Қазақстанда қайтыс болғандарға 21 миллиард теңге зейнетақы төленген
Қазақстанның зейнетақы қорынан миллиардтаған теңге қайтыс болғандардың, хабар-ошарсыз кеткендердің, сондай-ақ Ауғанстан, Нигерия және Үндістан тұрғындарының шоттарына аударылып келген. Бюджет қаражатының қалай, қайда және неге жылыстатылғаны туралы толығырақ Tengrinews.kz материалында.
Не болды?
Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылғы бюджет қаражатын жұмсау барысын тексерді. Қаражаттың басым бөлігі зейнетақыға бағытталған. Алайда, бұл ақшаның кейде бейберекет төленгені анықталды: қайтыс болғандарға, хабар-ошарсыз кеткендерге, тіпті өзге мемлекеттердің азаматтарына аударылған.
Толығырақ
Құжатқа сәйкес, мәселе Қазақстанның шетелдіктерді тексеру бойынша көптеген елмен нақты келісімдердің жоқ екенінде болып отыр. Себебі, тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер жергілікті азаматтармен тең дәрежеде қазақстандық мемлекеттік зейнетақыны (базалық та, ынтымақты да) алуға толық құқылы. Басты шарт – елде ресми белгіленген мерзімде тұру және еңбек өтілінің болуы.
Бірақ бұл жерде маңызды жайт бар: төлемдерді тағайындау кезінде адамның өз отанында қатарлас зейнетақы алып жатқан-жатпағанын қадағалау әрдайым мүмкін емес, аудиторлар осы мәселені көтеріп отыр.
Атап айтқанда, ЖАП шетелдіктің өз елінде зейнетақы алатынын және оның еңбек өтілін расында адал тапқанын жедел білудің қиын екенін хабарлады.
"Зейнетақыға құқықты анықтау (азаматтығы бойынша зейнетақы алу фактісі) және оның мөлшерін белгілеу (еңбек құқығын растау) үшін шешуші маңызы бар мән-жайларды анықтау мәселелері бойынша халықаралық келісімдердің болмауы салдарынан республикалық бюджеттің негізсіз шығын тәуекелдері анықталды", – делінген аудиторлар құжатында.
Осы себепті ел бюджеті қомақты қаражатты "сыйға тарту" қаупіне ұшырап отыр. ЖАП есебіндегі санадар келесідей: 17 мыңнан астам шетелдік пен азаматтығы жоқ адам қазақстандық зейнетақы алып келген. Оларға бюджеттен жыл сайын 9 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Олардың арасында алыс шетелдің 47 елінен келген 2 818 азамат бар. Мысалы, Қазақстан жыл сайын Қытайдың 1 650 азаматына, Ауғанстанның 17 азаматына, Үндістанның 5, Нигерияның 2 және Вьетнамның бір азаматына зейнетақы төлеген.
Бұл елдердің көбінде барлық азаматқа арналған толыққанды зейнетақы жүйесі мүлдем жоқ, ол жақта зейнетақыны халықтың таңдаулы бөлігі ғана алады. Мәселен, Қазақстан зейнетақы төлеп отырған шетелдіктердің отанында жүйе қалай құрылған:
Пәкістан мен Нигерияда зейнетақы тек бұрынғы мемлекеттік қызметшілерге, әскерилерге және мұнай секторында жұмыс істегендерге беріледі.
Үндістанда мемлекет зейнетақыны тек шенеуніктер мен әскерилерге төлейді.
Қытайда зейнетақы төлемдерімен тек қала тұрғындары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен әскерилер қамтылған. Ауыл тұрғындары ештеңе алмайды.
Вьетнам мен Филиппинде мемлекет есебінен лайықты демалысқа тек мемлекеттік қызметшілер, қала тұрғындары мен ірі корпорация қызметкерлері үміткер бола алады.
Яғни, бұл адамдардың өз отанында зейнетақы алуға мүлдем құқығы болмауы мүмкін еді. Тағы 920 адам – жалпы азаматтығы жоқ тұлға. Тек солардың зейнетақысына Қазақстаннан жылына 3 миллиард теңгеге жуық қаражат "ұшып кеткен".
Қайтыс болғандар мен жоғалғандарға 21 миллиард теңге
Бюджеттегі тағы бір мәселе немесе 21 миллиард теңге кеткен "қара құрдым" – бұл қайтыс болғандар мен хабар-ошарсыз кеткендерге берілген төлемдер.
Төрт жыл ішінде (2020-2024 жж.) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі санаттағы 60 мыңнан астам адамға зейнетақы төлеген:
баяғыда қайтыс болғандар;
ресми түрде хабар-ошарсыз кетті деп танылғандар;
басқа елдерге біржола қоныс аударғандар.
Бұл қалай болды? Еңбек министрлігінің мәліметтер базасы басқа мемлекеттік органдардың жүйелерімен автоматты түрде біріктірілмеген.
"2020–2024 жылдар аралығында қайтыс болған, елден кеткен, хабар-ошарсыз кеткен 60 мыңнан астам алушыға 21 миллиард теңге сомасында зейнетақы төленген. Бұған алынатын ақпараттың автоматтандырылмауы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерімен интеграцияның жоқтығы себеп болған", – делінген ЖАП құжатында.
Сандар сөйлейді:
Сандар сөйлейді:
ЖАП аудиті
Әйтсе де, қос төлемнің әлі де жалғасып жатқанын кесіп айтуға болмайды – тексеру тек өткен жылдарды қамтыды. Сонымен қатар, заңбұзушыларды заңсыз алынған зейнетақыны мемлекетке қайтаруға мәжбүрлейді.
Ақшаны қайтару қалай жүзеге асады?
Бұған дейін елімізде заңсыз зейнетақы алып келген қос азаматтығы бар қазақстандықтардың бұл қаражатты бюджетке қайтаруға міндетті болатыны туралы жазған болатынбыз. Оларға қатысты тиісті істер Қаржылық мониторинг агенттігіне беріледі. Олар тергеу жүргізіп, шығынның нақты көлемін анықтайды.
2025 жылғы қыркүйекте Еңбек министрлігі зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді шектеуді ұсынған болатын. Түзетулерге сәйкес, олар Қазақстанда тұрақты тұратын және тіркеуі бар азаматтарға ғана тағайындалады.
"Бүгінде бізде зейнеткерлердің Қазақстан аумағында тұрмайтыны және екінші азаматтығы бола тұра елден тыс жерлерге шығып кеткені туралы фактілер анықталды. Сондықтан қазір зейнеткерлерге қатысты ғана емес, тұрғылықты жері бойынша тіркелу талаптарына да қатысты толық қатаңдату жүріп жатыр", – деді сол кездегі еңбек министрі Светлана Жақыпова үкімет кулуарында.









