Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алтын жұмыртқаның сыры

Алтын жұмыртқаның сыры

Мұнан біршама жыл бұрын Қызылорда қаласынан Келімбет есімді аға мені іздеп, үйге келді. Ақпейіл әрі әңгімешіл жан. Өзінің атақты Тілеулес ишан Нұрсейітұлының ұрпағы, мамандығы дәрігер-терапевт екенін айтқанда елең ете түстім. Марқұм әкем мен анамнан Тілеулес ишанның тылсымға толы өмірі, елге тигізген шерепеті жайлы талай естігенмін. Ағамыздың дәрігер екенін білгенде «шипагерлік қасиет атаның қанымен дарыған шығар» деп ойлап та үлгердім. Сом тұлғалы Келімбетті тамсана тыңдадым. Екеуміз бұрын-соңды жүздеспесек те әңгімеміз жарасым тапқан еді. Арада біраз жылдар өтсе де, әңгіме желісінің кейіпкерлері санамда жатталып қалды.
– Тілеулес ишан Нұрсейітұлы көп ағайынды болыпты, – деп Кәкең сөзін бастаған еді. – Алып анадан туады демекші, Нұрсейіт дүниеге келген жылы ауылда үлкен той өтеді. Ол кезде келіншектер де өнерлерін көрсетіп, күш сынасатын болса керек. Ұстасқанның бәрін жыққан бір палуан әйелге қарсылас шақ келмейді. Сол кезде бойын намыс буған әжеміз атамыздан рұқсат алып, белдесуге шығыпты. Өзі шымыр да ширақ тұлғалы болса керек. Ал қарсыласы ірі денелі, аса қарулы екен. Кереметі сол, әжеміз дәудің белінен қапсыра қысып, сілкіп жібергенде, қос қабырғасы қатарынан сыныпты. Жүлдеге тігілген бәйгесін Көшкеншіге байлап, батасын алған екен.
Нұрсейіт ержете келе аян көріпті. Қалың нар қамысты қақ жарып келеді екен дейді. Кенет нудың арасындағы ашық алаңқайдағы әсем ұяны жанары шалады. Ұяның ішінде тоғыз жұмыртқа жатыр. Біреуі өзгелерге қарағанда тым ерекше, алтынан жаратылған екен.
Түсін таңдайына бақ дарыған би: «Тоғыз перзент сүйесің. Біреуі қасиет қонған ғұлама болады», – деп жорыпты. Сол аянмен дүниеге келген сәби Тілеулес екен. Қасиетті бала 10 жасқа толғанда керуенге ілесіп, білім іздеп жолға шығады. Ұзақ жылдар бойы Бұхара, Хорезмде білім алады. Өзі де Көкілташ медресесінде дәріс беріп, 40 жасында ишан атанады.
Қолдан ұйымдастырған қуғын-сүргін тұсында жаламен Қазалының түрмесіне қамалыпты. Ишан намаз уақытында дәрет алуға түрме басшыларынан рұқсат сұрайды. Дінді апиын санайтын белсенділер келіспепті. Тылсым күшке қалайша таңданбассыз?! Намаз уақытында құлыптаулы есік сарт етіп, өзінен-өзі ашылатынға ұқсайды. Мұндай көрініс талай мәрте қайталады. Қарауылдарға сенбеген түрме бастығы көзімен көрген соң ғана оның құдіретін ­мойындайды. Көп ұзамай қапастан босатылады. Жанындағы камералас бозбала егіле жылап, қимай қоштасыпты. Оны баласындай бауырына басып, жұбатқан ишан «Жаныңнан тастама, қиындыққа босама» деп беторамалын сыйлайды. Кейін Ұлы Отан соғысына қатысқан сол жігіт: «Мені Тілеулес ишанның ниеті, орамалы ажалдан құтқарды. Қарулас серіктерім мерт болғанда мен аман қалдым» – дегенді айтқаны кезінде жергілікті баспасөзде жарияланды.
Бірде Тілеулес ишанды үш адам іздеп келіпті. Жол-жөнекей өзара «ишанның перілерге су құйғызғанын, өзге де қасиеттерін көрейік» деп сөз байласыпты. Алайда ­жолаушылар табалдырықтан аттасымен атамыз олардың көкейіндегісін айтып береді. Қатты қысылған қонақтар кешірім сұрайды.
Мұнан соң Келімбет ишан бабасының сақилығына тоқталған еді. Қосамандағы жиынға Тілеулес ишан күйеу баласы Жиеналы мақсымды ертіп барады. Көпшіліктің ұйғарымымен бас жүлде «Алтын тұяқты» иеленіпті. Сынау мақсатымен құрдастары бейтаныс біреуді жалба-жұлба киіндіріп, ишанға жібереді. «Мен мүгедек, жарлы едім. Жүлдеңізді маған қиыңыз. Ауқаттанып, ел қатарына қосылар едім» – деп қиылған тіленшіге сом алтынды ұстатыпты. Мұншама жомарттыққа ризалық танытқан дүйім ел «Алтын тұяқты» өзіне қайтып береді. Нұржан ишан да Тілеулестің шәкірті саналады. Бірнеше жыл оқығаннан кейін Тілеулес Нұржанға: «Дәрісің аяқталды. Ендігі хабар өзімнен болады» – деп ауылына қайтарады. Әлденеше жылдан соң Нұржанның үйіне бейтаныс жүргіншілер келеді. Құлқынсәріде үй иесі бір төсектің бос тұрғанын байқайды. Орнында бөркі жатыр. Бас киімді көтергенде араб тіліндегі «Саған ишандық қонды» деген ұстазының жазуын оқиды.
Ғұлама баба 1934 жылы дүниеден өтеді. Қараша-желтоқсанның кезі. Ишанның денесін жуған суды адам аяғы баспайтын жерге төгіпті. Қақаған суықта сол жердің шөбі қурамай, жап-жасыл күйінде сақталған деген сөз бар.
Жоғарыдағы «Алтын жұмыртқаның» сыры осылай екен…

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ
12 қазан 2021 ж. 743 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930