Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталады
Шуағын шашқан шұғылалы көктем мерекеге толы. Осылардың ішінде ерекше атап өтілетіні – 8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамы екені сөзсіз. Елдегі карантин жағдайына қарамастан биыл да бұл мереке атаусыз қалған жоқ. Осы ретте аудан әкімінің міндетін атқарушы Күнтілес Назымбеков пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап бірқатар еңбек ардагерлерін арнайы құттықтады.
Соның бірі өнегелі әулиеттің асыл анасы Рабиға Көпешова. Ол ғибратты ғұмырын ұстаздық жолға арнаған, еңбегінің зейнетін көріп отырған ардақты әже. Қазір 4 перзетінен 12 немере, 22 шөбере сүйген әулет анасы. Арнайы кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары К.Назымбеков:
– Бүгінгі күн әлем жұртшылығы үшін аса қадірлі. Жер бетінде анасын қадірлемейтін, сыйламайтын жан кемде-кем. Пайғамбарымыздың өзі «жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деп жүрегі жайдары, көңілі кіршіксіз жандарды жоғары құрметтеген. Сіздер ең керемет мәртебеге, ең жоғары қошеметке лайықсыздар, – деген лебізін білдірді.
Жер бетінде әйел затының ыстық алақаны тимеген, ащы маңдай тері сіңбеген сала жоқ. Сондай еңбегінен бақыт тапқан аяулы жанның біреуі – Назипа Досжанова. Ол саналы ғұмырын адал еңбекпен өткізген Құрметті теміржолшы. Бүгінде 84 жасқа толған ол көп жылдар бойы Теміржол саласында электрогазосварщик болып қызмет еткен. Шойын жолдың бойында қызу жұмыс жасаумен қатар 9 баланы дүниеге әкеліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Батыр ана.
– Қадірлі Назипа апа, Сіздің ең бір өзекті де қиын саладағы төккен теріңіз өлшеусіз. Ел экономикасының күре тамыры саналатын болат жолы бойында ерлермен қатар қарқынды еңбегіңіз кім-кімге де үлгі-өнеге. Кейінгі жастарға үлкен ерік-жігер сыйлайды. Осындай ақжаулықты аналарымыздың қарқынды қимылы ізіңізге ерген жастарды қанаттандырады. Қиын қызмет арасында жүріп, ынтымағы жарасқан отбасыңыздың ауызбіршілігін сақтау үлкен орасан ерлік, – деді Күнтілес Айдарбекұлы.
Осындай 19 немере мен 6 шөберенің сүйікті әжесі – Қағаз Баеке. Ол Жанкент ауылында тұрады. Жастайынан еңбекке араласқан ана көп жыл ауыл шаруашылығы саласында сауыншы болып жұмыс істеді. Бүгінде балаларына ақылшы, немерелеріне қамқоршы болып отыр.
Береке-бірлігі жарасқан Қазалы топырағы – сан түрлі ұлттың құтты мекені. Тағдырдың тезімен, қилы қиындықпен бір кездері осынау қасиетті топырақтан пана көрген жандар жетерлік. Ал солардың ұрпақтары бүгінгі таңда тәуелсіз қазақ елінің өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосып, қажырлы қайрат көрсетіп келеді.
Осылардың ішінде неміс ұлтының өкілі Нина Паулидың да еңбегі зор. Ол көп жылдар бойы сан тарам тарихы бар Қазалы қаласындағы метеостанцияда қызмет етіп, бүгінгі таңда зейнеткерлікке шықты. Абзал ананы құттықтай барған аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап:
– Шұғылалы көктемнің әр күні мереке. Соның ішінде – 8 наурыздың орны ерекше. Олай дейтінім, қырмызы қыздар мен ақжаулықты аналар, салиқалы әжелердің қазақ қоғамындағы орны ерекше. Ұлтымыз қашанда қызын өріс санап, анасын құрметтеген ел. Ата-анаға мейірім-шуағын төгіп, оларды пір санаған. Елдің береке-бірлігінің, ынтымағының сақталуына сіздің де қосып келе жатқан үлесіңіз ерекше. Бүгінгі мереке отбасыңызға ырыс-несібе, бақыт әкелсін. Көктемдей құлпырып, жаздай жайнап жүре беріңіз демекпін, – деген ақжарма тілегін білдірді.
Сонымен қатар ел ағалары гүл шоғы мен сый-сияпаттарын беріп, аналардың өтініш-тілегін тыңдады.
Е.АЙДАРБЕК