Өнегелі өмір – ұрпаққа ұлағат
Менің мақалама арқау болған, басты тұлға – білім мен тәрбие берудің қыр-сырын, мән-жайын жетік білетін, еліне, туған жеріне, ұлтына адал қызмет еткен, тілін, дінін аса құрмет тұтқан, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, халқын шексіз сүйген, сол үшін еңбек еткен, рухы биік, парасатты, ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері, Жалағаш ауданындағы Жаңаталап ауылының қадірлі тұрғыны болған, Иманғали Жұмағұлұлы.
Иманғали Жұмағұлов 1898 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, 16-шы ауылда(кейінен Жаңаталап ауылы) дүниеге келген. Ол кіші жүздің Шөмекей тайпасындағы Сарғасқа (Келменбет) руының Жәрімбет аталығынан тараған.
Иманғали Жұмағұлов 1898 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, 16-шы ауылда(кейінен Жаңаталап ауылы) дүниеге келген. Ол кіші жүздің Шөмекей тайпасындағы Сарғасқа (Келменбет) руының Жәрімбет аталығынан тараған.
Ол уақытта жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп, мал соңында тіршілік еткен халқымызда оқып, сауат ашқандар аз болғаны тарихтан белгілі. Әйтсе де жаңа заманның білімін алып, ғылымын меңгерген сол ұлт зиялылыларының қайысы болмасын мәрт мінезімен, ұлтына адалдығымен білімділігінің арқасында ауқымды істер атқарды. Сондай тұлғалардың қатарына Иманғали Жұмағұлұлының есімін қосуға әбден болады.
Өз шаруаларын дөңгелетіп азын-аулақ малымен жан бағып отырған ата-анасы балаларының көзі ашық, заманға сай білім алғанын қалап, 6-7 жасар Иманғалиды молдаға діни білім алуға береді. Сөйтіп ең алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, хат таныған Иманғали атамыз білім теңізіне кеме салды.
Мұнан кейін Жұмағұлов Иманғали атамыз ауылдық мектепте білім алып, 1920 жылдары ата-анасының бағыт бағдарымен Ресейдің Куйбышев (Самара) қаласындағы педагогикалық институтынан орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі деген мамандық алып шығады. 1925-1927 жылдары жылдары Ташкенттегі Орта Азия университетінде (САГУ) мемлекет және қоғам қайраткері, әрі туысы Темірбек Жүргеновпен бірге оқиды.
Ташкенттегі жоғары оқу орнын бітірген соң Темірбек Жургенов Қазақстанға келіп, қызметке кіріседі. Кейін Қазақ АКСР Халық ағарту комиссары болған тұста Иманғалиды Алматыға арнайы шақыртады. Ол жылдары қоғамда бір шоғыр қазақ зиялылары қалыптасқанымен, жаппай халық сауатсыз еді. Заманына қарай білім алып, ғылым игермеген елдің халық ретінде кері кететіні белгілі. Міне, осы жағдайды ескерген Темірбек Жүргенов айналасына білімді, парасатты, ақыл-ой иелерін жинай бастайды.
Солардың бірі Иманғали атамыз қаланың іргесіндегі Түрген селосында мектеп мұғалімі болып ұстаздық жолын бастайды. Көп өтпей сол мектептің директоры болады. Білікті маман, білімді адам қоғамға аса қажет және олар бір жерде тұрақтап қалмай, сол саланың тамырына кан жүгіртуі тиіс. Сол мақсатта Иманғали атамызды, 1933 жылы басшылық Жамбыл облысының Ақыртөбе станциясындағы мектепте директор етіп жібереді.
Бір топырақтан туып өскен екі тұлға қазақ халқының келешегі жайында, келер ұрпақтың білімді де зиялы болып өсуі туралы жиі әрі ұзак әңгімелесетін. 1935 жылы сол кездегі Қазақстанның Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов «Заман тарылып келеді, елге қайтқаның дұрыс болар» деп туыстық жағынан араласып жүрген Иманғали Жұмағұловқа кеңес береді. Алашқа адал қызмет еткен Темірбек Қараұлы «халық жауы» атанып, ұсталып кеткенде, НКВД қызметкерлері Темір наркомның отбасымен туған-туыстарын және айналасындағыларды да қырына алады. Иманғали атамыздың Темірбек Жүргеновке туыстық жақындығы бар, одан бөлек іштей болса да бір біріне тілеулес, қолдаушы болып жүрген рухтас, мүдделес бір топырактың перзенттері. Осы жағынан өзіне де қауіп-қатер төнгенін сезеді. Әр нәрседен күманданатын НКВД өкілдерінің назарына ілінбеу үшін өз есімін уақытша Қали деп өзгертуіне тура келеді. Бұл жағдай әрине сол кездегі қиын заманның ықпалымен жасалған қадам болатын. Менің 1996 жылғы ауыл ақсақалдарынан жинаған мектеп директорлары туралы деректерімде ол кісілер Иманғали атамызды Қали Жұмағұлов деп көрсеткен болатын.
Жастайынан білім қуып шетте жүрген Иманғали атамыз 1939 жылдары туған жеріне оралады. Елге келген соң 1940 жылы 3-қыркүйекте Қазалы ауданы, Октябрь колхозындағы орта мектепке директор болып ауысып, 1942 жылдың оқу жылының аяғына дейін осы қызметті атқарған. Ұстаз ретінде әбден шыңдалып, тәжірибе жинап, саяси да сауаттанып әбден толысқан шағында тек жас ұрпаққа білім, тәрбие беру ісімен, мектепке басшылық қызметімен шектеліп қалған жоқ. Ауылдағы ақсақалдардан алған қазақы тәлімі мен кеудесіне жинаған білімін ұштастыра отырып, халықты жаңашылдыққа үндеп, бағытын жарқын болашаққа бұрды. Газет-журналды көп оқитын Иманғали халықты күнделікті соғыс жағдайынан да хабардар етіп, жағымды жаңалықтарды жеткізіп отырды.
1942 жылы 9-сәуірде осы Октябрь ауылында Сабит есімді ұлы дүниеге келген. Ата-анасының айтуынша Сәбит дүниеге келгенде ел аралап жүрген белгілі жазушы Сәбит Мұқанов сол күні Иманғали Жұмағұловтың үйінде қонақта болып жатқандықтан ырымдап оған өз атын беріп кеткен көрінеді.
1943 жылы Иманғали Жұмағұлов Арал қаласына қоныс аударды. 1943 жылдың 1 қыркүйегінен Арал каласындағы «Рабфакта» оқу ісінің меңгерушісі болып, болашақ партия қызметкерлерін даярлады. Ол жерде де білімі мен көп жылдарғы басшылық қызмете жинаған ұстаздық тәжірибесінің арқасында Иманғали атамыз партия жұмысын жүргізетін тұлғаларды оқытып, арнайы маман дайындап шығаруға атсалысқан.
Иманғали Жұмағұлов 1949 жылы Жалағаш ауданындағы Жаңаталап колхозындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Ол күндіз ауылдағы мектепте мұғалім, кешке көпшілікке саяси сабақ өткізумен айналысқан, әрі мектептегі партия ұйымының хатшысы болған. Әлемде болып жатқан жаңалықтарды газеттен, радиодан естіп күнделікті ортада көпшілікке айтып, жариялап жүрген. Орысша, қазақша сауатты, ақкөңіл, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған.
Шындығында ұлтқа кызмет етудің ең абзалы ұрпаққа білім беру, сауаттандыру. Бұл діни ұғым бойынша да үлкен сауапты іс. Халық ағарту ісінде өзгелерге озық үлгі болған Иманғали атамыздің елге еткен еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Ұлы Отан соғысы кезіндегі адал еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
Иманғали Жұмағұлов атамыз шебер домбырашы да болған. ауыл сахнасына шығып, Құрманғазы, Дина күйлерін шебер орындаған. (күйтабаққа жазылған үш күйі отбасында сақтаулы.) 1970 жылы дүниеден озған.
Кезінде Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында мектеп директоры болган Иманғали атамыз бен жұбайы Мария анамыздан тараған Надежда, Сәбит, Әмит, Мадина, Мәликалар бұл күндері Алматы жане Қызылорда қалаларында тұрып жатыр. Барлығы да өсіп, өркендеген жандар. Үлкен ұлы Сәбит әке жолын қуған ардагер ұстаз. Ол республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының, Алматы қаласы бойынша бас жүлдесін жеңіп алған жүлдегер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы.
Иманғали атадан соңғы жүз жылда тараған төрт ұрпақ тек ұстаздық жолды таңдапты. Яғни бір мамандықты игерген жандардың ғұмыры бір ғасырға жеткен. Ендеше оларды «Ұстаздықты ұлық тұтқан әулет» деп атағанымыз жөн болар.
Дауылбай ҚАПАР,
ардагер ұстаз