Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмір жолы өнеге

Өмір жолы өнеге

Өмiрден көңілге түйгенiм, бiз қазір адамның кісілік болмысын кадірлеп, қастерлеуде бұрынғы түсініктен өзгеше көзқараспен қарай бастадық. Бұл әлбетте, жақсылық пен iзгiлік атаулыға жанашырлықтың түзелгені деп ойлаймын. Сондықтан әріптес болған Дүзелхан Жансүгiров ағамыздың өнегелі өмірінен сыр шертуді парызым деп санадым.

Ол 1932 жылы Қазалы ауданының Микоян атындағы колхозда (қазіргі Лақалы ауылы) шаруа отбасында дүниеге келген. Дүзекеңнің балалық шағы елiмiзде сол кездегі халық жауын әшкерелеу деген нәубетпен басталып, жастык кезеңі Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарына ұласты. Колхозда белсене еңбек ете жүрiп, жетi жылдық мектебiн бiтiрді. 1947-1949 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы педагогикалық техникумды жақсы деген бағамен аяқтады. Микоян, Андреев колхоздарында мұғалім болды. 1952 жылы еліміздің алғашқы жоғары оқу орындарының бірі Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттiк университетінің заң факультетiне оқуға түсті. Сол оқу орнын 1956 жылы қызыл дипломмен бiтiрiп, Қызылорда облысының прокуратура саласына жолдама алды. Менің пайымдауымда, ауылдық жерде туып-өсiп, жоғарғы оқу орнын орыс тiлiнде үздiк бiтiру кез келгеннің басына қонатын бақыт болмаса керек-ті.

Прокуратура саласында қызмет істеген сегiз жылда Дүзекең өзінің еңбекқорлығымен, әділдігімен ерекше­ленiп, халық арасында абыройы артып, тәжірибе жинақтады. 1963-1964 жылдары Қазалы аудандық прокуратурасына тергеушiсi болып тағайындалып, екі жыл көлемiнде жергiлiктi прокуратура органдарының беделiнің жоғарылауына үлесін қосты. Тек жазалаушы ғана емес, сонымен қатар халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын, заңның өз дәрежесінде орындалуына жоғарғы қадағалау жүргізетін орган екендігі халық арасында кеңінен насихатталып жатты.

Ағамыздың заңдылықты қорғау жолын­дағы игiлiктi істері жергiлiктi басқару органдарының назарынан тыс қалмады. 1964 жылдың соңында Қызылорда облыстық кеңесінің шешi­мiмен облыстық соттың мүшелiгiне бекiтiлдi. 1979 жылы облыстық сот төрағасының қылмыстық iстер жөнiндегi орынбасарлығына жоғарылатылды. 1981 жылы Қазақ ССР Жоғарғы сотының мүшелiгiне үміткер қатарына енгiзiлдi.
Жауапты қызметтерді атқару барысында Дүзелхан ағамыз тек заң талаптарына сүйеніп, өзінің ішкі сезімімен әділдікті ту етіп, қандай жағдайда да заңды, нақты шешімдер қабылдайтын.

Қатарласы Н.Жұбанғанов көзі тірі кезіндегі әңгімелерінде ол кісінің бойында ақылдылық, парасаттылық сияқты үлгі боларлық тұлғалық қасиеттер мол болғандығын айтатын. Ол әрбір істі сана сүзгісінен өткізіп, қиянаттылыққа жол бермей, тек заң шеңберінде шешім шығарып отыратын еді. Әділдігі мен адамгершілігі мол қасиетін халық жоғары бағалап, «кіршіксіз таза сот» деп берген атағына лайықты болғандығын қайта-қайта айтып, еске түсіріп отыратын еді.

Дүзелхан ағамыздың әділеттілік жолын­дағы ғұмырында адам тағдырына байланысты күрмеуін шешкен қылмыстық істер аз болған жоқ. Бұрынғылар «Алладан қызметімді, байлығымды алсаң да абыройымда алма», – деп тілейді екен. Ол кісі де қасықтап жинаған абыройының қадірін біле білді деп толық айта аламыз. Қатар қызметтес болған П.Әбдірахманов, Ә.Досмайылов, Ә.Тәжімбетов, Ө.Қиязов­тармен сыйлас болып, бірін-бірі құрметтеп, қадір тұтты. Судьялықты жаңадан бастаған інілеріне адам тағдырын таразылайтын, мәртебесі биік қызмет екенін, сондықтан онда табандылықтың керектігі, оған лайықты болу үшін тек дипломның болуы жеткіліксіз екенін ескертетін. Әділ төрелікке кепіл бола аламын деген асқақ мақсат болуы қажет екендігін Дүзекең жастарға ерінбей-жалықпай қайталап отыратын.

Сонымен бірге судьяның өзінің отбасындағы, тұрмыстағы мінез-құлқымен, теріс әрекеттерімен қоғамда өзі туралы жағымсыз пікірлер тудыратын болса, оның қабылдаған шешімдерінің заңдылығына қарамастан халық арасында сотқа деген сенімсіздік тудыратыны туралы да жастарға ақыл беруді естен шығармайтын. Дүзелхан аға жоғары сот төрағасы мен Әділет (юстиция) министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Ағаның өмір жолы тек қана адалдықтан, адамгершіліктің биік өлшем­дерінен тұраты­нын, жасынан өмірдің қиыншылығына кездесіп, тек өзінің күші мен талабына сеніп өскенін, өмір жолында оны көкке көтерген көкесі де, демеген қамқоршысы да болмағанын, қолтығының астындағы қос қанаты - адалдық мен тазалық, оны биікке көтерген де тұлғасын тұғырға қондырған да осы болғандығын байқаймыз. Өкініштісі, Дүзелхан аға 1986 жылы 54 жасында жүрек талмасынан қызметте жүріп қайтыс болды. Бұл табиғаттың бұлжымас заңы, адам баласының көнбеске амалы жоқ шара десек те, қайғылы оқиға барлығымыздың жүрегімізді сыздатты.

2017 жылы балалары сүйікті әкелерінің рухына арнап ас беріп, құран бағыштап, әруағын риза етіп ел-жұртының ықыласын алып, перзенттік парыздарын өтеп, туысқандарының мерейін тасытты. «Жақсы адамның өлген күні болмайды, тек туған күні болады» дегендей, ағамыз бүгінде әлі ортамызда жүргендей сезіледі. Ағаның жалпы адамға деген адалдығы мен азаматтығы, қарапайымдылығы мен жоғары парасаттылығы білетіндердің жадында мәңгілік сақталатындығына сенім­діміз.

Өзінің саналы өмірін Дүзелхан ағаның жағдайын жасауға арнаған Назбике апай жөнінде тоқталатын болсақ, екеуі теңіз айдынында қатар жүзген қос аққудай 36 жыл тату-тәтті, мағыналы ғұмыр кешті. Екеуі жеті бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бір әулет, бір ауыл-аймақтың ғана емес, көптің анасына айналған Назбике апайымыз 2018 жылы 86 жасында дүниеден өзды. Аяулы аналарын ұрпақтары қимастық сезіммен мәңгілік мекеніне шығарып салды.

Қазіргі таңда, Дүзелхан аға мен Назбике ападан өрбіген ұрпақтары әрқайсысы өзінің несібесін теріп жеп, елге, жерге қызмет етіп жүрген жайлары бар. Құдайға тәуба, бұл да Алланың шаңыраққа сыйлаған бір бақыты болар деп ойлаймын.
Ұрпақтарының барлығы күнделікті өмірде қарапайым, бауырмал болып қалыптасты. Олардың әрбірінің өмір жолы басқаларға үлгі боларлықтай деңгейге шыққан.

Үлкен ұлы Ағымсалы елімізге белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың, көп­теген халықаралық сыйлықтардың және «Құрмет» орденінің иегері.

Жаратушының мол ғып берген дарынын аса ұқыптылықпен рухани материалдық дүниеге айналдыра бiлген Ағымсалы ҚР Ұлттық ақшасы – теңгені безендіруші авторлардың бірі. Туындылары Қазақстанның және шетелдердің өнер мұражайларына қойылған.
Ағымсалының жұбайы әрі өнердегі серіктесі Қастеева Гүлназия атақты суретшi Ә.Қacтeeвтің қызы. Екеуіде ел игiлiгiне қызмет етуде.

Өнер саласында екiншi ұлы Алмастың да өзіндік дара жолы бар, елге белгілі қайраткер. Елiмiздiң және бірқатар шетел мемлекеттерінің музейлерiн көркем­деумен айналысып, көп жылғы адал еңбегі бағаланып, ҚР «Парасат» орденiмен марапатталған.

Қызы Айнагүл тәрбиеші мамандығынан бастап, өз еңбекқорлығының арқасында балабақша меңгерушісі қызметіне дейін өсті. Әріптестері әлгі күнге дейін адал, талапшыл, енбеккор басшысын ортамызда болмаса да еске алады. Қызы Жайнагүл облысымызға белгiлi ұстаздар қатарында, облыстың «Үздiк ұстаз» грантының иегерi атанып, қазіргі уақытта «Назарбаев зияткерлiк мектептері» педагогикалық шеберлiк орталығының маманы.

Ұлдары Жалғас, Аюпхан, Әділхан әкелерінің жолымен органда қызмет етуді таңдады. Жалғас Қызылорда ішкі істер департаментінің қалалық бөлімінде адал еңбек етіп зейнетке шыққан. Кіршіксіз адалдығын әріптестері үнемі еске түсіреді, ұмытпайды. Ұлдары Аюпхан мен Әділхан қазiргi кезде Ұлттық Қауiпсiздiк комитетінде абыроймен қызмет атқаруда. Адал еңбегі бағаланған Аюпхан «Құрмет» орденiнің иегері.
Отбасылық құндылықты аса қадірлеген Дүзелхан әулетінде 7 баладан 18 немере мен 21 шөбере тараған. Соңында қалған ұрпақтары ата-аналарынан бойларына сіңірген қадір-қасиеттерін өсиет тұтып, халық игiлiгi үшін адал қызмет көрсетуде.
Ел боламыз десек, елге қызмет еткендердің есімін басқаларға өнеге етуді ұмытпауымыз керек деп жастарға өсиет айтқым келеді.
Қосжан ЖӘНИҰЛЫ,
ҚР Прокуратурасынын құрметті қызметкері, еңбек ардагерi
28 мамыр 2019 ж. 1 272 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930