Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Амал күніне асыққан ақсақал

Амал күніне асыққан ақсақал

Көктемнің алғашқы күн­деріндегі таң шапағы түндіктен сығалап, Әбілхан ақсақалдың немерелерін күндегіден ерте оятты. Құдайдың құтты күні құлын-тайдай тебісіп, үсті-басының алба-жұлбасын шығарып жүре­тін балақайлар күнделікті еркеліктерін тежеп, естияр азамат секілді үстіндегі ұлттық нақыштағы киімімен атасының жанына жайғасқан. Үлкен шаңы­рақтағы апа-жеңгелер де бүгін ерекше көңіл-күймен айналасын жинастырып, меймандарға жайылатын дастарқанның қамына кірісіп кетті. Бұл кезде олардың отағасы түнде жайылымға жіберген сәйгүліктерді алып келуге жол асып кеткен еді. Көп ұзамай оралып, тұлпарлардың сән-салтанатын келістіріп қоюы керек. Себебі Әбілхан ақсақал рудың үлкені болғанымен, белгілі себептермен көрісіп келе алмаған немесе сағынысқан жақындарына өзі басын кішірейтіп барғалы отыр емес пе?! Оның үстіне амал мерекесі қарсаңында былтыр жайылымдық жерге бола ренжісіп қалған Заман шалға барып қайтатынын да әңгіме қылған еді. Малдың ыңғайымен құнарлы жерге мезгіл сайын қоныс ауыс­тыратын ақсақалдың наурыздың алғашқы ширегінен кейін қылатын жылдағы әдеті осы.

Көктегі күн шығыстан дөңгелене шығып үлгерген соң даладағы жан біткеннің барлығы қосыла шырқаған көктемнің көңілді әні сыңғырлай аққан бұлақ суы мен жер бетіндегі желбіреген қызғалдақтардың сәнін одан әрі аша түскендей. Көп ұзамай алыстан ат тұяғының дауысы мен домбыраның көңілді күмбірі қатар естілді. Мұны көрген кішкентайлар сабырлы кейпінен айнып, «алақайға» басып, оларды қарсы алуға жүгірді. Оның арасындағы кішкентайы Еламанның көп ұзамай-ақ шапаны аяғына шалынып, топ-томпақ денесімен домалай жөнелді. Түрегелгесін үстін шынашақтай қолдарымен қағып жатып, шеңгел іліп кеткен жыртығына көзі түсіп, жүрегі зырқ ете қалды, білем. Ауызын арандай ашып, боздаған ботадай кері жүгірді.

Бұл кезде көрші ауылдан келе жатқан көңілді қонақтар түр әлпеті анық көрінетін тұсқа жақындаған. Әбілхан қария оң қолымен көзін күннен көлеңкелей қарап тұрды да: «Еее, Аманқос ақсақал ғой... Жүрісіне қарағанда күш-қуаты бойында сияқты. Уақыт өткен сайын жүзі нұрланып келеді. Жұртқа қылған жақсылығының есебінен ғой, Құдай», – деп қонақтарға қарай ақырын аяңдады. Бір көктем көріспеген жақын жуықтарымен төс қағыстырып, алма кезек құшағына қысты. Екі тарап та «Бір жасқа есеюіңмен», «Қыстан аман-есен жетуіңмен», «Жасыңа жас қосылсын», «Ғұмырың ұзара берсін», «Қарсы келген жерім болса, кешір» деп жарыса тілек-ниеттерін білдіріп жатты. Аманқос ауылының артынша олардың солтүстігіндегі елді мекеннің адамдары да келіп қалды. Кенет Әбілхан кейінгі қонақтардың арасынан басын төмен қаратып, көз қиығын салған Заман шалды көрді. Оның тұрысынан айыбын мойындап тұрғанын байқау қиын емес-тін.

Кешегі күз айында Әбілханның жылқылары өрісте жүріп, бұның жайылымына кіріп кеткен. Заман тікенек сымы бар қамшысымен сабап жүріп, үйірді кері қайтарып жібергені бар. Қора-жайдың шаруасымен жүрген Әбілхан үсті-басы қанға малынып өрістен қайтқан жалқұйрықтыларды көргенінде қатты ашуланды. Сол жолы талай жаугершілік заманда тізе қосып, торқалы жиында бірге дәмдес болған ақсақал арын жерге таптағандай сезінген еді. Тіпті: «Сыйластығының сыйқы сол болса көрерміз әлі. Бұл ауылмен біздің рудың қыз алысып, қыз беріскенін естімейтін болайын», – деп қасындағыларға пәрмен де берген. Теке сақалды шалды көргенде Әбекеңнің көз алдында сол оқиға елес берген-ді. Әйтсе де, кеше Амал мерекесінде ренжіскен жұртпен татуласамын деген серті бар еді. Бетпе-бет келгенде көкіректің көтеріле кететіні болмаса...

Екеуінің көз арбасқан тұрысы айналадағы біраз адамның көңіліне қорқыныш ұялатқаны рас. Сүт пісірім уақыттан кейін алғашқы сөзді Заман қозғады.

– Әбеке, неден бастарымды білмей аңтарылып тұрғанымды байқаған боларсыз. Шалыс бас­тым. Сол күні бірнеше сиырым төлдеген еді. Не себеп болғанын білмеймін, бұзаудың бәрі өліп қалды. Ашуымды сіздің жылқыңыздан алғаным дұрыс болмады. Кешірім сұрап келудің сәті түспей, осы Амал мерекесін арнайы күтіп жүргенімді де жасырмаймын. Бір ашуыңызды беріп, кеудемнен итермесеңіз екен, – деді.

Негізі үй иесі өте көңілшек жан еді. «Біреу кешірім сұрап алдыңа келсе, әкеңнің құнын кеш» деген тәмсіл осы кісінің мінезіне қарап айтылғандай. Қыңыр мінезді шалдың бұлай кішірейуін күтпесе де, көп кідірмеді.

– Кештім, Заман ақсақал. Сен де артық кетсем айып етпессің, – деп Әбілхан құрдасын құшақтай кетті.

Жиналған қауым жан-жақтан «бәрекелді», «көрісудің кереметі», «сыйластықтарың өмірлік болғай» деп жамырасып жатты. Сәлден соң алыстан ат терлетіп келген меймандарды ақ боз үйге кіргізіп, қонақасын берді. Ақ түйенің қарны жарылып, қазан көтерілді. Қазақ даласының әр түкпірінен келген жыршы-термешілер құй­қылжытып ән салды. Ал балалар болса көрші ауылдың келіншектері әкелген өткен жылғы сүрленген ет, қазы-қарта мен сүт өнімдерінің арасынан құрт пен ірімшікті тауып жегендеріне мәз.

Ет желініп, өнерпаздардың өнері таусылған соң Әбілхан қонақтармен қоштасып тұрып: «Амандық-саулық сұрап кел­гендеріңізге көп рақмет. Амал­дарыңыз оңынан болсын! Келер жылы да төрт көзіміз түгел, балпақтың ұядан шыққанын бірге тамашалайық», – деді әзілдеп. Бұдан соң әйел адамдарға сәнді нақышталған жеңсіз көйлектер, ер кісілерге шапан жауып, араларындағы жасы үлкен сыйлы ақсақалға арғымақ ат мінгізді. Жүзі жылы жеңгейлер кішкентай қонақтардың қалтасына «жолай жейсіңдер» деп жент, қант, бауырсақтарын тыққыштаумен әуре.

Бұл кезде күн ұясына жақындап та қалған еді. Әбілхан келушілерді ауыл сыртына дейін шығарып салып, кері қайтты. Мерекелік салтанатқа бөленген елдің ту сыртынан қарағандағы көрініс жүрегіне жылылық ұялатып, ерекше күйге бөледі. Іштей ауызбіршілікке, сыйластық пен татулыққа шақырған мерекені ойлап тапқан өз ұлтына сүйсініп тұрды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
18 наурыз 2019 ж. 1 526 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930