Ескірмейтін есті салт
Ата-бабамыздан қазіргі ғасырға жеткен ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары жетерлік. Соның бірі – жеті атаға дейін қыз алыспау болып табылады. Осынау ұғымды жер бетінде қазақ халқынан артық ұстанған ел жоқ шығар?!
Туыстық салтқа ерекше мән берген ауыл, ру ақсақалдары жақын-жуыққа үйленгендерді қатаң жазалап отырған. Тағдырдың жазуымен екі атаның баласы шаңырақ көтерген жағдайда оларды ажырастырғанын да айта кетуіміз ләзім. Оған Шәкәрім Құдайбергеновтың «Қалқаман – Мамыр» дастаны да негіз бола алады.
Оңтүстік Корея ғалымдарының зерттеуі бойынша жер бетіндегі әралуан жұрттың ішінде қазақ халқының қаны ең таза болып табылғанын жалпақ жұрт жақсы біледі.
Осы орайда, Испания карольдігіндегі Габсбург әулетінің жақын туыстары бір-біріне үйленгені себепті жойылып кеткені айдай әлемге аян. Сонау көк мұхиттың ар жағындағы алпауыт ел Америкада осы заңдылықты сақтамағандықтан түрлі аурулар пайда болып, жас балалардың шетінеп кету көрсеткіші де тым шарықтап кеткен.
«Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген қанатты сөз бар. Неліктен бабаларымыз осы жетілікті қатаң бақылаған?! Енді соған медицинаның уәжімен тоқталсақ.
Медицина не дейді?
Біздің ата-бабаларымыз дәл қазіргідей ДНК құрамын толық зерттемесе де, туыс адамдардың шаңырақ көтеруінен сан алуан дерттің етек алатынын жетік білген. Тұқым қуалаушылықтың заңдары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі дұрыс емес. Бүгінде сирек кездесетін сырқаттар негізінен генетикалық аурулар екендігі анықталып, медициналық тілмен айтқанда орфандық кеселдер мәселесіне дәрігерлер соңғы жылдары дабыл қағып келеді. Әсіресе, мутацияға ұшыраған нәрестелер санының көбеюі қоғамды алаңдатып отыр. Дамыған елдерде адамның тұқым қуалайтын 50-55 түрлі ауруларына тест жасайтын генетикалық консультациялардың жұмыс істеуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Соңғы жылдары шетелдіктердің өзгеден гөрі қазақ балаларын көптеп асырап алуының да негізгі сыры тектік қорымыздың тазалығымен астасып жатыр.
Адам ағзаларын жасушалар құрайтыны белгілі. Ал, генетиктердің айтуынша, ата-бабаларында болған бүкіл мінез-құлық, ауру-сырқау сияқты артық-кем қасиеттің бәрі яғни, генде сақталады екен. Сол ата-бабаның бойында болған ауру жасушалар екі туыс ұрпақтың қанында кездескен жағдайда одан психикалық ауытқуы бар сырқат бала дүниеге келетін көрінеді.
Пайғамбарымыздың осыған қатысты «Шамаларың жеткенше алыстан үйленіңдер» деген хадисінің өзі біздің ата-бабамыз айтқан «Жеті атаға дейін қыз алыспа» деген даналық өсиетіне дәлме-дәл келетіндей.
Жеті атаға дейін үйленбеу дәстүрі түркі тектес халықтардың ішінде тек қазақтарда ғана бар дейміз. Неге екенін білеміз бе? Осы жайында ел аузындағы мынандай аңыз бар.
ХV ғасырда Қазақ хандығы орнап, оны Керей мен Жәнібек хандар басқарғаны белгілі. Бірде Жәнібек ханның ақылшысы Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтебойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге риза болып мынандай сұрағын қойыпты:
– Қандай ауруды емдеу қиын?
– Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын.
– Ал, оның алдын алуға бола ма?
– Болады. Жеті атаға дейін туыс адамдар қыз алыспау керек. Жеті қазақ үшін қасиетті сан.
Өтебойдақ емшінің осы айтқандарын Жәнібек хан жадына тоқып, халыққа жеті атаға дейін үйленуге тыйым салыпты. «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін» деген жарлық шығыпты. Содан бергі қазақ хандары да осы талапты бұлжытпай орындап отырыпты.
Бұрынғылардан «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген тәмсіл қалған. Бүгінгі таңда да осындай ескірмейтін есті салттарға өскелең буын немқұрайлы қарамағаны абзал.
Есет ТАБЫНБАЕВ.