Қазақстан мектептерінде оқушылар телефон пайдаланғаны үшін ата-аналарына айыппұл салынады
Сурет: freepik.comОқушылар мектепте телефон ұстағаны үшін ата-анасына 20 мың теңге айыппұл салынады.
Қазақстандық оқушылар мектепте телефон пайдаланғаны үшін ата-аналарына айыппұл салынбақ, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Бұл ережелердің мақсаты – балалардың сабақ кезінде толықтай оқу процесіне көңіл бөлуін қамтамасыз ету. Сарапшылардың айтуынша, телефон қоңыраулары мен хабарламаларға ойы бөлінбеген оқушылардың үлгерімі артып, сыныптағы тәртіп жақсарады.
Жаңа ережеге сәйкес, егер оқушы сабақ үстінде телефон қолданса, жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі.
“Мен мұндай жағдайлардың көп екенін білемін. Мысалы, мұғалім барлық оқушыларға “телефондарды сөндіріңдер, сабақ кезінде қолданбаймыз” дейді. Бірақ кейбір оқушылар “ата-анам телефонды сөндіруге рұқсат бермейді, ол үнемі қосулы тұруы керек” деп жауап береді. Ал оқу – бұл күрделі іс, ол толықтай зейінді талап етеді”, – дейді парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.
Алғаш рет телефон қолданып, ереже бұзса – ескерту беріледі, ал қайталанса 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, бұл шамамен 19,5 мың теңге. Айыппұлды мектеп әкімшілігінің шақыруымен келген полиция қызметкері рәсімдей алады.
“Бұл – қазіргі уақытта қажетті шара, себебі оқу процесі кезінде балалардың ойы жиі бөлінеді. Олар тек уақытқа қарамақ болып, кейін түрлі қосымшаларға кіріп кетуі мүмкін”, – дейді А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Феруза Мирзарахимова.
Жоспарланып отырған ережені ата-аналар да қолдайды. Олардың айтуынша, балалар үйде де жиі хабарламалар мен ойындарға назары ауып кетеді. Ал мектепте телефон сабаққа көңіл бөлуге кедергі келтіреді. Дегенмен ересектердің өздері де байланыссыз қалу мүмкін еместігін мойындап отыр.
“Мен рұқсат етемін, өйткені баламның мектебінен бөлек қосымша сабақтары бар әрі байланыс үшін телефон қажет. Бірақ мектепте телефондарды жинап алады. Бірінші сабақта сынып жетекшісі бәрін жинап, соңғы сабақта қайта береді. Егер маған бір нәрсе керек болса, мен сынып жетекшісіне жазамын, ал ол балама айтады”, – дейді ата-аналардың бірі Гүлжамал Сопбекова.












