Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Үш қап ұнның хикаясы

Үш қап ұнның хикаясы

Сонау бір жылдары халық азық-түліктен тарыққан, айлық жалақыны уақытылы ала алмай қиналған кез болатын. Қызмет бабымен «Қызыл ту» совхозына (қазіргі Жалаңтөс батыр ауылы) барғанмын.

Шаруам біткеннен кейін қайтуға жинала бастағанда үй иесі мені шақыртқан үлкен кісіге:
– Ата, мына ағаны алып келген машина оталмай қалды, бензині таусылыпты, – деп ескертті.
– Онда әлгі кішкентай мотоцикліңді шығар, бұл ағаң жұмысына үлгіріп баруы керек, – деді қария дауысын қатқылдау шығарып.
– Бензині жоқтың қасы, поселкеге дейін жетпейтін шығар, – деді баласы күмілжіп.
– Поселкеге жетпесе, Басықараның жолына дейін жететін шығар. Жолға шығарып, кездескен көлікке отырғызып жібер. Мотоцикліңді ауылға итеріп-ақ келерсің, – деді.
Сыртқа шықтық. Тізгіндегені «Ковровец» аталатын шағын мотоцикл екен.
Екеуміз мінгескен мотоцикл трассамен жол айрыққа жетер-жетпесте тоқтады. Сол мезет Басықара жақтан келе жатқан машина көрінді. Дереу қол көтердік. Қорабында «Автолавка» деген жазуы бар көлік жолдың жиегіне шығып тоқтай қалды. Поселкеге ала кетуді өтініп, кабинаға жайғаса бергенімде, мені әкелген жігіт бірдеңе деп еді, басын шайқап орнына жайғасқан жүргізуші:
– Бензинін қарап алмай жолға шыққаны несі. Қазір бензин сұрайтын заман ба? Әлі қанша баратын жерім бар, – деп өшіп қалған моторын оталдыра бастады.
– Ағасы, ол жігітке кейімеңіз. Оны атасы мені осы араға жеткізу үшін бензині таусылайын деп тұрғанын білсе де еріксіз жіберді. Қайтарда итеріп-ақ келесің деп тапсырды –дедім жігітті арашалап.
– Иә, кейбір қарттар заманға қарамай жақсылық жасауға құмар. Жаңа ғана бір ағаның жасаған ісі мен айтқан сөзі есімнен кетпей басымды шайқаумен келе жатыр едім, – деп сұраулы жүзбен қараған маған күлімсіреп қойды.
– Қазір айтып беремін. Әпсана боларлық әңгіме, – деп, машинасын жайлы жүріспен ұлы жолға салысымен сөз бастады.
– Басықарадан онша қашық емес, бұрынғы совхоздың малшыларынан қалған бес-алты үй отыратын. Отар-отар қойларынан айырылып, шамалы ірі-қара, қой ешкілерін ермек қылып, көшіп кете алмай қалған. Солардың бірі жетпісті алқымдап қалған ағайын ағамыз «ұндары таусылғанын» айтып жіберіпті. Бұрынғы сауданың ізімен оны-мұны сататынымнан хабары болатын. Содан баяғы, потребсоюз, рабкобтардан жұрнағы қалған қоймаларды жағалап алты қап ұн тауып кешкілік ағаның үйіне қондым.
Ертеңгі астан кейін «алты қап ұн әкелгенімді, ақшалары болмаса малға айырбастайтынымды» айтып ана үйлерге баруға шығып бара жатқанда жеңгеміз «бізге үш қап» деп сыбырлады.
Үйлерді араладым. Бір үй зейнет ақысынан есептесетін болып бір қабын алды, екі үй бір қап ұнға екі тоқтыдан беруге келісіп, бір-бір қаптан алды. Екі үй ала алмады. Ақшалары жоқ. Тоқты, лақтары болмағандықтан, ірі қараларының төлдерін қимады-ау деймін.
Ағаның үйіне қайта келгенімде, жеңілдеп істелген тамақ, шай дайын екен. Шай үстінде аға шаруа жайын сұрады. Жағдайды айтып, өздеріне әкелген бір қапқа қоса екі қаптың орайы келіп, жеңгемнің тапсырмасын орындайтын болғанымды айттым.
Шай құйылған кесесін қолына алып қарап отырған аға басын көтеріп алып:
– Інім, бізге бір қап ұн да жетеді. Ана екі қап ұнды екі үйге апарып бер. Ертең малдың аузы көкке тисе қарыздарынан құтылады. Шиеттей баласы бар. Мен кепіл болайын солай істе, шырағым, – деген отағасына жеңгеміз жағаласа кетті.
– Бұл бала енді қай уақытта келеді...
– Иә, бұл бала енді қай уақытта келеді... Алла оның бетін әрмен қылсын, ашаршылық болса алдымен ұн алмаған екі пақырдың отбасы о дүниелік болады екен, оны біз көмеді екенбіз, одан кейін бір-бір қап алғандарды да біз жайғарамыз. Ақыр соңында үш қап ұны бар екеуміз қаламыз ғой, біз кетсек бізді кім жерлейді? Көмусіз қалғаннан, көппен бірге болғанымыз дұрыс-ау, – деп кесесін дастарқанға қойды.
Жеңгемізде үн жоқ. Дереу орнымнан тұрып, машинаны оталдырып, бір қап ұнды ағаның үйіне қалдырып, екі қап ұнды екі үйге апарып бердім. Ағаның кепіл болғанын, кейін төлеуге келісетінімді айттым. Маған да, ағаға да батасын беріп жатыр.
Әрине, қанша қиындық болғанмен аштан өлетін заман жоқ қой. Дегенмен қарапайып қазақтың қара шалының не болса да көппен бірге болуға меңзеген әңгімесінің «көмусіз қалғаннан, көппен бірге болған дұрыс-ау», – деген тұжырымы ойыма оралып, таң қалып, бас шайқап келемін, – деп автодүкенші әңгімесін аяқтады.
Мен де ризалық пейілмен қоштайты­нымды білдірдім.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ
02 наурыз 2019 ж. 2 483 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031