақ кешке дейін қалаған дуал таңертең барса, бұзылып жатады. Оны құлатқан кім екенін білу үшін Әмір Темірдің өзі түнде келіп қарауыл болады. Түннің бір ортасында үлкен өгіз келіп, дуалды сүзіп қиратады. Осы оқиғадан кейін Әмір Темір көпке дейін ойланып қалады. Бір күні түсінде Қожа Ахмет бабамыз аян беріп, былай дейді:
– Ол көк өгіз Арыстан бабтың аруағы. Сен, алдымен, соның басына кесене тұрғыз, – дейді.
– Мен оны қалай табамын? – дегенде,
– Мен өзім жол көрсетемін, – деп жауап береді. Сонымен ол ерте тұрып, Отырарға бет алады. Арыстан баб жатқан жерді тауып, зәулім кесене салады. Осы кезден бері қалыптасқан зиярат тәртібі бойынша адамдар, алдымен Арыстан баб кесенесінде түнейтін болған. Ертесіне Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, Құдайдан тілектерін тілейді екен.
Сөз соңы:
Әр қырқасы қилы тарихқа толы қазақ даласында әулие-әмбие аз емес. Олардың ішінде бүкіл ислам әлеміне аты мәлім, «Бабтардың бабы» атанған Арыстан сахабаның шоқтығы биік. Әйтсе де, жұрт Шәуілдір жеріндегі баба зияратына лек-легімен барғанымен, Ақирек даласындағы мазарын біле бермейтіні рас. Осынау киелі мекеннің тарихын жас буынға тәлім ету үшін аталмыш аймақ жұрт көп шоғырланатын жерге айналса, ішкі туризмді дамытуға да үлкен септігін тигізері хақ. Сонымен қатар осы арқылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының да толық мәнге ие болатыны сөзсіз.
Есет ТАБЫНБАЕВ