Қазақстандықтардың жартысынан көбі 300 мың теңгеден жоғары жалақы алады
Фото: freepik.com2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде орташа жалақы 405416 теңгені құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11,3%-ға артық, нақты мәнде жалақы 2,4%-ға өсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соңғы бес жылда орташа жалақы 1,9%-ға өсті, бұл ретте әйелдердің жалақы өсімінің қарқыны ерлерге қарағанда жоғары болды.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қызметкерлердің жартысынан көбі 53,7%-ы айына 300 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Ал 32,5% жұмыскердің жалақысы 150–300 мың теңге аралығында, 10,5% -ында 100–150 мың теңге шамасында және небәрі 3,3% қызметкер айына 100 мың теңгеден аз табыс табады.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған кесте бойынша жалақы мөлшері былай бөлінген:
• 1 миллионнан астам қазақстандық айына 300–500 мың теңге алады;
• 724 мың адам – 200–300 мың теңге аралығында;
• 711 мың жұмысшы – 100–200 мың теңге аралығында;
• 406 мың азамат – 500–700 мың теңге табады;
• 125 мың қазақстандықтың айлық табысы 700–900 мың теңге аралығында.
2025 жылы Қазақстанда медианалық жалақы 317512 теңгені құрады және 2024 жылмен салыстырғанда 11,1%-ға, нақты мәнде 0,4%-ға өсті.
Салалар бойынша 2024 жылмен салыстырғанда медианалық жалақының ең жоғары өсуі қаржы және сақтандыру қызметінде – 31,3%, көлік және жинақтауда – 24,1%, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 22,9% белгіленген.
Медианалық жалақының ең төмен өсімі тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсетуде – 2,7%, сондай-ақ білім беруде - 5,9% болып тіркелді.
Өңірлер бойынша медианалық жалақының ең жоғары өсу қарқыны Астана қаласында байқалды, онда өсім 18,0%-ды құрады. Орташа жалақының ең төмен өсу қарқыны Маңғыстау облысында – 6,8%-ды құрады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге дейін өсіру ұсынылғанын жазған болатынбыз.













