Ағаш егу – сауапты іс
Əйтеке би кентінде кезекті көктемгі сенбілік жұмысы ұйымдастырылды. Онда дербес бөлім қызметкерлері, мекеме-кәсіпорын ұжымы, білім беру ұйымдары мен жастар санитарлық-тазарту ісіне белсене қатысты.
Атап айтқанда, Жанқожа батыр кесенесінің түскен қабырғалары жөнделіп, қоршаулары мен отырғыштары сырланды. Бордюрлер мен талдар әктеліп, арам шөптер жұлынды. Арықтар тазаланып, аяқсу жолдары ашылды. Игілікке толы іс баба кесенесі мен Әйтеке би ескерткішінің маңайына 300-ге жуық қаратал көшетін егумен жалғасын тапты.
"Аудан әкімінің бастамасымен атқарылып жатқан тазалық айлығына барлық мекемелер біркісідей ауызбіршілікпен қатысуда. Бұл жолы бабалардың рухына арнап жас көшеттерді отырғыздық. Осындай сенбіліктер арқылы туған жердің өркендеуіне өз үлесімізді қосып отырмыз. Әрбір адам тал егіп, өлкенің көркеюіне білек сыбана ат салысуы керек деп ойлаймын. Сонда тұрғылықты мекеніміз көгалданып, тазарып, жақсарып қалары сөзсіз. Сондықтан баршаңызды тазалық айлығына қатысуға шақырамын", – дейді Әйтеке би кенті әкімінің аппараты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәуіржан Құлмұратов.
"Өлі разы болмай, тірі байымас" дегенді ұстанған Әйтеке би кенті әкімдігі мұсылманша мал сойып, бабаларға құран бағыштап, ас берді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА