Айдарда айбар бар
Қазақ халқы бала тəрбиесіне айрықша көңіл бөлгендіктен оның өсу кезеңінде түрлі салт-жоралғыларды жасауды əдетке айналдырған. Сондай дала заңдылығының бірі жаңа туған нəрестеге айдар қою үрдісі бар.
Мағынасы мол бұл жоралғыны әдетте перзент көрмей зарығып жүріп, ұлды болған жұп ізгі ниетпен орындайды. Ерлі-зайыптылар жылдар бойы күткен баланың төбесіне бір шоқ шаш қойып, оған маржан-моншақ араластырып өріп қоятын болған. Ертеде кейбір хан ұрпақтары мен бай-манаптар да жақсы көрген ұлдарының төбелеріне кішкене шаш қойып, оны «айдар» деп атаған.
Егерде ұлдардан кейінгі күткен жалғыз қыз болса, оның екі шекесіне екі шоқ шаш қойып, моншақ тағып, ер балалардан ерекшелеп қойған. Бұлай жасауды «тұлым қою» деп атаған. Осындайда аналары шағын басқосу өткізіп, қуанышын көппен бөліскен. Оның да өзіндік мəн-мағынасы бар. Өзге балаларға қарағанда тұлымды қыздарға ел-жұрт ерекше сүйіспеншілікпен қарап, бар жақсы тілектерін тілеп отырады. «Айдарлы ұлың, тұлымды қызың бар ма?» деген тəмсіл осыдан шықса керек.
Ал ата-аналарынан жастай айырылып жетім қалған, жанашыр туыс-туғаны жоқ балалардың желкесіне бір шоқ шаш қалдыратын салт болған. Астарында «осы бала тұлдыр жетім. Мұны кім-кімнің де құқық-мүддесін қорғау жауапкершілігі бар» дегені. Бұл «жетімнің желке шашы» деп аталып, оны көрген адамдар жетім екенін іштей ұғынған. Оған аяушылықпен қамқорлық көрсетіп, тіпті асырап алып отырған.
Жетімдерге желке шаш қою, қазіргідей аналар мен балалардың құқық-мүддесін қорғайтын заң-ережелер мен мекеме орындары жоқ заманда халық арасында белсенді рөл атқарған. Бұл ересектердің жанашыр жақыны жоқ ұрпақтар алдында борыштылық жəне жауапкершілік сезімдерін оятып, оларды қайырымсыздық пен рақымсыздықтан бойларын аулақ ұстап, мейірімді болуға баулыған.
Мұнан бөлек ата-бабалар кекіл қою ғұрпына да аса мән берген. Кекіл – қызға да, ұлға да тән шаш үлгісі. Маңдай тұсқа қойылған шаш кекіл деп аталған. Маңызды рәсімде жас балалардың қарын шашын тегіс ұстарамен алып тастайды да, маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қияды. Бұл оларға жарасымды ажар береді. Сүйкіміне сүйкім қосады деп есептеген және онда ата-ананың үкілеген үміті, сәбиге деген сүйіспеншілігі жасырынған деген ұғым болған. Сонымен қатар, баланың кекіліне періште ұялайды, оны қорғап жүреді деп сенген. Ғұрыптық мағынаға ие үрдіс ежелгі дәуірде көптеген халықтарда болған.
Ескі дәстүр жаңа заманның сәніне айналып, салт-дәстүрді ерекше ықыласпен қастерлейтін қазалылықтар шаш қою үрдісін қайта жаңғыртуда. Айдарды «осы балам ел-жұрттың қолдап-қорғауына, үміт-тілегіне ие болса екен» деген ниетпен ырымдап қояды. Осындай ұстаныммен жас отбасының отанасы Ғазиза Өтекешова да ұлы Әлішерге бөгенай қойғандығын жеткізді. Үлкендердің ықыласына бөленіп, батасын алсын, тіл-көзден аман болсын деген ықыласпен айдар шаш қалдырған екен.
Ғазизаның айтуынша, Әлішер 4 жаста өте зерек, алғыр, кішкентай болса да өзіндік талғамы бар. Балабақшада тапсырған жаттауды тез ұғып алады. Үйінде үлкен астан соң міндетті түрде құран оқылатындықтан, өзі жаттап алыпты. Қазір бірінші бата беріп, содан соң құран оқитын көрінеді. «Нұрай» балабақшасының «Балнұр» тобындағы тәрбиешілері оған «шашы бар Әлішер» деп ат қойған. Балабақшада түрлі іс-шараларға белсене қатысып, жарыстардан жүлделі орын алып жүр. Әлішер Темірханұлы ер мінезді ұстамды, уәдеге берік, өтірік айтпайтын салмақты мінезімен ерекшеленеді.
– Ырым бойынша баламыздың шашын нағашылары алып, ат мінгізеді. Ата-анам мен бауырларым бұл ұсынысты қолдап отыр. Бұйырса жылқы атап, салт-жоралғысын жасауға дайын, – дейді Ғазиза Өтекешова.
Айдар – айбардың және күш-қуаттың белгісі деп түсінген тағы бір ата-ана Айжан Төребаева да тұңғышы Арнұр Әкімжанұлына қырық күн толған күні қырқынан шығару рәсімінде қарын шашын алып, төбесінен бір шоқ шаш қалдырған.
"Дәстүр бойынша айдарды бала жеті жасқа немесе он үш жасқа келгенше тіл-көздің сұғынан сақтайды деп алғызбаған. Халық дәстүрінде балаға сұқтанған адамның көзі айдарға түсіп алдансын деген сеніммен қояды. Бөгенай қойған баланың шашын сүндетке отырғызғанда ғана алады деген де ұғым бар. Арнұрдың шашын қызыл және көк жіп араластырып өреміз", – деді Айжан Төребаева.
Қазақта «Айдарлы бала – айбарлы бала» деген сөз бар. Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Осындай үрдіс Тайланд халқында да бар көрінеді. Олардың наным-сенімдері бойынша аурушаң балаға айдар қойса, ол тез сауығып кетеді. Тайландықтар бала сырқатынан сауығып кеткен соң айдарды алып тастайды екен.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА