Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Елең еткізер есімдер

Елең еткізер есімдер

Өмір болған соң бәрі болады. Кейде естір құлақты елең еткізер есімдерді де кездестіріп жатамыз. Кейбіріне таң қалсақ, енді бірі езуге еріксіз күлкі үйірілтеді.

«Жүре берсең, көре бере­сің» деген жуырда ғана бір танысымның ағасы қызды болды. Ай сөзінің қазақша, орысша, ағылшынша нұсқасын біріктіріп, кішкентай нәрестеге берді. Яғни есімі – Айлунамун атанды. Бүгінде өзгеге көп еліктеп кеткеніміз рас. Алайда мені қызықтырғаны бұл емес. Ешкімде жоқ есімдерді иеленген жандар.

Әкемнің айтуынша, туған ауылым – Қызылжардағы Райым ауылдық атқару кеңесінің төрағасы Әлімжан Жүгінісов деген кісі есім қоюға жүйрік болған екен. Сауатты әрі шығармашылыққа жаны құмар Әлімжан аға кенже баласының есімін Декабрь қойыпты. Оның бірінші себебі декабрь айында дүниеге келгендігі болса, екіншісі – «Декабрь жылдың – соңғы айы, ал менің ұлым баламның кенжесі» дегенге саяды. «Әлімжан ағамен бірге жұмыс істедім. Ол кісі бірде маған: «Ербол мен немеремнің есімін Төртқұда қойдым. Оған себеп осы ұрпағым дүниеге келгенше төрт құдалы болыппын. Алайда баланың есімін құжатта басқаша жазыпты деді. Бір інісінің баласына Құттықонақ деп есім бергенін де естідім. Оның да өзіндік себебі бар. Інісінде көпке дейін ер бала тұрақтамай, Әлімжан аға үйіне қонаққа барғанда келіні ұл бала дүниеге әкеліпті. Содан ат қою құрметі бұйырғанда ағамыз Құттықонақ деп атапты», – деді әкем. Міне, әр есімнің астарында терең мән-мағына мен тілек-ниет жатыр.

Ал, Зиратханның да есімі ерекше. Бұрын-соңды бұндай атты естімегендеріңіз де бар шығар. «Атам Әбдіжәмил Түркістан қаласына зиярат етуге жолға дайындалып жатқанда мен дүниеге келіппін. Сол кезде «Зиярат етуге бара жатқанда өмірге келді. Есімін Зиратхан қойыңдар», – депті. Атымда жатқан құпия осы ғана», – дейді ол.

«Үлкен әжелерімнің бірінің есімі қызық. Бір отбасында бірнеше қыз өмірге келіпті. Ұл баланы аңсаған әкесі соңғы қызына, яғни әжеме Ендіқой деп есім беріпті»,– дейді Ақмарал есімді ару. Аттары ілеуде бір кездесетін адамдарды сұрастыра отырып, Бекертуған есімді бозбаланың барын білдім. Менің санамда «Әке-шешесіне керек болмаған ба?» деген ой пайда болды. Алайда ойым орынсыз болып шықты. Сөйтсем, көптен бері бала тұрмаған ата-ана ұлдары дүниеге келгенде осындай есім беруге мәжбүр болыпты. Оған себеп ананың босанар алдында көрген түсі екен. «Балаға ерсілеу есім беріңдер» деген аяннан кейін ол отбасында Бекертуған атты бала өсіп келеді. Бір қызығы, Бекертуғаннан кейін екі бауыры өмірге келген.

Немерелеріне ерекше есім берген жандардың бірі – кәукейлік Бөрібай Ізімқұл. Жиырма жылдан астам уақыт ел басқарған азамат ат қоярда тарихи тұлғалар туралы кітаптарға жүгінген. «Тұң­­ғыш немеремнің аты – Афрасиаб. Афрасиабтың есімі Фир­даусидің «Шаһнамасы» ар­қылы жұртшылыққа таныс. Шың­ғыс­ханның немересі Құбы­лайдың есімін келесі немереме қойдым. Алла бұйыртып, немерелі болып жатсам, Хайду деп атағым келеді. Ол да Шыңғысханның ұрпағы», – дейді ол.

Арамызда осындай аттары сирек кездесетін адамдар бар. Ал сіздің есіміңізді кім қойды және ол қандай мағына береді?

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА


02 шілде 2019 ж. 3 806 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930