"Жақсы сыйлық деп ойлаймын": Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерге гүл сыйлауға рұқсат бермек
Фото: pixabay.comОқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бітіру кешінде мұғалімдерге гүл сыйлауға ресми түрде рұқсат беретін норманы енгізу мәселесін қарастырылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтегі брифингте журналистер министрден мектеп бітіру кештерін өткізу ережелерінің қай тұстары жеңілдетілуі мүмкін екенін сұрады. Сұрақ мұғалімдерге сыйлық беру мәселесіне де қатысты болды.
Жұлдыз Сүлейменова бұған дейін белгілі бір норматив енгізу туралы ұсыныс айтылғанын еске салып, бұл мәселені "қарастыруға болатынын" айтты.
Министрдің сөзінше, егер қандай да бір жеңілдік қарастырылса, ол тек гүлге қатысты ғана болуы мүмкін.
"Мысалы, гүл сыйлауға заң жүзінде рұқсат беретін норманы қарастыруға болады. Бірақ, менің ойымша, бұл тек гүл ғана болады. Мұғалімдерге гүл сыйлау – жақсы сыйлық деп ойлаймын. Бірақ мұның өзі де заң талаптары аясында болуы керек", – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Түлектердің бітіру кешінде алған қымбат сыйлықтары қазақстандықтардың талқысына түскен еді. Онда оқушыларға ата-аналары мектепке келіп 101 роза, қымбат телефон мен тіпті көлік сыйлаған.











