Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Салтты сақтаған сары қыз

Салтты сақтаған сары қыз

Маусым айының орта шені болатын. Дарияның толқынды жағалуындағы шағын әскери шатырдың жанына сол кездері шалғай жерде көп кездесе бермейтін «Волга» автомашинасы келіп тоқтады.
Көліктен түскен екі ер адам, үш әйел шатыр жанында күйбеңдеп жүргендерге қарай беттеді. Жаңа ауланған балықты аршып, қуыруға, асуға бейімдеп жатқан жігіттер алақандары балық шырышы болғасын алақандарының сыртын беріп амандасты. Ақылбай алып келген қонағына інілерін таныстырып, дастарқандарын қамдай беруін тапсырды. Әйелдер жағы шатырға кірді. Сәлден кейін суға түсу киімдерінің сыртынан халаттарын киген олар дарияның жайпауыттау жеріндегі шомылуға ыңғайлы жерге беттеді. Ақылбай:
– Төке, сағынып жеткен Сыр анаң мынау. Бірақ жайпауыттау жердегі салқындау суымен бейімделіп алмасаң, жар қабағынан секіріп тыныштығын бұзғанды жаратпайтын Сырдарияның мінезін ұмытпаған шығарсың? – деп әйелдер иемденген жағалаудан бері, биіктеу жарқабақтың төменіне қарай бастады. Сырдың суының бұндай құпиясын біле бермейтіндер жарқабақтан бірден секіріп, беті жылы, тереңі өте салқын суда қол-аяғы тартылып қалатын.
Денелерін үйретіп, бір уақыт суда шолпылдап, бір-біріне су шашып, жастық шақтарын есіне алған бұлар жар қабақтан секіріп те үлгерді. Дарияның жақпарлы жарқабағынан аяқтарын салбыратып жіберіп отырған Төлеген су ішінде жүрген әйелдер жаққа көз қиығын тастап:
– Ақылбай, кешеден бері мені бір сұрақ мазалап жүр... Төлегеннің сөзін аяқтатпаған Ақылбай:
– Кеше Инганы көргендегі жүзіңнің жүз құбылғанынан-ақ байқағанмын. Инга да сыр бермегенімен араларыңда бір құпия барын байқатып алған.
– Сен басқаға жорымай қоя тұр... Мені мазалап жүргені тобық. Кәдімгі тоқтының тобығы. Осыдан жиырма жыл бұрын Инганың қолына ұстатқанмын... Төлегеннің сөзін тағы да бөлген Ақылбай:
– Ингаға тобық бердім дейсің ба? Жиырма жыл бұрын... Сенейін бе, сенбейін бе?
– Сен мейлің, сенбе мейлің... Сенімен ақылдасайын деп тұрғаным сол тобықты сұрасам ба екен? Ол да, мен де ыңғайсыз жағдайда қалмай ма екенбіз?
– Шынымен берсең қазір Инга суда жүргенде сұра... Қызық болсын. Тауып бере алмаса сенің тілегіңді орындауы керек. Тобықтың серті солай ғой.
– Мені де ойлантып жүргені сол ғой. «Тойда тонымды бер» дегендей жиырма жылдан кейін орынсыз қолқа салғандай болмаймын ба?
– Төке, ойланатын түгі жоқ. Бұл бір қазақтың аманатты ардақтай білуді жастардың санасына сіңіруге бейімдеуі ғой. Көрейік, қазақтың осы дәстүрін неміс қызы қалай сақтады екен. Тауып бере алмай жатса, қинағың келмесе, бетіңнен бір сүйгізіп қоя саларсың.
Ақылбайды үнсіз тыңдап отырған Төлеген өзімен өзі сөйлескендей бәсең дауыспен:
– Ал, тауып берсе ше?
– Ой, Төке, оны тіптен ойламай-ақ қойыңыз. Жиырма жыл екі жыл емес қой...
Төлегеннің қолынан жетектеген Ақылбай әйелдер шомылып жүрген жаққа дедектете жөнелді. Төлегеннің тартқыншақтағанына да қарамастан:
– Қарлығаш, сен құлағыңды баса тұр. Мына Төкеңнің Ингада аманаты бар екен соны сұрағалы келдік, – деді.
Инга отыздарды орталап тастаса да сыны кетпеген аппақ жұмыр мойнын бұрып, көгілдір көздері күлімдеп, осы сәтті көптен күткендей күлімсіреп:
– Аманаты болса берген адам сұрамай ма. Ол не аманат екен? – деді.
Су айдынында тұрған Төлегеннің жары Қарлығаш та, Ақылбайдың жары Ақмарал да аң-таң.
Осы кезде өзіне өзі келген Төлеген жарықшақтанған дауысымен:
– Инга, айналайын, сонау күндердегі Нағмет жездемнің үйінде өзіңе берген тобықты сұрап тұрмын, – деді. Сөзінің соңы нық шықты.
Суда жүргенде киген баскиімін шешіп, жалтылдаған сары шашын жайып жіберіп:
– Төлеген аға ұмытып кетті-ау, – деп жүр едім. Қарлығаш жеңеше, көмектесіп жіберіңізші, – деп Қарлығаштың қолын қолаң шашына жақындатып еңкейе берді. Қарлығаш қолаң шаштың түбінде шашқа байлаулы тұрған саусақ басындай сүйекті шаш тіні өткізілген тесігінен суырып қолына алғанда Ингадан басқалары таңданыстан тілдері байланғандай үнсіз қалған.
Өзін немесе Төлегенді ақтағаны белгісіз Ақылбайдың:
– Тобықты тесіп сақтау тобық шартын толық орындауға жатпайды, – деген сөзін бөлген Төлеген:
– Инга, айналайын, қазақтың салтын да, мені де сыйлағаныңа рахмет. Не талап етсең де орындауға дайынмын, – деді таңданысын жасыра алмаған ризашылық пейілін білдіріп.
– Шынымды айтсам ол жөнінде ойламаппын. Ойланайын. Мүмкін Қарлығаш жеңешеммен ақылдасармын, – деп тобықты қолына алып, аң-таң болып тұрған жеңгесіне қарады. Болған жайға енді мән бергендей Қарлығаш:
– Әрине, әрине... – деп жағаға беттеген Инганың білегінен ұстады.
Әйелдер жағы шатырға кіріп жайғаса бастағанда өзін ыңғайсыз сезінген Ақылбай:
– Ал Төке, құпия болмаса тобықтың сырын айт, – деді.
– Оның ешқандайда құпиясы жоқ. Студент кезім болатын. Төртінші курсты тәмамдап каникулға елге келдім. Қайтуға бір апта қалғанда ауылдағы Нағмет жездеме сәлем беруге бардым. Жездем жақсы жан еді. Қалтамды құр қоймай молдау етіп ақша салып жіберетін. Бұл жолы да құрақ ұшып қарсы алды. Екі-үш күн балық ауладық. Пішен ордық. Ертең қайтамын деген күні бір тоқтысын сойып балдызымның жолаяқ «вечірі» деп көрші үш-төрт қыз-жігітті шақырды. Қайдан тапқанын білмеймін патефон әкелді. Шайды шала-шарпы ішіп, биге кірістік. Сол кеште мектеп формасымен жездемнің көршісі кішкентай сары шашты, аққұба қыз жүрді. Тоқтының еті алдымызға келгенде ет турап отырған жездем бармақ басындай сүйекті алып:
– Төлеш, мынау тобық. Бұны жігіттер, қыздар, тіпті ересектер де бір-біріне аманат етіп тапсырады. Шарты, сұраған кезінде жанынан тауып беру керек. Тауып бере алмаса аманат иесінің талап еткен нәрсесін орындауы тиіс. Тауып берсе, аманат иесі тобықты сақтаған адамның қандай талабы болса да орындауға міндетті. Мә, біреуге беріп кет, – деп маған ұсынды.
Жан-жағыма қарасам қыз-жігіттер пар-парымен отырған сияқты. Тек жездемнің жанындағы сары шашты қыз ғана жеке отыр екен, тобықты соған ұсындым. Ұсынуын ұсынсам да, жездемнің сөзін мұқият тыңдап отырған қыз алмай қояма деп те қысылдым. Қыз көгілдір көздерін менен алмастан тобықты оң қолымен алып, сол қолының алақанына салып қысып алды. Жездем:
– Көрші Инга, жақсы қыз, биыл мектеп бітіреді, – деді. Кеш тарқап жастар екеу-екеу ұзай бастағанда Инганы іздедім. Дұрыстап таныспаған да екенмін. Көре алмадым. Жан-жағыма алаңдай қарап, көршінің үй жағына еркімнен тыс барып қайтқаным есімде. Ертеңіне үйге келіп, келесі күні Алматыға жол тарттым. Бір-жар ай сары шаш, көгілдір көздер есімнен шықпай жүрді. Одан кейінгі студенттік қарбалас шақтар басталды. Көп ұзамай осы Қарлығашты кездестірдім. Аржағын өзің білесін. Бар жоғы осы. Екеуі де үнсіз қалды. Осы кезде Ақмаралдың:
– Жігіттер, шай дайын, – деген дауысы шықты. Төлеген мен Ақылбай шатырға келді. Дастарқан жайнап тұр. Ақмарал мен Инганың дайындаған дәмі екенін құлаққағыс қылған Қарлығаш:
– Жолдастар, Инганың аманатты қалай қадірлеп сақтағанына бәріміз куәміз. Төлеш, Инганың саған қояр талабы бар. Орындауға тиістісің. Өйткені ол Инганың анасының арманы екен. Негізі ақыл берген мен. Түсінікті болу үшін Инга өзі айтып берсін. Менің ақылымның дұрыс, бұрысын сараларсыңдар. Қане, Инга, қысылма, – деп Қарылғаш дем беріп қойды.
«Мұным қалай болар екен», – дегендей жан-жағына қарап алған Инга дауысын қырнап алып, әңгімесін бастап кетті.
– Менің неміс қызы екенімді бәріңізде білесіздер. Аты-жөнім Инга Адольфқызы Майер. Анамның аты – Эльза, Әкем – Адольф Бильгелмұлы Майер Кеңес Армиясының офицері болатын. Солдаттардың «жолдас капитан» деп айтатынын еститінмін. Әкем «біз Германияның емес Владивостоктің немістеріміз», – деп отыратын. Менің туған күнім 21-ші маусым. 1941 жылы менің бес жасқа толуымды шағын әскери қалашықтың орталық алаңында тойладық. Барлығы мені құттықтап жатты. Ойын ойнадық, балмұздақ, тәтті суларға тойғаным-ай. Әкем ауық-ауық қолтығымнан ұстап, басынан асыра көтеріп, шыр айналдырып мұрнын бетіме басып, бетімнен мейірлене сүйіп қояды. Алаңдағы оркестрдің сазымен шыр көбелек айналған анам мен әкеме қарап күліп тұрған, бетіме жағылған торттан айғыз-айғыз болған кескінім бейнеленген сурет әлі сақтаулы. Сол кезден қалған жалғыз ескерткіш. Шаршап келіп сол жансыз бейнені ­кеудеме басып, төсекке бас қойғаным есімде.
Сол күн бақытты сәбилік шағымның соңғы күні екенін кім білген?! 22 маусым күні таң алдында есікті тарсылдатып оятқан заставаның шаруашылығын басқаратын «дяда Коляның» ­дауысынан ояндық. Менің қолымдағы суретті планшетіне сала салып «Соғыс! Эльза, соғыс басталды. Қажетті заттарыңды, құжаттарыңды ал. Қане, тездетейік. Инга, қарағым, келе ғой, – деп мені құшақтап сыртқа шықсақ, заставаның жүк машинасына адамдар жапатармағай мініп жатыр екен. Біз де міндік. Машина біраз жүргеннен кейін гүрілдеген самолет дауысы естіліп, үстімізден оқ жауа бастады. Жан-жағымыздан бомбалардың жарылған дауысы зәремізді алды. Бір кезде машина кілт тоқтады. Апыр-топыр үстінде машинаның қорабын ашқан «дядя Коля» «тез түсіп орманға жүгіріңдер» деді. Жан-жағымыз шашылып жатқан адамдар денесі. Соның біреуіне сүрініп жығылғанымды білемін. Есімді жисам анамның құшағында, үлкен қарағайдың түбінде «дядя Коляның» жанында отыр екенбіз. Сәлден соң жанымызға фельдшер Егор аға және бір солдат келді.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ
29 қараша 2022 ж. 441 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031