Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызылбас палуанның ұрпағы

Қызылбас палуанның ұрпағы

Ол кісіні бала кезден танимын. Шоқша сақалды, шегір көз, қарасұр өңді, алып денелі болатын. Жүргенде алшаңдай адымдап, бұрылғанда бүкіл денесімен қозғалатын. Осынау ерекше кейіпті жанды үлкендер «Қызылбас палуанның ұрпағы» деп құрметпен атайтын.
Қызылбастың кім екенін білмесек те «пал­уан» деген сөздің айрықша күш иесі екендігін ұғынғандықтан бұл адамның тегін еместігін іштей сезетінмін. Есейе келе мән-жайды түсіне бастадым. Қызылбас палуанның ерекше күш иесі болғандығын және оның Жанқожа бабамыздың сенімді серігі екендігін үлкендерден естідім. Дабылов Әлқуаттың сол киелі тұқымнан өрбіген ұрпақ екендігін білдім.
Әлқуат 1940 жылдардың шамасында Қарақалпақ елінен Сыр бойына қоныс аударып келген. Колхоздың әртүрлі шаруашылық жұмыстарында еңбек ете жүріп, кейінірек сол кездегі Андреев колхозында жылқышы болыпты. Содан ұзақ жылдар осы кәсіппен айналысып, 1970 жылы зейнеткерлікке шығып «Құтты құрығын» баласы Нағашыбайға табыстаған. Оның алып күштің иесі екендігіне талай куә болғаным бар. Енді сол өз көзіммен көрген және естіген кейбір хикаяларды ортаға салайын.
Об ағаш
Жұртшылық Әлқуатты «Об ағаш» деп атайтын. «Об ағаш» деген жылқы ұстайтын қораның ортасына терең етіп қазып, көмілетін жуан бөрен ағаш. Асауға құрық салғанда бұғалық арқанның ұшын «Об ағашқа» орап тартпаса тікелей тартқанға асау жылқы әл бермейді. Ал Әлқуат бар жерде «Об ағаштың» керегі жоқ, арқанның ұшы қолына тисе қандай шу асаудың да тыпырлауға шамасын келтірмей саумалай тартып алдына алып келетін.
Жылқышылар жазда бие байлап, қымыз сауатын. Негізгі жайлаулары Қызылқұм өңіріндегі «Малбике», «Қосмола» жерлері еді. Бұл аумақтың табиғаты өте керемет. Ол кездерде аспанға атқылап тұрған бұлақ, содан пайда болған айдын көл, жағалай сабаттаған үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе тіпті бір-екі отар қой да отыратын. Бір кереметі бұл маңда маса, сона дегендер мүлдем болмайтын, тіпті шыбынның өзі сирек кездесетін. Бұлақ басына он шақты үй тігіледі. Ортаға жағалай бие байланады. Қора басында асаумен алысқан жылқышылар, тайға мініп жағалай жарысқан балалар. Бұл қайталанбас көріністер еске түскенде сағыныштан көңілге мұң ұялайды. Себебі, алыстап кеткен сол дәуірмен бірге талай асыл жандардың да көбісі келместің кемесіне мінген.
Жылқының ішінде небір қашағандары болады. Ондайлар өмірі қораға кірмейді. Мұндайда жаз кезінде көл жағасында үйездеп тұрған кезде епті жылқышылар білдірмей барып, бұғалық атып ұстайтын. Оны көбіне менің әкем Әнәпия немесе жас жылқышы Ерпайыз салатын. Бұғалық түскен асау үрке қашатыны белгілі. Сондайда ұстап қалатын әрине Әлқуат болатын. Еппен басып бұғалық салушының ізінен ілесіп отырған Әлқуат арқан асауға түскен кезде екі аяғын жерге тіреп, арқанның бір ұшын беліне айналдыра ұстап шірене тартып тұра қалғанда ышқына қашқан асау бейне бір темірқазыққа байланғандай шалқалай құлайтын, болмаса аспанға шапши кісінеп, қылғынып, қырылдай тыныстап тұрып қалатын.
Бертін келе Әлқуат Кәукейге, біз Тасарыққа ірге тептік. Тасарықта орта мектеп болмағандықтан мен Кәукейде Әлқуаттың үйінде жатып оқуыма тура келді. Кәукей ауылы жағалай көл, соның басында жылқы қора бар. Көктем шыға осы жерде қарбалас басталады. Жылқышылар тай-құнандарды таңбалау, бас үйрету, құлынға ен салу, жылқыны үйірлестіру жұмыстарын атқарады. Бізге мұның бәрі қызық реті келсе тайға мінеміз. Сондықтан сабақтан босай қалсақ, бір топ бала қора басына жиналамыз.
Әлқуат бұл кезде зейнеткерлікке шыққан. Дегенмен отырып қалмай жылқышыларға жәрдемдеседі. Бұл кісінің міндеті көбіне арқан тарту, қораның сыртына екі аяғын алға созып мықтап тіреп жайғасып отырады. Бұғалық арқанның ұшын қолына ұстайды, асаудың мойнына арқан түскен кезде жайлап тартып, қандай шу асауды да жетектегендей етіп межелі жерге жақындатып береді.
Сәуріктің сазайы
Бірде бір сәурік үйірдегі айғырға ұрынып, айдауға кедергі жасап қайта-қайта үйірді бөліп жылқышының мазасын кетірген. Әзер деп қораға қамап ұстап сыртқа шығара бергенде Әлқуат келіп әлгі айғырды жон арқадан қолындағы дырау қамшысымен тартып жібергенде омақаса құлағанын көзіммен көрдім.
Жақындап қарасам қамшы ізі ұзына бойына бармақтай болып ісіп, шып-шып қан шығып тұр екен. Демек қамшы жылқы терісін тіліп түскен.
Атанның ажалы
Қыс айы болатын. Таңертең сабаққа кетіп, түсте үйге келсем қора жанында бір топ адам жиналыпты. Ет бөлісіп жатыр, үйге кірсем қазан толы қуырдақ. Аң-таң қалдым. Мән-жайды Ұлыш апам түсіндірді. Сөйтсем оқиға былай болыпты. Әлекең бір асау түйеге бас үйретіп жүрген. Ертемен соны сыртқа шығарып, шөгермекші болған. Бірақ қос өркешті көне қоймаған. Ашуланған Әлекең жерде жатқан жыңғыл таяқпен түйені құлақ шекеден ұрады. Түйе мұрттай ұшқан. Жантәсілім етуге қарағанда Әлекең бауыздап үлгерген. Сойып қараса бас сүйегі жарылып, жақ сүйегі күл талқан болған екен.
1973 жылы Әлқуат Тасарық ауылына қоныс аударды. Жетпіске келіп қалса да аттан түспей, жеке малын бағып, шаруашылығына қарап жүрген. Ол кісінің қорасынан өле-өлгенше жылқы малы үзілген емес. Оны анау-мынау ат алып жүре алмайтын. «Қызыл ат», «Тас көк», «Ерсұлтан көк», «Әлқуат қара» деген аттары болды. Ал соңғы жылдарда «Қоңыр ат» деген доң тұқымына шатыс ірі қоңыр көк атты мінетін.
Күз айы-тын. Әкем соғымға сою үшін көптен қолға түспей жүрген бесті биені айдап келіп қораға қамады. Мойнына бұғалық салған кезде бие қорадан секіріп шығып кетті. Бұғалық арқанды сүйрете қашқан асауды ізінен қуып кеткен әкем, біраздасын қайырып алып келді. Жан-жағынан қаумалағанмен асау бие таптап кетердей, қораға кірмеді.
Осы кезде қоңыр атпен желе жортып Әлқуат келе қалды. Бие қораны айнала қашып жүр, мойнында ұзын бұғалық. Әлқуат тұсынан өте берген биемен қапталдаса шауып барды да асқан шапшаңдықпен аттан қарғып түсіп арқаннан шап беріп ұстап ілгері қарай бір-екі қадам жасады. Арқанды беліне орай шірене тартып тұра қалды. Ышқына қашқан асау аспанға шапши қарғып шалқалай құлады. Біздер жабыла құлаған биені тұрғызбай матап тастадық.
Мәліннің машақаты
Бұл әкемнің айтқан әңгімесі еді. Әлқуатпен құрдас Жетес деген жылқышы болды. Орта бойлы, қара сұр кісі. Мінезі өте тентек. Бала біткен ол кісіден қатты қорқатынбыз. Ал үлкендер жағы көп байланыспауға тырысатын. Өйткені, жоқ жерден шатақ іздеп, керісуге дайын тұратын.
Қаңтар, ақпан айлары болса керек Әлқуат, Жетес және менің әкем үшеуі мал қарауға шығады.
Жетестің ізінде қара қаншық иті болған. Үшеуі әңгімелесіп келе жатып байқамайды. Бір кезде қыр астынан иттің қыңсылағаны естіледі. Жетес дауыс шыққан жаққа қарай шаба жөнеледі. Ұзамай бақырған дауыс шығады. Қараса ылдида мәлінмен алысып қара қаншық жүр. Қақ жауырынына бір мәлін жабысқан Жетес бет алды құла дүз ойбайлап, атын борбайлап безіп барады. Жетестің ізінен қуып жеткен Әлқуат мәлінді қамшымен тартып өткенде дала тағысымен қоса Жетесте аттан ұшып түседі. Құдай сақтағанда Жетес аман қалды, қалың киімнен қамшы өте қоймаған. Мәліннің белі үзілген болса керек, жерде қиралаңдап жатады.
Бақсақ оқиғаның мән-жайы былай екен. Қызылдың жерінде мысық тұқымдас мәлін деген жыртқыш аң болады.Түсі сұрғылт қара жолақты, мысықтан сәл ірілеу. Өте шапшаң жыртқыш, бір-жар итке алдырмайды. Қаңтар, ақпан айларында «мауығады». Жетестің қаншығы осындай бір топ мәлінге кезіккен. Мәліннің біреуі иттің басын тырнағымен бүріп алған, қалғандары биік сексеуілдің басына шығып кеткен. Жетес келіп итін ажыратпақшы болғанда сексеуілдің басындағы мәліннің біреуі секіріп келіп, Жетестің қақ жауырынына жабысқан. Зәресі ұшқан Жетес ойбайлап айдалаға қашқан екен.
Би түсетін үй
Ұлыш апам орта бойлы, мығым денелі қайратты ана еді. Өте қонақжай болатын. Үйінен қысы-жазы мейман үзілмейтін. Кәделі қонақ келе қалса отағасын күтпей-ақ малды өзі сойып, жайғастыра беретін. Тек бауыздап беретін ер адам болса болды. Бала болсам да талай рет апама қой бауыздап бергенім бар.
Ауыл тұрғындары оны айрықша құрметтейтін. Әсіресе жеңгелері мен келіндері жайылып жастық, иіліп төсек болатын. Ол кісінің бір қасиеті кешегі кеңес дәуірінде ұлттық салт-дәстүріміз ұмытыла бастаған кезде де наурыз көже жасайтын. Жыл сайын 22 наурызда үлкен тай қазанға көже асып, бүкіл ауылды шақыратын. Үйден шыға алмайтын науқастарға сыбағасын беріп жіберіп, ауыз тигізетін. Бұл үрдісті қазір келіні Төрегүл алға оздырып келеді.
Қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген мақал бар. Әлқуаттың отбасы Ұлыш апамыздың арқасында осындай шаңыраққа айналды. Екеуі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені Нағашыбай Тасарық ауылында тұрды. Кезінде әкесінің құрығын ұстап шаруашылықта жылқы бақты. Кейіннен әр түрлі салада еңбек етіп, 2014 жылы қайтыс болды. Нарықтық реформа басталғанда кәсіпкерлікке бет бұрып, ауылдан дүкен ашты. Оның ісін қазір баласы Асқар жалғастырып отыр. Екінші ұлы Шынжырбай Тасарық ауылында қара шаңырақты ұстап отыр. Бұлардан кейінгі Өмір мен Темір, Ықпал мен Кенжесұлу Әйтеке би кентінде, ортаншы қызы Ақбала Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында тұрады. Барлығы да отбасын құрып, бала-шағалы болған, үлкендері немере сүйіп отыр. Әрқайсысы түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосуда.
Түйін
Әңгімеге арқауына айналған Әлқуат Дабылұлының Қызылбас палуанның ұрпағы екендігін жоғарыда айтып өттім. Ал Қызылбас палуанның Жанқожа бабамыздың сенімді серігі болғандығы тарихтан мәлім. Тіпті мүрделерінің де қызылдың қиырында қатар жерленуі ол кісілердің ерекше жақындығын білдірсе керек. Бір өкініштісі, Қызылбас атамыз туралы көп жазыла да айтыла да бермейтіндігі.
Менің бұл мақаланы жазудағы мақсатым – осы кемшіліктің аз да болса орнын толтыруға септігімді тигізу. Сонымен бірге Қызылбас атамыздың кейінгі ұрпақтары туралы аз-маз мағлұмат беру. Сыр бойында өз өмірін елінің бостандығына арнаған осындай тарихи тұлғаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұртшылыққа насихаттап жатсақ нұр үстіне нұр емес пе?!
05 желтоқсан 2022 ж. 479 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031