Еңбек еткен жас – елге тірек
Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, қоғамның әлеуетін арттыру, жұмыссыз жүрген азаматтарды еңбекке тарту, кәсіп бастауға ынталы жандарға қолдау көрсету және кәсіпкерлік негіздерін үйрету – жергілікті атқарушы органдардың маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта елімізде бірнеше жылдан бері түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Бағдарламаларда белгіленген міндеттерді орындау, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу секілді жұмыстар «Мансап» орталықтарымен қатар жергілікті жастар саясатына да жүктелген. Сондықтан жұмыссыздық мәселесіне тап болған жастар көбіне осы орталықтарға жүгінеді. Мамандар өз кезегінде оларға бағыт-бағдар беріп, кеңес ұсынып, түрлі бағдарламаларға қатысуына, уақытша және ақылы қоғамдық жұмыстарға, сондай-ақ жаңадан ашылған жұмыс орындарына орналасуына қолдау көрсетеді.
Дегенмен, аудандағы жастардың қазіргі жағдайы қандай? Жергілікті жастар қаншалықты жұмыспен қамтылған? Осы сауалдарға жауап іздеп, Жастар ресурстық орталығына хабарластық.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде ауданда 23 552 жас бар. Әрине, осынша жастың барлығы толықтай жұмыспен қамтылып, қоғамнан өз орнын тауып отыр деу шындыққа жанаса қоймайды. Дегенмен аудандық жастар саясаты мәселелері орталығының деректері жастарды жұмыспен қамту бағытында нақты нәтижелер бар екенін аңғартты.
Қолда бар мәліметке сенсек, былтыр аудандық «Мансап» орталығына 35 жасқа дейінгі 4001 жас жүгінген. Олардың басым бөлігіне мамандар тарапынан кеңес беріліп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі ұсынылған. Соның нәтижесінде 76 жас «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, жеке ісін бастауға бағыт алған. Бұл жоба жастардың тек жұмыс іздеуші емес, керісінше жаңа жұмыс орындарын ашатын кәсіп иесіне айналуына жол ашып отыр.
Сонымен қатар 15 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік алса, 242 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы алғашқы еңбек жолын бастаған. Аталған бағдарлама әсіресе оқу орнын енді тәмамдаған жас мамандар үшін үлкен қолдау болып отыр. Себебі тәжірибе арқылы олар мамандығына сай жұмыс істеп, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады.
Мұнан бөлек, 288 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, уақытша табыс табу мүмкіндігіне ие болған. Ал 178 жас тұрақты жұмыс орындарына орналасып, еңбек нарығында өз орнын тапқан. Бұл көрсеткіштер аудандағы жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда. Қазіргі таңда орталық «Мансап» орталығымен бірлесе бірнеше мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуына ұйытқы болып, жастарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында түрлі жобаларды қолға алған. Соның ішінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру жақсы дәстүрге айналған.
Аталған жәрмеңке аясында жастарға кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларды бос жұмыс орындарына бағыттау, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу тетіктерін түсіндіру ісіне басымдық берілген. Нәтижесінде көптеген жас өзіне лайықты жұмыс тауып, еңбек нарығына араласуға мүмкіндік алған.
Жыл басынан бері аудандық «Мансап» орталығына 35 жасқа дейінгі 433 жас жүгінген. Мамандардың қолдауымен олардың бірқатары жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Атап айтқанда, 46 жас «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 8 жас әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған.
Сонымен қатар 28 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысып, алғашқы еңбек жолын бастаған. Бұл бағдарлама жас мамандардың тәжірибе жинақтап, мамандығы бойынша шыңдалуына мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, 143 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, уақытша табыс табу мүмкіндігіне ие болған. Ал 186 жас тұрақты жұмыс орындарына орналасып, өз кәсібін табуға қадам жасаған.
Мамандардың айтуынша, «Жастар жәрмеңкесі» биылдың өзінде көптеген жасқа жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік жасап, бірқатар азаматтың тұрақты жұмыс табуына ықпал еткен. Мұндай шаралар жастардың еңбек нарығындағы сұранысты түсінуіне, өз қабілетіне сай мамандық таңдауына және тұрақты табыс көзін қалыптастыруына септігін тигізіп келеді.
– Ауданда халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жыл сайын арнайы жоспар негізінде жүзеге асырылады. Осы бағытта түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Әсіресе азаматтар көп шоғырланатын орындарда тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері мен кәсіпкерлік бастамаларды дамыту бағдарламалары жөнінде кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесулер өткізіліп, жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Кездесулер барысында орталық мамандары «Мансап» орталығының қызметкерлерімен бірлесе мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіріп, жастарға еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы жан-жақты мәлімет беріп келеді, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының инспекторы Қарлығаш Таңатарова.
Қош. Еңбекке бейім жас – елдің ертеңгі дамуы мен тұрақты өркендеуінің басты кепілі. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шаралары жастардың жұмысқа орналасуына, кәсіп игеруіне және еңбек нарығынан өз орнын табуына зор мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде жауапкершілігі жоғары, еңбекқор жастар қатары артып келеді. Алдағы уақытта да бұл үдеріс жалғасып, ел болашағына үлес қосатын жас буынның көбейе берері сөзсіз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













