Арапа күні не істеу керек?

Құрбан айтқа бір күні қалды. 26 мамыр – Арапа күні. Бүгін мұсылмандар ораза ұстап, құран мен нәпіл намаз оқиды. Осындай қасиетті күні тағы не істеу керегін тарқатайық.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені Арапа – Алла Тағала қадірлеген күн» десе, тағы бір хадисінде «Дұғаның абзалы – Арапа күнінің дұғасы және мен әрі менен бұрын болған пайғамбарлардың айтқан дұғаның абзалы – Алла Тағаладан өзге тәңір жоқ. Ол – жалғыз. Оның серігі жоқ. Иелік және мақтау Алла Тағалаға тән әрі Ол барлық нәрсеге құдіретті» дейді.
Неге «арапа» деп аталған?
«Арапа» араб тіліндегі «ъарафа» етістігінен шыққан. Қазақша аударғанда «білу», «түсіну» деген мағына береді. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбардың түсімен байланысты. Ол баласы Исмайылды құрбандыққа шалу жайында түс көреді. Ертесі (айдың тоғызыншы күні) сол түсті тағы көріп, аян түскенін түсінеді. Сондықтан бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен.
Қандай сауапті іс күтіп тұр?
ҚМДБ мәліметінше, Арапа күні бесін намазы уақытында Аллаға мақтау айтып, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеп салауат айту керек. Астана уақыты бойынша бесін намазының уақыты 12:16-да кіреді.
Құрбан айт Зульхижжә айының 10 күніне сәйкес келеді. Ал рсы айдың басындағы он күн – барынша сауап жинайтын мезгіл. Өйткені Алла тағала Фәжр сүресінде:«Рауандап атқан таңмен және (зүл-хижжәның айының) он түнімен ант етемін», –деген. Пайғамбарымыз да (ﷺ): «Осы он күнде жасалған игі істен Аллаға сүйкімдірек игі іс жоқ, яғни (зүлхиджаның) он күні...», – деген
Сондықтан бүгін мейлінше:
- ораза ұстау
- құран оқу (сахих хадистерде құранның әр әрпіне он сауап жазылатыны көрсетілген)
- нәпіл намаз оқу
- мұқтаж жанға садақа беру
- игі амал жасау
Дінтанушы Абдусамат Қасымның айтуынша, Зулхиджа айының алғашқы 9 күнінде нәпіл ораза ұстау сауапты. Бірақ, 10-күні ораза ұстауға болмайды. Өйткені Құрбан айттың бірінші күні және одан кейінгі үш күн, яғни тәшриқ күндері ораза ұстаудан шариғат тыяды.
Пайғамбарымыз (ﷺ): «...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін...», – деп бұл күні ұстаған оразаның маңызы турал айтады.
Осы он күннің ішінде арнайы қасиет тұтылатын «арапа» күні бар. Арапа күнінің уақыты – зүл-хижжа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.














