Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер ұстаз мерейі

Майдангер ұстаз мерейі

Ол саналы ғұмырында ұзақ уақыт болашақ ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, ағартушылық қызмет жолында аянбай еңбек еткен. Есімі талай шәкірттің жүрегінде сақталып, өткен өмір жолы кейінгі толқын – жастарға үлгі болған ардагер ұстаз Әшірбай Қазыбаев туралы қалай тебірене әңгімелесек те артық етпейді.
Сол кездегі тұстастары сияқты жастық шағы сұрапыл мезгілмен тұспа-тұс келген Әшірбай аға 1942 жылы Отан қорғау жорығына аттанды. Алғашқы жауынгерлік жаттығу кезінде ептілігі мен сауаттылығы арқылы көзге түскендіктен Алматы қаласындағы жаяу әскер командирлерін даярлайтын училищеде оқыды. Арнаулы білім алған соң ІІ Украин майданына қатысты. Әдепкіде жеңіл артиллерияның взвод командирі болса, кейін рота командирі атанды. Австрия, Венгрия жеріндегі қиян-кескі шайқастарды бастан кешірді. Австрияның Вена қаласын жаудан азат ету үстіндегі ұрыста ауыр жараланып госпитальға түсті. 1946 жылы бас қолбасшының «Агроном, дәрігер, мұғалімдер соғыстан қайтарылсын!» – деген бұйрығына сәйкес елге оралды.
Арманшыл, талапты жан соғыс басталмас бұрын мұғалімдікті меңгеру мақсатында 1939 жылы Ақтөбе қаласындағы Жүргенов атындағы орыс-қазақ педучилищесін бітірген. Еңбек жолының алғашқы баспалдағын Ақтөбе қаласындағы №5 мектепте мұғалім, туберкулез ауруханасында аға тәрбиеші болудан бастаған. 1941 жылы өзінің туған жеріне келіп, «Сарытоғай» ауылында мұғалім болып жүргенінде әскерге шақырылған.
Сұрапыл соғыстан кейін өскен ортасымен қауышқан Әшірбай ағай білімін жетілдіру үшін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану-география, одан кейін агробиология факультетін бітірген. 1950 жылға дейін «Жаңаталап» мектебінде әскери топ жетекшісі, №67 мектепте география-биология пәнінен, 1954 жылдан бастап №421 (қазіргі №204) мектепте сабақ берген. 27 жыл үздіксіз аталған білім шаңырағында абыройлы қызмет атқара жүріп, 1981 жылы зейнеткерлік демалысына шыққан.
Отан үшін от кешіп, майдан даласынан кеудесіне «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденін тағып оралған майдангер ұстаздың бейбіт өмірдегі еңбегі де елеулі. Ол кісі шәкірттеріне география-биология пәнінің қыр-сырын үйретуден жалықпады.
Коммунистік партия мүшесі қатарында болып, түрлі қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды. Үлгілі тәртібі, өнегелі ісі арқылы танылып, үнемі алғы шептен көріне білді. Бүгіндері ұлағатты ұстаз сабақ берген Әйтеке би кентіндегі Төребай Шермаханов басқарған Ы. Алтынсарин атындағы №204 мектеп 2015 жылы жаңадан салынған ғимаратқа қоныс аударды. Сол еңселі де, сәулетті білім ордасының кең залында Әшірбай ағай туралы мәліметтер ұрпаққа үлгі ретінде ілулі тұр. Педагогикалық ұжымның шешімімен мектебімізде өткен «Жыл мұғалімі – 2016» байқауында майдангердің ұлы Серік Қазыбаевтың демеушілігімен соғыс және еңбек ардагері Әшірбай Қазыбаев атындағы бас жүлде тағайындалып, оны математика пәнінің мұғалімі Гүлнұр Кенжеғараева иеленген еді.
Сондай-ақ ұжымда Наурыз мерекесі мен Рамазан айында мектепте бұрын қызмет жасаған марқұмдардың есімдерін атап, Құран оқыту жыл сайынғы бұлжымас дәстүрге айналған. Бұл да өткенге көз жүгірту, еске алу, үлгі тұту бағытындағы өнегелі іс-шараның бірі.
Қазіргі таңда Әшірбай ағаймен қызметтес болған Серік Бәймен, Тазагүл Жақсылық, Аққағаз Күлімбет, Запура Исаева ақылшы ағаның адамгершілік парасатын мақтанышпен еске алады. Кезінде ұрпақтарға үлгілі тәрбие беріп, соңына ұлағатты із қалдырған майдангер ұстаздың жарқын бейнесін әріптестері мен шәкірттері ешуақытта ұмытпайды.
Бұл күндері Әшірбай аға мен Мәуіш ападан тараған ұл -қыздар өсіп-өнген азаматтар. Қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырған әке ізбасары Серік Қазыбаев аудандағы жедел жәрдем бөлімін басқарса, оның зайыбы, майдангердің келіні Мәншүк те аудандық ауруханада белді маман, бес немеренің атасы мен әжесі. Атасының көзін көрген сүйікті немересі Қанат Әшірбай Алматы қаласында хирург дәрігер болса, келіншегі Эльмира дәрігер-эндокринолог, немере қызы Нұрсәуле банк қызметкері.
Қорыта айтқанда, Лұқпан Хакімнің «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген қанатты сөзін Әшірбай ағайдан тараған ұрпақтар нақты дәлелдеп, майдангер ұстаз мерейін өсіре түсуде.
Роза ЖҰМАҒАЗИЕВА,
Ы. Алтынсарин атындағы №204 мектептің мұғалімі
28 сәуір 2020 ж. 1 026 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930