Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Абырой биігінен аласармаған

Абырой биігінен аласармаған

2009 жылдың жаз айы. Кезекті еңбек демалысын алып, «Қазалы, қайдасың?» деп Cырға қарай құстай ұштым. Жоғарғы оқу орнын бітіргенімізге небәрі 2-3 жыл болған студенттік достар ол кезде жиі араласып тұратынбыз. Сондай жанның бірі Дәурен Тілеумбетовтің жаңадан ашылған аудандық «Қазалы» газетіне орналасқанын естіп, редакцияға бас сұқтым.

Жанқожа батыр атындағы көшедегі ғимаратта аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Қазалы» газеті бір жерде орналасыпты. Ішкі саясат бөлімін бұрын мұғалім болып қызмет атқарғанымда жұмысқа қабылдаған Сейілхан Бердібекұлы, газетті Жетіскен Мәкеналы басқаратын болып шықты. Жауапты хатшы Қуантай Ршымбет, аға тілші, сатирик Марат Көптілеуов, дабысы алысқа жеткен, жауапкершілігімен көптің құрметіне бөленген азаматтар. Өзге құрам өзіміз құралпы қыз-жігіттер. Сырт көз – сыншы. Танысып-білісіп жатып, Алматыдағы редакцияма қарағанда еркіндік, жанашырлық мұнда көбірек екенін байқадым. Іштей салыстырып қоямын. «Осы жақта да газет бар ғой, балам», – деген атамның, «Қыз бала – түздің адамы. Онсыз да кетесің ғой. Бізге септігіңді қашан тигізесің?» – деген анамның сөздерін ойыма алып, біржола қалуға бел байладым.

Пікірімді Жетіскен Мәкеналыға жеткіздім. Ол кісі: «Менің орынбасарым бар. Жауапты хатшы – Қуантай Ршымбет. Қазір сол келсін, ойласайық», – деді сабырлы үнмен. Жас болсам да талай бастықтың орынбасары арқылы ойын жеткізетінін сезініп көрген басым, бойымды билеген «Жетіскен аға олай жасамауы керек» деген пайыммен астасып жатты. Оның үстіне Қуантай Ршымбет деген сөзді естіп, үрейім үдей түсті. Бұл есім маған таныс еді. Талай спорт саңлақтарын ширатып, шиыршық аттырған бапкердің мұнда неге жауапты хатшылық қызмет атқарып жүргенін түсінбей далмын.

Арада 15-20 минут уақыт өткенде мен күтпеген жайт орын алды. Манадан тосып отырған кісі ойлағанымдай сұсты, алпамса, шымыр денелі, алпысты алқымдаған адам болмай шықты. Елуден енді асқан арық денелі жігітағасына редактор менің жайымды айтып еді, әлгі кісі: «О...оооййй...маладес, келе берсін! Біздегілер кілең жас­тар. Бұл да соларға қосылады. Қаракөзім жалғыз болмайтын болды», – деп қуаттай түсуі барлық қобалжуымнан лезде айықтырды.

Республикалық «Ақтоты» газетінде осы қызметті атқарған мен жауапты хатшылықтың қандай қиындыққа толы екенін білетін едім.

Көп ұзамай, демалысымды аяқтамастан, Алматыға бет алдым. Ол жақтағы Роза Сатыбалдиева есімді редакторым өзі кеткелі жатқанын айтып, қызметін маған ұсынды. Аз-маз ойлансам да, аңсарым ауылға тартты да тұрды. Көп ойланбай, құжаттарымды алып, туған жерге оралып, аз уақытта «Қазалы» газетінің тілшісі болып шыға келдім.

Алғашқы күндерден бастап үлкендер тарапынан шынайы қамқорлық көргенімді ұмыту мүмкін емес. Сондай менің өмірімде өзіндік орнымен дараланатын азамат Қуантай Ршымбет еді.

Исі Шығысқа ортақ ғұлама Жүсіп Баласағұнның: «Адам екі нәрсе: қайырымды ісі, мейірімге толы көзі арқылы қартаймайды» деген сөзі бар екен. Қуантай ағада бұл екі қасиет те молынан болатын.

Ішкі саясат бөлімі мен «Қазалы» газетінің қыз-жігіттері – біздер жасымыз жиырмадан асса да балалығымыз бен шалалығымыз әлі басылмаған, білгенінен білмесі көп жастар болатынбыз. Бүгінде қос мекемеде еңбек жолын бастаған сол буын аудандағы жетекші салаларда маңызды қызметтер атқарып отыр. Оған мұндағы «өмір мектебінің» берген дәрісі дәру болды.

Редакцияда Қуантай ағамызбен қызметтес бола жүріп, оның бойындағы барлық жақсы мінезін, жан-жақты қырын, ешкімге болмасын демейтін кеңжүректілігін жанымызға үлгі тұттық. Бойымызға ұялатып, санамызға сіңіруге тырыстық. «Бәрін өзім білемінге» салынып, мінез танытып, қандай іске де қызуқандылықпен кірісетін жас буынды сабырмен ұстап, жұмыстарын ұйымдастыру оңайға соқпайтын. Солай бола тұра, ағаның бірде-бір рет бірімізге дауыс көтеріп, кейігенін естімеппіз. Редактор уақытылы орындалмай қалған жұмыстардың жауапкершілігін сұрағанда да барлығына ешкімге қиындық тудырмайтын жауап қайтаратын. Қашан көрсең, бәрімізді ақтап жүргені.

Жауапты хатшының міндетті ісінің бірі – макет жасау. Макет дегеніміз – материалдардың газет бетіне орналасу тәртібі. Редакция жұмысы үрдісінде тілшілер тарапынан дайын болған мақала алдымен бөлім басшысы, онан соң редактор қарауында болады. Редактор қол қойып, рұқсат етілгеннен кейін жауапты хатшы қолына тиеді. Көруге оңай болғанымен, әр беттің өзіне лайықты материалы, тәртібі бар. Оларды сараптау, сұрыптау оңайға соқпайды. Жинақталған топтаманы тұтас газетке айналдыратын жауапты хатшы – суретші, журналист, корректор, фото тілін білетін, қажет жағдайда мақаланы ауыстырып, орнына басқасын беруге жауапты маман. Газеттің тартымды, өтімді болуы макет арқылы жүзеге асады. Қағаз бетіне үлгіленген соң барып материалдар дизайнер бағдарламасына орналастырады.

Бұдан бұрын да, кейін де түрлі редакцияда болып, дайындалып жатқан макеттің бірталайын көрсем де, дәл ол кісінің қолынан шыққандай көркем, жинақысын кездестіре алмадым. Құдды кірпіштен қиюластыра, шебер қалаған құрылысшы дерсің. Мұның сыры Қуантай Ршымбетұлының суретшілігінде болатын.

«Қазалы» газеті алғаш ашылған 2009-2010 жылдары қазіргідей ақпараттық мүмкіндік кең болмайтын. Басылымның атауын сол кездегі «Егемен Қазақстан» газетінің шрифіне ұқсатып, салған Қ.Ршымбет құттықтау, мақалаларға қажетті суреттер мен эмблемалардың көбін қолымен бейнелейтін.

Белігілі басқосулар бола қалса, не жиындарға барсаң, көбі «Біздің Қуантаймен бірге жұмыс істейсің бе?» дегенді айтатын. Ағаның мамандығы сурет пәнінің мұғалімі. Кезінде аудандағы көшелер, «Жеңіс» паркі, «Шағала» лагерінде орналасқан тақтайшалардағы жазу мен суреттерде ағаның қолтаңбасы қалған.

Ел егемендік алып, тарихи тұлғаларымызды «тірілткенде» де оларды туған жермен табыстырған дәл осы суретші Қуантай Ршымбеттің туындылары болатын. Қазалы ауданының осы күнгі эмблемасы суретші Қ.Ршымбеттің авторлық шығармасы.

Әскери борышын өтей жүріп, сол саланың сан қырына машықтанып, арнаулы тапсырмаларды орындай алатын қабілетімен дараланып, құрметке бөленген азамат жауынгер мен студенттер арасындағы жарыста бірнеше мәрте жүлде алып, топ жарады. Кейін спорттың қоян-қолтық күрес, шығыс жекпе-жегі каратэ, таеквондо, грек-рим күресінің ауданда дамуына атсалысады. Таеквондодан «қара белдік» иесінің шәкірттері де талай додаларда жеңіс тұғырынан көрінді.

Аз уақыт Қазалы темір жол пайдалану депосында да жұмыс істеген ол саналы ғұмырының үлкен бөлігін шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Білімділігі мен жауапкершілігі, тындырымдылығы арқасында жаттықтырушы, үйірме жетекшісі, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімінен мектеп директорлығы жауапты қызметіне жоғарылаған. Көптің «Біздің Қуантай» деп даралауы осында жатса керек.

Редакциядағы қос қыз – дизайнер Қаракөз Шалтаева екеуімізді аға: «Көзімнің ағы мен қарасы», – дейтін. Қызындай ерекелетіп, өмірден түйген ақыл-кеңесін ұдайы айтып отыратын. Есімде қалғаны: «Қыз бала болсаң да, қорғануды біл. Ол саған көптік етпейді» деп бізге жеңіл әскери қимылдарды меңгерткені.

Шығармашылық топтағы жастардың қи­нал­ғанда маңдай тірейтін адамы да дәл осы Ршымбеттің Қуантайы. Қаржы жағдайынан қиналсақ, қарызға ақша сұрай барғандарға өзінде барын, болмаса өзгеден сұрап алып беретін. Кейін қайтарсақ: «Бала әкесіне тек жақсы ісімен ғана қайтарым жасайды», – деп бас тартатын. Әр айлық жалақыны алған сайын: «Сендер жассыңдар. Жастарға ақша жетуші ме еді. Мә, мынаған бірдеңе аларсыңдар», – екі-үш мың теңгені беруді әдетке айналдырған.

Ал ақыл-кеңес сұрай қалсаңыз, өз жауабын нақты деректермен нықтайтын. Кейде онысына сенімді болмаса, бірнеше күн кітап ақтарып, ақырында тиісті мағлұматты тауып, әкеліп оқытатын. Көп сөйлесе де, әңгімені қызықты етіп айтатын қасиеті баршаны жанына оңай үйіретін. Әскердегі өмірі, даладағы аңшылық, туған жер тарихы туралы сөз еткенде өзің де сол әлемге қалай еркін енгеніңді білмей қалатынсың.

Өмірінің соңғы кезінде жауапты хатшылықтан бас тартып, қылқаламын қолына алып, сурет өнерімен қайта айналысып, аудандық оқушылар үйінде балаларды осы өнерге баулыды. Шеберхасында тынбай жұмыс істеп, жеке көрмесін өткізуге қызу дайындалды. Алайда тағдыр өз дегенін жасап, дендеген дерт ақыры арамыздан алып тынды.

Ағамыздың өлімі шын өмірдің мысал өлең сияқты, ұзақтылығымен емес, мағыналылығымен өлшенетін ұғындырғандай болды. Тамырын туған жерімен тыныстатқан талант, ақын Жетіскен Мәкеналының сөзімен айтсақ, «теңізге тартып туған тұлға» еді. Кемерінен асып жатса да кісілікті кішілікке жеңдіріп, пенделікті парасаттылыққа айналдырып, өмір-теңіздің жал толқыны қай арнаға соқса да биігінен бәсеңдемей, адамгершілігінен аласармаған азамат осындай болмысымен көптің көңіліне ұялады.

Қазір Қуантай Ршымбет бастаған жауапты хатшылық қызметте жүріп, кейде қиындықтар кездессе, абзал азаматтың бейнесін ойыма оралтып, «Міне, менің қыздарым осындай болды» деген селкеусіз сенімі мен арқамнан қағып, қиялға қанат бітірген аманатына адал болуға тырысып бағамын.

Егер аман болғанында он жылдығында алғаш өзі іргетасын қалыптастырған газеттің бүгінгі бет-бейнесіне қуанып, тілектестігін білдірер еді. Енді тек мұндай жандардың үлгілі ісі, өнегеге толы өмірі артындағы буынға таусылмас азық, сарқылмас қазына, жұтамас байлық екенін бағамдаймыз.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
22 қаңтар 2019 ж. 1 693 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930