Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағайындылар арқалаған ауыртпашылық

Ағайындылар арқалаған ауыртпашылық

Халықтың басына ауыр қайғы-қасірет төндірген нәубет тарих парақтарында мәңгілікке өшпестей сақталып қалды. Сол кездегі қуғын-сүргінді көргендердің қатарында үш жүздің пірі болған Мүсірәлі Сопы Әзиздің ұрпағы ағайынды Нәжмадин мен Мұхиядин де бар еді.

Нәжмадин мен Мұхиядиннің әкесі Үсен Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде оқып, үздік шатырхат алған. Хиуа ханы Рахыманның жолдамасымен Меккедегі араб елінің бас медресесінде оқып, ишан атағын алған.

Жергілікті тұрғындар оған «Үйрек» елді мекенінен мешіт салдырып беріп, халықтың діни сауатын ашады. Екінші жағынан сырқаттарды емдейді. Үсен ишан әулие кісі болған. Кеңес үкіметінің дінге деген көзқарасының дұрыс еместігін байқап, ұлдары Нәжмадин мен Мұхиядинге ескертіп те кеткен.

1913 жылы дүниеге келген Нәжмадин Ақмешітте, Дәуқарадағы Қожабай ишан мешітінде құранды жатқа айтып беріп, қари атағын алған. 1927 жылғы Компартияның елді ұжымдастыруды көксеген XV съезі мен 1929 жылғы Қазақстан халық комиссарлары Кеңесінің «Аса ірі бай шаруашылықтар мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару» декретіне қарсы халық толқуы белең алды. Белсенділер көтерілісіне басшылық жасауы мүмкін деген оймен Нәжмадинді Ресейге жер аударады. Сол жақтағы түрмеде 1943 жылы отыз жасында қайтыс болады.

Нәжмадиннің Шәрбан есімді әйелінен Сахи атты ұлы, Мария есімді қызы, екінші әйелі Хадишадан Әбиба деген қызы қалады.
Үсен ишанның екінші ұлы – Мұхиядин 1917 жылы туған. А.Байтұрсынов ойлап тапқан төте жазу бойынша сауатын ашып, «Қызыл ой» жолдастық серіктестік коммунасында хатшы болып істейді. «Ишанның баласы» деген айып тағылып, қудалай бастағанда тегін өзгертіп алады. Қарақалпақстанға көшіп бой тасалайды. Алаш орда көсемдері Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсыновпен бірге жүр­ген, солардың сыбайласы болған деген айыптан құтылу үшін сол жаққа кетуге мәжбүр болған. Қазақтың атақты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовпен жолығып, танысады.

Қазақстан басшылығына Голощекиннің орнына Мирзоян келіп, жағдай түзеле бастаған жылдары қыпшақ Қажымұқан да, қожа Мұхиядин де елге оралады. Еуропа мен дүние жүзінің төрт дүркін чемпионы Қажымұқанның ақылымен ауыл ішіндегі дүрбелең басылғанша Қапал ауылшаруашылығы техникумында оқиды. Туған жерге оралып, «Қызыл ту» колхозына хатшылық қызметке орналасады.

1939 жылы Қызыл армия қатарына алынып, кеңес-фин соғысына қатысады. Шайқаста көрсеткен батылдығына байланысты Нежин қаласындағы барлаушылар мектебіне жіберіледі. Ұлы Отан соғысы басталғанда алдыңғы шепке аттанады. Жау басып алған жерлерге барып, «тіл» әкелгені үшін «Ерлігі үшін» медалін төсіне тағады.

1941 жылдың 17 шілдесінде Мұхия­динмен бірге 13 барлаушы күнде­гідей жауға қарсы аттанады. Тапсырманы орындап, қайтар жолда фашистердің тосқауылына ұшырайды. Атыс кезінде Мұхиядин қолынан жараланып, елге орденді майдангер болып оралады.

1942-1952 жылдары Сталин атындағы колхоздағы мектепте директорлық қызмет істейді. Ұлы Отан соғысы жылдарында колхоз төрағасы Қашақбай Пірімовпен қойын-қолтық араласа жүріп тылда аянбай еңбек етті. 1945 жылы КПСС мүшелегіне қабылданды. Колхоз партия ұйымын басқарды. №3 Сталин сайлау округінен депутаттыққа сайланды.

Соғыстан кейін Қызылордадағы педа­гоги­калық институттың сырттай бөлімінде оқып, жоғары білім алды. Мектеп директоры болып, 1952 жылға дейін педагогикалық ұжымға басшылық етті. 1952-1962 жылдары оқу ісінің меңгерушісі болды. 1962-1977 жылдары мамандығы бойынша биология-географиядан сабақ беріп, зейнеткерлікке шықты.

Кеңестік идеология кезінде бүрке­меленіп, айтылмай келген тақырыптарға мақала жазды. Олары тоқсаныншы жылдары аудандық, облыстық газет беттерінде жарық көрді. Майдандағы ерлігі үшін екі орден мен оннан астам медальға ие болған соғыс ардагеріне шаш ал десе, бас алатын шолақ белсенділер бұдан былай «Ишанның баласы» деген айып таға алмады. 1945 жылы Тілеубайқызы Дүриямен отау құрып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.

Отызыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргін ауыртпа­шылығын ағайынды қос жігіт көп көрсе де оған ерлерше төтеп берді. Зұлматты жылдардың қасіретін тартып, сүйегі қайда қалғаны белгісіз ағасы Нәжмадин туралы:
– Қайран ағатайым-ай! Ізіме ерген балаларыма менің бауырым мына кісі деп көрсететіндей бір фотосуретің де сақталып қалмады ғой, – деп Мұқиядин ақсақал өкінішпен айтып отырушы еді.

Бақытжан ТҮМЕНБАЕВ

28 мамыр 2019 ж. 1 557 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 67

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 62

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930