Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмір жолы өнеге

Өмір жолы өнеге

Елімізде өзіндік орны бар, тарихы терең Қазалы өңірінде талай дүлдүл абыздар, сайыпқыран батырлар, көмейінен жыр төгіл­ген ақын-жыраулар, бұлбұл үнді әншілер дүниеге келген. Сонымен қатар С.Толыбеков, С.Сүлейменов, М.Ерлепесов сын­ды көрнекті ғалымдар шық­қан. Осы алдыңғы толқынның жалғасы саналатын тұлғаның бірі – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, белгілі педагог Алданияз Ерғалауов.
Ол алғаш еңбек жолын 1955 жылы Алматы дене тәрбиесі техникумын бітіргеннен кейін Қазалы ауданының Қожабақы ауылындағы №25 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беруден бастаған. Жас маман ауыл, аудан спортын жандандырып, разрядты спортшылар дайындаған. Оларды аудандық, облыстық спорт жарыстарына бастап барып, жүлделі орындарға қол жеткізген. Өзінің үлгілі жүріс-тұрысымен, инабатты болмысымен кейінгілер еліктейтін азамат­қа айналған. Ауданда сол кездерде өткізілген түрлі шараларға, қоғамдық жұмыстарға қатысқан. Ел ауызына ілініп, аудан басшы­ларының көзіне түскен.
1960 жылы өз білімін жетіл­діруді, жоғары білім алуды мақсат тұтып, Алматы шетел тілдері педагогикалық институтының ағыл­шын тілі факультетіне емтихан тапсырып, арманы орындалады. 1964 жылы институтты қызыл дипломмен бітіреді. Осы жылдың тамыз айында Қазақ КСР жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің жолдамасымен қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық уни­верситетіне оқытушылық қыз­метке жіберіледі. Жастайынан еңбекпен шыңдалуы, ұлағатты тәрбие, мектеп, студенттік шақ, жоғары оқу орны оның парасатты азамат ретінде қалыптасуына үйлесімді жол ашады. Міне, сол 1964 жылдан өмірінің соңы­на дейін осы университетте (бұрынғы институтта) 31 жыл табан аудармай жемісті еңбек етіп, болашақ педагогтар даярлауға орасан үлес қосады. Алғаш оқы­тушы, аға оқытушы, доцент, кейін «Ағылшын тілі филологиясы және әдістемесі» кафедрасының меңгерушілігіне бекітіледі. Оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Ұжым құрметіне бөленеді. Ғылымға ынта-ықыласпен ден қойып, терең білімдарлығымен, асқан жауапкершілік пен қажымас еңбекқорлыққа толы болмысымен танылады.
1969 жылы Алматы шетел тілдері педагогикалық инсти­тутының аспирантурасына түседі. Ғылыми жетекшілігіне – филология ғылымдарының докторы, профессор Сахина Ғабдулкаюмқызы Ахметова тағайындалады. 1973 жылы «Ағылшын және қа­зақ тілдеріндегі ырықсыз етіс­тіктердің ерекшеліктері» атты күрделі ғылыми тақырыпта канди­даттық диссертация қорғай­ды. Диссертациясына филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қасенов, Қырғыз КСР Ғылым академиясының коррес­пондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Сартбаев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Т.Тұрсынәлиев жақсы баға береді. Сөйтіп тіл білімі саласында өз орнын қалыптастырады. Оның бұдан арғы өмірі педагог кадрлар даярлау мен ғылыми-шығармашылық жұмысқа арналады. Соның негізінде қазақ-ағылшын тілдерінің сөзжасамдық, грамматикалық, морфологиялық, стильдік тұрпаттарына талдау жасалып, барынша зерделенген 30-дан астам ғылыми еңбектері, сондай-ақ «Особенности страдательного золога в английском и казахском языке» (Фрунзе, 1973) және «Ағылшын тілінен сабақ беру әдістемесі» (Алматы, 1986) атты оқулығы мен оқу құралы жарық көреді. Ғылым айдынында еркін жүзіп, ағылшын тілін жете меңгереді. Институтта беделі артып, республика, Одақ деңгейінде өткен ғылыми конференцияларға қатысады, тұжырымды баяндамаларымен көрінеді. Талантты ғалым ретінде Мәскеу қаласына білімін жетілдіруге жіберіледі. Мәскеу жоғары оқу орындарының көрнекті ғылымдарын тәжірибе алмасуға институтқа шақырып, өз басшыларынан мақтау естиді. Мұстафа Матаев, Байғара Тайлақбаев, Мәди Кереев, Қараке Білімбетов, Нұраддин Дәріқұлов, Айжігіт Нұрғызарынов, Ермахан Нұрахметов, Жұмағали Әбуов сияқты Сыр өңіріне белгілі ғалымдармен қызметтес әрі достық қарым-қатынаста болады. Бойында жастық жалыны бар, білімге құштар шәкірттерін жақын тартып, ғылым жолына баулыды. Мұндай жарқын істерді нағыз педагог, әрі терең ойлы кісі ғана істей алады. Қазіргі кезде А.Ерғалауовтың тартымды дәрісі мен еске тұтар ақыл-кеңесін тыңдаған, ыстық-ықыласына бө­ленген көптеген жастар респу­бликамыздың түкпір-түкпірінде қажырлы жұмыс жасап, ұстаз жолын жалғастыруда. Сондықтан Қазалы ауданы осындай асыл азаматты, өресі биік ғалымды ұшырғанына мақтаныш сезіммен қарайды.
Міндетті ісіне шын берілген, адамгершілігі биік, үлкен сыпайы­лық пен мәдениет иесі Алданияз Ерғалауов жан жары Күлшай Сәндібекқызы екеуі Қадырнияз, Асқар, Ғани, Зейнегүл, Бақытгүл, Анарбек, Гүлнафис есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы бола білді. Балаларының бәрі еліміздің түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүр. Алдекеңнің өнегелі өмір жолы, азаматтық асыл қасиеті, биік болмысы, халқына сіңірген қызметі, ғалымдық қайраткерлігі жайлы «Ананың ақ тілегін арқалаған» атты кітап жарық көрген. «Қазақ тілі» және «Қазалы ауданы» энциклопедияларында өмірбаяны берілген. Ғасырдың күндер мен жылдардан құралатыны сияқты ел мен жер тарихы да халық үшін аянбай қызмет атқарған тұлғалардың өмірінен тұрады. Сондай аяулы жандардың уа­қыт көшінде көміліп қалмай, жұртшылық жадында өшпестей сақталғаны жөн-ақ.
Алданияз Ерғалауов сынды белгілі ғалымның елімізге педагогикалық кадрлар даярлау­дағы орасан еңбегін, кезінде аудан спортын дамытуға қосқан зор үлесін ескере отырып, ардақты азамат есімін есте қалдыруды тиісті орын басшылары ескере жүргені абзал.
Бұл – елімізге, қала берді туған өлкесіне кезінде қалтқысыз қызмет еткен жайсаң жанға жасалған құрмет болар еді.
Самат ҚАЛУОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
әдебиетші-энциклопедияшы
22 тамыз 2018 ж. 2 363 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031