Бірлік берекеге бастайды
«Отан – отбасынан басталады» деген бабалар сөзі бүгінгі таңда өте өзекті болып тұрғаны рас. Шаңырақтың шаттығы, іргесінің берік болуы қоғамдағы отбасы институттарына тікелей байланысты. Ата-баба дәстүрінен жаңылмай, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әулиеттер Қазалы ауданында да жетерлік. Еңбегінен көктеп, абырой асқарынан көрініп жүрген отбасылар кім-кімге болмасын үлгі болуға лайық. Соның бірі – өнегелі өмірімен өлкеге танымал Есқожаевтар әулиеті десек, ешкім талас тудыра қоймасы анық.
Бүгінгі әңгімеміз әулиет ақылшысы һәм тірегі Бердібай ақсақалдың ұлдары Мереке, Мейрамбек, Мерей және Медеу жайында өрбімек.
Бердібай Ұлы Отан соғысы кезінде Қазалы ауданының Бозкөл ауылдық округінде дүниеге келген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, Бекең әкесі Есқожадан егін еккен еңбекқорлығын, басқарма болып ел басқарғандағы әділдігін және жетім мен жесірлерге жасаған қамқорлығын көріп, үлгі алды. Адамгершіліктің ең жақсы үш қасиетін бойына дарытып өсті. Сонымен қатар қарапайымдылық пен ұстамдылық та атадан қанға сіңген қасиет.
Есқожаның туған інісі Мешітбай Құттықов та Арал мен Қазалыға белгілі азамат болған.
Бекең мектепті беске бітіріп, сол заманда көбінің қолы жетпеген, жоғары санаттағы шоферлықты меңгеріп, 23 жыл Қазалыдағы банк инкассаторының машинасын жүргізген. Одан кейін аудандық астық тарату базасына ауысып, 23 жыл жүргізуші болып, құрметті еңбек демалысына шығады.
Ол өзіне Алланың дұрыс жар қосқанын мақтанышпен айтып отыратын. 1964 жылы жары Ақжарқынмен отау құрды. Тағдырының сәйкестігі деуге бола ма, Бекеңде де, жұбайы Ақжарқын ананың да екі әке-шешесі болған. Өздері рулық қатынастардың орны ерекше бағаланатын ауылда тәрбиеленгендіктен, төрт жақпен бірдей қарым-қатынас жасауға, олардың арасында тепе-теңдік ұстауға тырысты. Күш, әрине, біріншіден Ақжарқын ананаң мойнына түсті. Ол кісінің бұл істегі шеберлігінің арқасында, төрт рулы елдің арасы әрқашан тату болып, Бекеңнің балалары да, өздері де жақсы қарым-қатынаста болып келеді.
Бекең өзінің басқа ата-анадан тәрбиеленгенін, қиындықтарын талай сезгенін, екі жақтың да жиынында түгелдей кіріп кете алмайтынын қынжыла айтады. Өзінің естелік бір өленіңде:
«Өз ұясында өспеген өз болмас,
Мақтаны қанша түтсеңде, жүн болмас», – деп тұжырым жасайды. Өз ұрпақтарын өзгеге асырауға бермейтінін және беруге болмайтынын айтады.
Өлең демекші, Бекеңнің қолы босында өз ойын қағазға түсіріп қоятыны бар. Туғаннан әлпештеп өсірген нағашы әжесіне деп «Айжан әже», деп Қаншайым анасына «Менің анам», туған енесі «Жазыққа», «Әке өсиеті» тақырыбымен Есқожа әкесіне, «Әке-ағаға арнадым» деп туған әкесі Жаппарбергенге, «Балаларым – ойым» деп балаларына бір топ жыр арнапты. Ал сүйіп қосылған жары Ақжарқынға арнаған өлең жырлары бір төбе.
Бекеңнің 55 жыл ерлі-зайыпты боп, тату-тәтті өмір сүрген, өмірге алтындай алты бала әкеліп, 2019 жылы бақилық болған жан жары Ақжарқын бәйбішесінің орны ерекше еді. Жарының үй тіршілігінде бардан жоқ жасап, өзіне қалай қамқорлық жасағанын, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынасын, бала тәрбиесіндегі, қазақи салт-дәстүрдегі сіңірген еңбектерін мақтана айтып отырады.
Кейіпкеріміз бала күнінен арманы – машина айдау, механизмге жақын болу еді. Қиын-қыстау кездерде бірнеше автокөлік құрастырып, үй-ішінің қажеттілігіне жаратты. Өзі шоферлықтан басқа куәлік алмағанмен, сол кездегі көзі ашық адамдармен, банк бастығы Нұртай Назарқұлов, Нефтебазаның бастығы болған Ұзақберген Дүйсенбаев, ұлағатты ұстаз Әбілқасым Маханов, бас бухгалтер – ақын Нәби Жетілгенов, КГБ бастығы Серғара Ізімбетов тағы басқа беделді де, белгілі кісілермен бірге жүрді, балалары да соларды көріп өсті. «Ұяда не көрсең, өскенде соны ілесің» демекші, ұлағатты сөздерін тыңдады, абыройлы істерін бойларына дарытты.
Арда азамат өзі жоғары білім алмаса да, оның керек екенін жақсы түсінді және балаларының бәріне де бір немесе бірнеше оқу орындарын бітіруге мүмкіндік жасады.
Оның тұңғыш екі ұлы бірдей шетінеп, Алладан шын көңілмен тілеп алған келесі баласына мереке әкелсін деп атын Мереке қояды. Оған деген сенімі, махаббаты бөлек еді. Балаларымның, ұрпағымның көшбасшысы болады деп сенді. Алла тілегін қабыл алып, Мереке баласы сенімін ақтап, жоғары білім алып, аудандағы кәсіпкерлердің алғашқыларының бірі болып, Есқожаевтар атын өлкеге танытты.
Мереке жоғары білім алып, табыс тапқан соң қалған бауырларына қамқор болып, әулетке көшбасшы болып келеді. Мамандығы құрылысшы-инженер болғанымен, 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, нарықтық экономикаға байланысты кәсіпкерлікке бет бұрды.
Кәсібін әулетімен бірге 1992 жылдан аудан халқына ең қажетті заттармен қамтамасыз етуден бастады. Өткен ғасырдың аяғында, еліміздегі өтпелі кезеңде, халықтың басына қиындық келді. Айлық жоқ, зейнетақы уақытылы берілмейді. Сол кезде қарыз алып, зат айырбастап, бұрын айналыспаған іспен айналысу өте қиынға түскені белгілі. 1995 жылы қамбада жатып қалған, өте арзан бағаға сатылып жатқан салыны қытайдан әкелген қондырғымен өңдеп, ақ күрішке айналдыру өндірісімен айналыса бастады. Өндіріске мерейлі болсын деген үмітпен, бауырларының құрметіне «Мерей» деп ат қойып, Әділет министрлігіне тіркетеді. Бүгінгі кезде осы зауыттың ақ күрішін халық өте жоғары бағалайды және басқалардан бұрын сатып алуда. Өз елімізде ғана емес, шет елдергеде өтімді көрінеді. 2000 жылы мал сою пункті банкротқа ұшырап, сатылымға қойылып, оны Есқожаевтар әулеті меншіктеді. Күріш зауытының аумағын кеңейтіп, бір линияны төртеу етіп, еңбек өнімділігін арттырды. Қаржы жинап, егіспен айналысатын «Әзілхан ишан», «Ақтан батыр», «Жалаңтөс», «Майдакөл», «Алға», «Бозкөл» тағы басқа шаруашылықтарға инвестор болып, ауданның экономикасын көтеруге зор үлесін қосты.
Онымен қоймай, 1999 жылы өздерінің өндірісін тоқтатып, ақтау үшін сатып алған 500 тонна салысын сол кездегі аудан әкімі Болатбек Пұсырмановтың өтінішіне тоқтап, аудан шаруашылығына қарызға береді. Ауданда 3000 гектар жерге күріш егуге мүміндік беріп, бір жыл ауданды күрішсіз қалудан сақтайды. Бұл сол қиын-қыстау кезде адамгершіліктің, нағыз патриотизмнің шын көрінісі болатын көзсіз ерлікпен пара-пар еді. Осылай халықтың алғысына бөленген ағайындылардың еңбектері жанып, еселенген табысқа жетті. Елге бірігіп еңбектенудің үлгісін көрсетті. Жұрттың көбі нарықтан өз орынын таба алмай жүргенде Бердібайдың балалары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, аудандағы ірі кәсіпкерлердің қатарында атала бастады.
2006 жылы Қазалы қаласындағы автобаза ғимаратын сатып алып, сағатына үш тонна күріш өңдейтін құрылғы құрып, одан шығарылған өнімді Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстанға экспорттайды. Осылайша «Мерей» шаруашылығы 35 адамды жұмыспен қамтып, оның үстіне 2010 жылы Қожабақы ауылындағы банкротқа ұшыраған «Агро-Өркен» ЖШС-ін сатып алады. 700-800 гектар жерге күріш, жоңышқа егіп, 80-100 адамды жұмыспен қамтып, аудан экономикасына қомақты үлес қосуда.
Ағайынды Есқожаевтардың еткен ерен еңбектері және халыққа жасаған қайырымдылық істері босқа кеткен жоқ. Шаруашылық басшысы Мереке Есқожаев Қазақстанда тың игерудің 50 жылдық мерекесіне Астана қаласына арнайы шақыртумен делегат болып қатысты. «ҚР Тәуелсіздігінің 10 және 15 жылдығы» медальдарымен наградталып, 2014 жылы «Қазақстан Агросаласының құрметті қызметкері» атағын алды.
Мереке мен сүйікті жары Гүлмираның Венера, Әділет және Мұхамметәлидей ұл-қыздары бар. Әділеті – заңгер, Мұхамметәлиі – студент. Ал Венерасы Ердоспен отау құрып, Нұрсұлтанда тұрады.
Бекеңнің екінші ұлы Мейрамбек кезінде Қызылорданың кәсіптік училищесін бітіріп, механик мамандығын алған. Қазіргі кезде жары Бибігүлмен жеті балалы болып, соларды тәрбиелеп отырған алтын алқалы ана, көп балалы әке. Өздерінің дөңгелетіп отырған кәсіптері бар. Әр кезде қара шаңырақтан табылып, әкесінің ойынан шығатын үлгілі жанұя. Ақерке мен Бақдәулеті, Айжаны мен Меруерті, Сая мен Бақнұржаны және атасы атын қойған Мирасы – атасына шаттық көңіл-қош сыйлайды.
«Мерей» зауытының күріші Қазалының атын Отанымыз бен шет елдерге танытқан, осымен аттас Бекеңнің үшінші ұлы Мерей Есқожаев, кәсіпкерлікті басынан бастап, әліге дейін алға сүйреп келеді. Еткен еңбектері еленіп Мерей Есқожаев 2007 жылы Қызылорда облысының «Үздік кәсіпкері» атағын жеңіп алды. 2011 жылы Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен», 2014 жылы кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен, 2016 жылы рекорд жасап, өткен жылдан 1,5 есе көп астық жинағында ауыл шаруашылық қызметкерлері салалық қызметкерлерінің Кәсіподағының «Ерен еңбегі» төсбелгісімен марапатталды. Жары Айғали қожақызы Камшат, Камила мен Әлім атты ұл-қыздарды мәпелеп өсіруде.
Қазіргі кезде қарашаңырақта әкесін бағып-қағып отырған, ойдағы-қырдағы бауырларымен, апа-қарындасы мен Алланың берген нәпақасын бөлісіп жүрген Бекеңнің кенже ұлы Медеу Есқожаевтың орны бір бөлек. Бекеңнің барлық балалары секілді елгезек, жақсылық жасауға құштар, бәрімен де тіл табыса білетін, үлкеннің алдынан кесе өтпейтін, көптен алғыс алып жүрген, атына заты сай азамат. Жас кезіңде алдыңа қандай мақсат қойдың дегенімде: «Мектепте шығарма жаздырғанда, кім болғың келеді деген сұраққа: «Бай болғым келеді», – деп жазғаным үшін шығармамды қайта жаздырған дейді. Есесіне қазір мақсатына жетіп отыр. 2021 жылы аудандағы су тапшылығына қарамай, егіннен мол өнім алып, осы жұмысқа қатысқандарға үлкен сыйлықтар жасады. Сушылар Амангелді мен Ғибратқа екпінді еңбектері үшін бір-бір автокөлік, басқа жұмысшыларға 2 миллион теңгеден ақшалай сыйлық беріп, мерейлерін асырды.
Осы жылы Медеу Есқожаевтың еткен ерен еңбегі еленіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Құрмет грамотасы», сонымен қатар облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Жары Светамен қарашаңырақта әкесі Бердібай мен Ақжарқын аналарын риза қылып бағып-қақты. Ал енесі о дүниелік болғаннан бері Света оның орнын жоқтатпауға тырысып келеді. Бұл күнде ұл-қыздары Диана, Назерке, Амирлерді жақсы тәрбиелеп, Есқожаевтар әулетіне ұйытқы болып отыр.
Бекеңнің үлкен қызы Айгүл – Қызылорда педколледжін, сосын Қорқыт ата атындағы университетті бітірген ұлағатты ұстаз. Қызы Дина мектепте үздік оқушы.
Бекеңнің қызы Шарбану мектепті «Алтынмен», университетті «Қызыл дипломмен» бітіріп, ЖОО-да сабақ берді. Аружан, Альбина және Нұрали атты балаларын өсіріп отырған ұлағатты ұстаз-ана.
Әңгіме кейіпкерімен бірге жүріп, тіршілік туралы тілдескенде ұққаным, ол кісінің өзіндік ұстанымының болғаны. «Бірінші – өз балаңды өзгеге берсең, екіұдайы болып өседі». Екінші – өзіңнің өреңің жетпейтін іске ұмтылма. Үшінші – киелі аңды атуға болмайды, бәлеге ұшыратады», – деп балаларына мылтық ұстатпай қойғаны бар. Бекеңнің қарапайымдылығы, адамгершілігінің мықты екені соншама, балалары бас біріктіріп, белгілі кәсіпкерлер атанып, алдарынан кесе өтпей, көңілінен шығып, айтқанын екі етпей орындап отырса да, кейбіреулердей менің балаларым осындай деп, мақтанып, масаттанбайды.
Балаларының тілегін тілеп, бір-бірімен тату-тәтті болуы үшін бар күш-жігерін салуда. Олар өздері немерелі болса да, әліге дейін бар мәселелерін әкесімен ақылдасып отырады. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Алтау алауыз болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Мал таппайтын жігіт жоқ, жұғарын айт, әйел алмайтын жігіт жоқ, тұрарын айт», – деп ұрпақтарын үнемі бірлік пен берекеге үндейді.
Біз білетін адамзаттың – рухани және материалды құндылығы бар, ол Бекеңнің балаларының бойынан табылады. Әкесінің айналасынан алыстамай, ақыл-кеңесіне құлақ қойып, бір бағытта еңбек етіп, ерінбей талаптанса, бір жұдырықтай жұмылса, алмайтын асуы жоқ екенін дәлелдеп отыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа: «Күшіміз – бірлікте», – деп үндеу тастауы, қазіргі жаһандану заманының талабына сай келіп тұр. Есқожаевтар әулетінің бірігіп жасаған берекелі істері – осы үндеуге үн қосудың бір көрінісі.
Жаңарған Қазақстанды құрудың алуан жолдарының түп қазығы осы тәуелсіздік тұғыры бірлікке келіп тірелетінін сөзбен де, іспен де дәлелдеуіміз керек. Тәуелсіз еліміздің іргесі берік, адамдары білімді әрі бай болуы үшін Есқожаев секілді әулеттерді халық үлгі тұтып, материалдық байлық пен рухани байлықты ұштастырып жүрулері тиіс.
Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы.