Жүгенсіз жарнама
Қазіргі таңда тауарлардың, қызмет көрсетудің тұтынушылық қасиеті туралы ақпарат беру және оған деген сұранысты көбейтуді жарнамасыз елестету мүмкін емес. Тіпті, қарапайым адамды осы жарнама арқылы дүйім жұртқа бір сәтте танымал қылуға болады. Сауданың сырғуына себепкер бұл әдіс кәсіпкерлер үшін бизнестегі алғашқы жүрістердің бірі десек қате айтқанымыз болмас. Осындай пайдасы пәленше жарнаманың қоғам руханиятына тигізер зияны да жоқ емес.
«Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды». Қазақ елінің алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтып кеткен бұл дүние – теледидар болса керек. Күнделікті тұтынатын заттардан бастап, жаңалықтар, танымал тұлғалардың туралы жақсылы-жаманды қасиеттері мен қылықтары туралы да осы көкжәшіктен хабардар болып жүрміз. Жалпы, жарнаманың етек жайған жайылымы осы теледидар. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін үңілетін теледидардағы жүгенсіз жарнаманың жаппай белең алуы жаға ұстатын жағдай.
Әңгіменің ашығы, адам қажеттілігін өтейтін заттардың экран беттерінде белгілі бір тәртіпсіз жарнамалануы жайында. Теледидар алдында ересек адамдармен қатар есі кіріп, ақыл тоқтатпаған балалардың отыратынын ескерсек, жарнамаларға қарап жаға ұстауға болады. «Жарнама арасында бірер минут кино көрсететін» теледидарды қарап отырғанда, ұятсыз жарнамаға тап болып, балаңыздан ұялып кірерге тесік таппай қалған сәттеріңіз болған шығар. Себебі, біздің діл мен адами ұятымыз мұндай дүниелерге қарауға жол бермейді. Қазақта қадір-қасиетін жоғалтпайтын «ұят болады» деген жақсы сөз бар. Әке-шеше балаға жақсы, үлгілі дүниелерді үйретумен әуре болып жүргенде, жағымсыз жиркенішті заттармен теледидар таныстырып жүргені жасырын емес.
Тағы бір айта кететін жайт, қыздардың жарнамасы. Өсек-аяңның ордасы nur.kz-тен бөлек «Вконтакте» әлеуметтік желісінде 110 мыңға жуық оқырманы бар «Жаңалықтар» атты парақша жұмыс істейді. Түпкі мақсаттары сырт көзге байқала бермейтін жаңалықтардың жаға ұстатары да осында. Мәселен, «пәленше деген қазақ қызы желіге жалаңаш суретін салды. Оның бұл қылығын осындай танымал адам құптады» деген сияқты жар салулар. Жаңа туған баласын әжетхана шұңқырына тастап кетті дегенге саятын жаңалықтардан тіпті көз сүрінеді. Мұның барлығы арзан дүние. Біреулер оқырман санын көбейтуге жақсы дейді. Бір қызығы, шынында, жұрт соған құмар. Ондай жаңалықтардың қаралымы мен қалдырған пікірі әлдеқайда жоғары. Бірақ, бұл топтың әкімшілігі бір нәрсені ескермей жүр. Халықтың көзін жиіркенішті, ұлттық кодымызға қарсы дүниелерге үйретіп жатыр. Мысалы, «ең алғаш шарананы далаға лақтырып кетіпті» дегенді естігенде қандай күйде болдыңыз? Қазір ше? Сізге қарындасыңыздың жалаңаш суреті желі шарлап жүргені, қандастарыңыздың бір-біріне қастандық жасауы таң қалатын дүние болмай қалды. Бұл дегеніңіз – үлкен қайғы, орны толмас өкініш. Ұлттық құндылығымыздың қадірінің төмендеуі. Біз бұған жол бермеуіміз керек.
Ұлттың құнды қасиеттерін, баға жетпес салт-дәстүрлерін сақтайтын – халық. Ал, қолдан жасалған насихат елді есінен адастыратын мұндай дүниелерді бақылау жоқтың қасы. Болса да нәтиже көріп отырғанымыз жоқ.
Қыздарымыздың ұятсыз қылықтарын жарнамалап пайда таппасымыз анық. Жұрт одан жиренгенімен, соңы еті үйреніп қалыпты жағдайға айналып кетпесіне кепіл жоқ. Сондықтан, құзырлы органдар осы мәселе бойынша тиісті шаралар қолдануын талап ете отырып сұраймыз. Текті халықтың келешегін тегін нәрсеге айырбас қылмайық. Ұят болады!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.