Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғаттан басталған тұтас сана

Табиғаттан басталған тұтас сана

Әр апта сайын мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, сенбілікке шығып жүр. Ауданның жай-күйі оның тазалығынан байқалады. Сол таза ортаны қалыптастыруда ел бойынша «Таза Қазақстан» акциясы өтуде. Экологиялық жобаның берері мол. Көше келбеті жаңарып, күл-қоқыстан арылды. Артық шөп шабылып, көше бойын шарлайтын шөлмектер де азайған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында өзінің тікелей бастамасымен іске асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің мән-маңызына ерекше тоқталып өткен еді. Президент өз сөзінде біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ екенін, туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейтінін және Отанымызды таза ұстау — әр азаматтың қастерлі парызы екенін, қоршаған ортамыздың тазалығы ортақ жауапкершілігіміз екенін үнемі айтып келеді. Ластанған аумақтарды қалдықтардан тазартуға, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізуге және тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған бұл акция аз уақыт ішінде еліміздің түкпір-түкпірінде кең етек жайып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Сондай-ақ бүгінде бұл игі бастамадан Қазалы ауданы да шет қалмай, жастармен қатар мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің де экологиялық акцияға қатысу белсенділігі күн санап артып, өздеріне тиісті аймақтарды қоқыс қалдығынан тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жалпыұлттық экологиялық бағдарлама аясында ауданда саябақтар, скверлер мен аллеяларды, тұрғындар көп шоғырланатын орындарды абаттандыру жұмыстары жасалуда. Осы ретте ауданда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді үлес қосқан азаматтарды марапаттауға арналған салтанатты шара өтті.
Теміржол вокзалы жанындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы саябақта өткен шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, экологиялық акция аясында ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында сөз қозғады. Аудан басшысы әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты екенін, себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы болатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол тазалық акциясына белсенді қатысып жүрген азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттап, барша жерлестерін игі бастаманы өз үйінен бастап, аулалар мен көшелерде жүзеге асыруға, кент, қала мен ауылдарда тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырды.
– Президентіміз әрдайым «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы» деп қоршаған ортамыздың тазалығы – ортақ жауапкершілігіміз екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде жалпыұлттық экологиялық бағдарлама аясында ауданымызда саябақтар, скверлер мен аллеяларды, тұрғындар көп шоғырланатын орындарға кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары жасалып келеді. Ауа райының кез келген мезгіліне қарамастан тынымсыз еңбек еткен жерлестеріміздің арқасында ауданымыз таза әрі көркем аймаққа айналуда. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы. Барша жерлестерімізді игі бастаманы өз үйінен бастап, аулалар мен көшелерде, мөлтек аудандарда жүзеге асыруға, кент, қала мен ауылдарда тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырамын, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Марапаттау шарасы әрі қарай «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы кезекті сенбілік жұмыстарына ұласып, қазалылықтар туған жердің тазалығына бір кісідей атсалысты. Сенбілік барысында аудан көлеміндегі барлық елді мекендерде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы әрі таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға мекеме қызметкерлері мен тұрғындар ерекше белсенділік танытты. Әйтеке би кентінде өткен тазалық шаралары барысында «Әйтеке би» және «Жалаңтөс баһадүр» саябақтарында, сондай-ақ Төремұрат жырау, Төле би, Желтоқсан көшелерінде бей-берекет өскен шөптер шабылып, санитарлық тазалау жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар жол жиегі мен аяқсу арналары қоқыстан тазартылып, бірқатар аумақтары қалпына келтірілді.
Сенбілік жұмыстарының барысын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы аралап көріп, кент әкімі мен тазалық жұмыстары жүргізілетін аумақтарға жауапты мекеме басшыларына санитарлық тазалықты тұрақты бақылауда ұстау, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және тұрғындар көп шоғырланатын орындардың тазалығына ерекше мән беру бағытында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Жалпы аудан көлемінде өткен сенбілікке барлығы 125 мекемеден 1577 адам қатысып, 14 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде полигондарға 11,7 тонна қоқыс шығарылды.
Айта кеткен жөн, аудан бойынша жыл басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясы аясында аудан орталығы мен елді мекендерде 50-ден астам кең ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығы Әйтеке би кентінде 100 дана қоқыс жәшігі сатып алынса, аудан орталығындағы көше атауы берілген азаматтардың ұрпақтарының демеушілігімен 80 дана қоқыс жәшігі алынып, тұрғын үйлерге орналастырылған. Жүргізілген тазалық жұмыстары нәтижесінде жыл басынан бері 5680 тонна қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылған. Ал тазалық шаралары аясында аудан бойынша биыл барлық елді мекендер бойынша 5500 түп ағаш көшеттері егіліп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.
Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Сол парызды орындау жолында ел болып жұмылып, әр адам акцияға үлес қосуда. Әр апта сайын сенбілікке серпінмен шығатын аудандағы мекеме қызметкерлері біршама тірліктің басын қайыруда. Алдағы уақытта акция жалғасын тауып, тазалық сақтау тұрақты жүзеге аспақ. «Таза Қазақстан» – таза аймақ.

Айнұр ӘЛИ
26 мамыр 2026 ж. 31 0

ҰБТ – 2026: қам қалай?

26 мамыр 2026 ж. 36

Кәсіпке бастар жол

26 мамыр 2026 ж. 24

1015 түлек түлеп ұшты

26 мамыр 2026 ж. 29

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031