Қазақстандағы алдағы оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді
Фото: freepik.comҮкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы оқу жылдарының деңгейінде сақталып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр Саясат Нұрбек алдағы 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінгенін атап өтті.
Олардың ішінде:
бакалавриатқа – 75 371;
магистратураға – 11 007;
докторантураға – 3 079.
Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі қажеттілік болжамымен сәйкестендірілген.
"Гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, 21%-ы педагог кадрларды даярлауға бағытталған", – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
"Болашақ" бағдарламасы талаптарына сай келмейтін үміткерлерге 7,7 миллиард теңге шәкіртақы тағайындалған
Ведомство мәліметінше, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 19 250.
Ал педагогикалық ғылымдарға – 13 738;
ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 11 662;
жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 363;
ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 3 145;
денсаулық сақтау саласына – 2 700;
қызметтер бойынша – 2 400;
өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 915;
әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 1 485;
бизнес, басқару және құқыққа – 1 423;
ветеринарияға – 1 275 грант бөлінген.
Оған қосымша еліміздің жоғары оқу орындары "Серпін" бағдарламасы аясында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Іс-шаралармен 13 мыңнан астам оқушы, 2 мыңға жуық ата-ана және 700-ден астам кәсіптік бағдар беруші қамтылған.
Педагогикалық және медициналық бағыттарға түсушілер үшін арнайы емтихандар қарастырылған. Ал шығармашылық білім беру бағдарламаларына түсетін талапкерлер үшін бөлек шығармашылық емтихан ұйымдастырылады.
"Грант конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау 13-20 шілде аралығында өтеді. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін аяқталады", – деді Саясат Нұрбек.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары қазақ және орыс бөлімдері арасындағы өту балдарының айырмашылығын әділетсіз деп бағалап отырғанын жазған едік. Биыл Астанадағы Республикалық физика-математика мектебі қазақ бөліміне өту үшін 114 балл қажет болса, орыс бөліміне 97 балл жеткілікті болған. Ал Алматыда қазақ бөліміне 100 баллмен ғана грант берілсе, орыс бөлімінде 83 балл жинаған талапкерлер қабылданған. Сонымен қатар ата-аналар қазақ бөліміндегі грант саны көбірек қысқарғанына да наразылық білдіруде. Министрлік конкурс бірыңғай талаппен өткенін мәлімдеп, мәселе бақылауда екенін хабарлады.











