Сыртқы жарнама үшін төлемақы алудың және есептеудің заңнамалық тәртібі
Сыртқы немесе көрнекі жарнаманы орналастырғаны үшін заңнамада белгіленген тәртіппен міндетті төлемақы алынады. Егер жарнама тиісті хабарлама жіберілмей орналастырылған болса, оның іс жүзінде орнатылу фактісі төлемақы сомасын өндіріп алуға және бюджетке енгізуге толық негіз болады.
Осы үдерісті бақылау мақсатында жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірілмейтін мерзімде салық органдарына мәліметтер жолдап отырады. Бұл мәліметтерге төлемақы төлеушілер мен оның сомасы, жарнаманың орналасу кезеңі мен орны, сондай-ақ ресми хабарламаның жіберілгені немесе жіберілмегені туралы ақпарат кіреді.
Жарнама үшін төлемақы төлеушілердің нақты санаттары белгіленген. Оларға сыртқы жарнама объектілерінің меншік иелері немесе жарнама орналастырылатын ғимараттар мен құрылысжайлардың қожайындары жатады. Сонымен қатар, заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы. Мұндай шешім, немесе оның күшін жою туралы бұйрық, шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ал Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздеріне жүктелген функционалдық міндеттерді іске асыруға байланысты жарнама орналастырса, олар бұл төлемақыны төлеуден босатылады.
Төлемақы мөлшерлемелері сыртқы жарнама орналастырылатын тиісті күнтізбелік айдың бірінші күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) еселенген мөлшерінде айқындалады.
Жарнама төлемінің сомасы бекітілген мөлшерлемелер мен жарнаманы орналастырудың нақты мерзіміне байланысты есептеледі. Егер жарнама ресми хабарлама негізінде қойылса, хабарламадағы мерзім есепке алынады. Ал хабарлама жіберілмей орналастырылған жағдайда, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың немесе ауданның әкімдігі белгілеген іс жүзіндегі нақты мерзім негізге алынады. Егер сыртқы жарнама күнтізбелік бір айдан аз мерзімге қойылса да, төлемақы мөлшері толық бір ай үшін есептеледі.
Бюджетке енгізілуге жататын төлемақы сомасы ай сайын, ағымдағы айдың 25-інен кешіктірілмейтін мерзімде және жарнаманың нақты орналасқан жері бойынша төленуі тиіс. Бұл ретте, жарнама хабарлама негізінде орналастырылған болса, алғашқы айдың төлемақысы хабарлама жіберілгенге дейін жүргізілуі шарт. Осыған байланысты, төлеушілер жергілікті атқарушы органдарға хабарлама жіберген кезде оған бірінші айдың төлемі бюджетке енгізілгенін растайтын құжатты міндетті түрде қоса береді.
Ә. ТЕМІРБАЙ,
Қазалы ауданы бойынша
Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы














