Ұйымшылдық үлгісі
Өткен сенбіде аудан бойынша көктемгі көркейту-абаттандыру, санитарлық тазалықтың екі айлығы аясында жұмыстар жалғасын тапты.
Қоршаған ортаны қоқыстан арылтуды мақсат тұтқан мекеме басшылары, бюджеттік сала қызметкерлері, дербес бөлім қызметкерлері мен жастар ауызбіршілікпен белсенділік танытты. Олар әуелі арықтарды тазалады. Оның маңайындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды, қураған шөптерді жинап, өртеді. Туған өлкенің көрікті жерлері тарихи орындар мен ескерткіш және саябақ айналасын күл-қоқыстан арылтты.
Сондай-ақ қазалылықтар «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» бірыңғай республикалық акциясына да қызу қолдау көрсетті. Атап айтқанда, Рәміздер алаңы, Жанқожа батыр кесенесі, Жалаңтөс баһадүр саябағына, Т.Рысқұлов, Т.Бөріқұлақов және Жанқожа батыр көшелеріне үш мыңға жуық қаратал егілді. Сонымен бірге Қазалы аграрлы-техникалық және көлік-техникалық жоғары колледждерінің ұстаздары мен техникалық қызметкерлері республикалық акцияға біркісідей атсалысып, оқу орнының ауласына ағаш көшеттерін отырғызды.
Маңызды акция аясында шаралар аудандық барлық ауылдық округтерінде де ұйымшылдықпен өткізіліп, тал егу мен тазалыққа байланысты үлгілі істер атқарылды. Кейбір ауылдарда арықтар аршылып, көміліп қалған аяқсу жолдары қайта арнайы техникамен қазылды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА