Газеттің алғашқы саны қалай шықты?
Ақпарат айдынында өзіндік орны бар “Қазалы” газетіне биыл 10 жыл. Бұл басылымның алғашқы саны 2009 жылдың 5 қаңтарында жарыққа шығып, оқырмандармен қауышты. Өркендеген өңір өмірімен бірге тыныстаған басылым осы уақыт ішінде даму кезеңін бастан өткізді, өзіндік бағытын қалыптастырды. Бүгінде оның апталық таралымы 13 мыңға жуықтап отыр. “Қазалы” газетінің 10 жылдық мерейтойы үстінде басылымның алғашқы санының шығуына атсалысқан азаматтарға хабарласып, әңгімелесудің орайын келтірдік.
– Осындан 10 жыл бұрын аудан әкімдігінің өз газеті болған жоқ. Бірақ есесіне жеке сектордағы үш газет жарық көріп тұрды. Сол кездегі аудан әкімі Айтбай Көшербаев аудандық газетті шығаруды қолға алып, оған басшылық жасауды маған жүктеді.
Жаңа жыл қарсаңында жаңа газетті өмірге әкелу, оның жаңа жылдық санын әзірлеу, құзырлы орынға тіркету сияқты қарбалас жұмыстар басталып кетті. Газеттің алғашқы санының жобасын «Қазалы айғағы» газеті редакциясында Раушанбек Сейтенов, Жетіскен Мәкеналы, Қуантай Ршымбет бәріміз бірлесе дайындадық. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Берік Бисенбаев екеуміз газетті тіркеуден өткізу үшін жедел Астана қаласына ұштық. Жолда да, Астана қаласында жүргенде де газеттің алғашқы нөмірі жөнінде ойласумен болдық. Газетті Ақпарат министрлігі кедергісіз тіркеуге үлкен көмек көрсетіп, жаңа жылда оқырманмен жүздескелі тұрған газетке сәттілік тіледі.
Қызылорда қаласына оралысымен «Принт» баспасында «Қазалы» газетінің алғаш санын бастыру бағытында жұмыс жасалды. Міне осылай, жаңа газет оқырмандарға жол тартты. Газетті шығаруды жүзеге асыру, оның алғашқы санын дайындау, баспадан бастыруда түрлі қиындықтар болды. Сол кездегі газет редакциясы ұжымы, журналистер қауымы, газет жанашырлары болып, сол көлденеңнен келген кедергілерді бірлесіп жеңе білдік.
Осылайша, «Қазалы» газеті өз оқырмандарымен қауышып, жарық көргеніне биыл 10 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде жақсы жаңалықтармен қатар түрлі мазмұндағы, рухани азық болар материалдар жарияланып келеді. Алдағы уақытта да газет өз қызметін мінсіз атқара береді деген сенімдемін.
– “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі” деп бекер айтылмаса керек-ті. Уақыт талабына, халықтың сұранысына орай ауданда мемлекеттік газеттің болғаны орынды. Осы орайда Қазалыда 2002 жылдан бері мемлекеттік газет шықпағанын айта кеткен жөн шығар. Себебі, сол уақытта көптен бері халыққа ақпарат таратып отырған газет заман талабына сай жекешеленіп кетті.
Газеттің алғашқы саны жарыққа шыққанда жауапты хатшы болып еңбек еттім. Қиындыққа толы бұл қызметтің қыр-сырын баспасөз саласында жұмыс істеген журналистер жақсы біледі. Оның үстіне газет бетіне басылып шыққан әрбір мақаланы мұқият тексеріп, сапалы шығу үшін қайта-қайта қарау керек болды. Ал, редакцияға қажетті мамандар жеткіліксіз. Журналистер жоқ болды десек те болады. Марқұм Жетіскен Мәкеналы алғашқы санның шығуына тік тұрып қызмет етіп, ерекше үлес қосты. Себебі, бұл уақытта редактордың міндетін атқарушы Қасқырбек Мәмбетжан шұғыл шаруамен Астана қаласында іссапарда болатын.
– Мен ол кезде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы едім. Барлығы әлі күнге дейін есімде. Себебі, газеттің алғашқы санын шығару қиын болды. Газет ұжымын жаңадан жасақтап, оны техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету оңайға соқпады. Осындай ауыртпашылыққа қарамастан ұжымдық жұмыстың арқасында газеттің алғашқы санын халыққа ұсындық. Бұл жұмыстар “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, сол кездегі Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейінің директоры, ақын-журналист Жетіскен Мәкеналы, көп жылдардан бері редакцияда еңбек еткен Раушанбек Сейтенов, суретші Қуантай Ршымбет және бірнеше жастардың ерекше ыждағаттылықпен еңбек етуінің арқасында атқарылды десек артық айтқандық емес. Әрбір азамат өзіне жүктелген міндетті орындап, артылған сенім үдесінен шыға білді.
Бүгінгі таңда ойланып қарап отырсам, редакция үлкен өмір мектебіне айналып, газетте істеген азаматтар мемлекеттік қызмет саласы мен өзге де жерлерде жемісті еңбек етіп жүр. Мәселен, Марат Көптілеуов “Тәуекел туы” атты газетті тұрғындарға таратып отырса, Қуантқан Сәдуақасов, Дәурен Тілеумбетов, Абай Дидаров аудан әкімдігінде тындырымды істерімен танылып жүр. Ал, Қайыркелді Табынбаев аудандық мәслихатта, Ақылбек Бисенбай Алматы қалалық прокуратурасында қызмет атқарады.
– Аудандық газеттің алғашқы іргетасы қалануына атсалысқанымды әлі күнге дейін мақтанышпен айтып жүремін. Ол күндер менің жадымнан ешқашан өшпейді. Себебі, газеттің шығуы компьютермен бітетін шаруа. Сондықтан маған үлкен жауапкершілік жүктелді. Газеттің шапкасына дейін қолдан жасалды. Оны белгілі суретші Қуантай Ршымбет ағамыз қолмен салып, сканерленді. Бұл айтуға оңай шаруа болғанмен, қиындықтарға толы жұмыс болатын. Одан бөлек, редакциядағы компьютерлердің жағдайы сын көтермейтін еді. Өйткені оның барлығы әр мекемеден алынды. Ал, қай мекеме өзінің жақсы дүниесін бере қояды дейсің.
“Көш жүре түзеледі” демекші, біртіндеп редакция жұмысына көңіл аударыла бастады. Арнайы бөлінген қаржыға Қызылорда қаласынан барып, бірнеше жаңа компьютер алып келдік. Керекті бағдарламалардың барлығын жаңарттық. Айтып, айтпай не керек, осылайша газет жұмысының бір жүйеге түсуіне өзіндік үлесімізді қостық.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
аудандық «Қазалы» газетінің бөлім меңгерушісі.