Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Төрде бесік тұрса – төре де басын иеді

Төрде бесік тұрса – төре де басын иеді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қазақ елін ортақ бір мүддеге шоғырландырып, ұлтымыздың сан ғасырлық құндылықтарының рухани, мәдени әлеуетін Қазақстан жұртының қоғамдық санасына сіңіруге бағытталған. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сәбиді бесікке бөлеп өсіру, ананың бесік жырын айтуы сол құндылықтардың негізін қалайды.
Байырғы бабаларымыздан қалған «Тәрбие – тал бесіктен», «Төрде бесік тұрса – төре де басын иеді» деген ұлағатты сөздер бесіктің қасиетін ұқтырса керек. Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп дабыл қаққанына да бір ғасырдың жүзі болды. Оның қасиетін өзге ұлттар да ұғынып, ұрпақ денсаулығын нығайтуда бесіктің орнын бөлек көрген. Мәселен, 1916 жылы Мәскеуде алғаш болып психоневрология институтын құрған академик Владимир Бехтерев «Балалардағы невроз ауруының алдын алу үшін бесік жырын тындату керек», – депті. Ал бесік жырынан ұлтымыздың өткен өмірі, дәстүрлі мәдениеті, салт-дәстүрі, тіпті, ежелгі наным-сенімдерінің көріністерін де байқаймыз. Бұл әуен кезінде халық арасына кең тараған тұрмыс-салт әндерінің ерекше түрі, әрі мазмұны жағынан сан алуан болып келеді. Мысалы, бірі сәбиді тыныштандыру, жұбату, ұйықтатуды мақсат тұтса, келесі түрі сәбидің болашағы жөніндегі ата-ананың тілегі мен артар сенімі, үмітіне арналады. Сонымен бірге осы екі мақсатты біріктіретін бата түрі де бар. Бесік жыры өлеңдік өлшемі жағынан 7-8 немесе 9-11 буындық қара өлең түрінде болса, ән ырғағы бесіктің тербелісіне сәйкес бір қалыпты, сабырлы, сыбырламай, қатты дауыс шығармай, қоңыр, жанға жайлы жылы дауыспен айтылады.
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
Арша ма екен бесігі?
Алар ма екен әкесі?
Өрік пе екен бесігі?
Сүйе ме екен әкесі?
Жиде ме екен бесігі?
Әлди-әлди, аппағым,
Қойдың жүні қалпағым, – деген нұсқа сәбиді жұбатуға арналса,
Әлди, балам, әлди-ай
Әлди, бөпем, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Астыңа терлік салайын,
Үстіңе тоқым жабайын.
Құрығыңды айырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?
Атағың көпке жайылып.
Қолымыздан іс алып,
Мойныңызға күш алып,
Бақытымызға, жан балам,
Бізді бағар ма екенсің? – деген жолдардан сәбиге артылар ата-ананың, елінің үміті, арман-тілегі көрінеді.
«Бесік» сөзінің шығу төркіні туралы түрлі пікір кездеседі. Тілші-ғалым Ә.Нұрмағамбетов бұл туралы: «Нәресте жататын төсекті ана тілімізде «бесік» деп айтатынын білесіздер. Қазақтармен туыс саналатын якут, сары ұйғыр, т.б. халықтар тілінде бұл сөз түбірі «би», «пе», «бээ» болып келеді де, мағынасы «тербету», «әлдилеу» деген түсінік береді. Ал осы түбірлердің біріне, әсіресе «бээ» түбіріне өз тілімізге тән жұрнақ қоссақ, «тербету» мағынасын беретін «бесік» сөзі пайда болады. Бұл – біздің бірінші жорамалымыз. Екінші ойымыз: бесіктің жасалу жолына қарай, оны құрайтын негізгі бес ағашқа байланысты «бес уық» сөзінен де туындауы мүмкін. Олай дейтініміз, қазақ халқы негізінде бесіктің екі түрін тұтынған. Оның ерте пайда болған түрі «аспалы бесік» деп аталады. Аспалы бесіктің жасалу жолдары өте қарапайым. Оны әзірлеу үшін бес жуандығы біркелкі, жұмыр талдар болса болғаны. Ондай бесікті көшіп-қону кезінде уықтап құрап жасай салу әбден мүмкін жай. Кейін келе бес уық – бесық – бесік болып қалыптасып кеткен тәрізді. Қалай айтсақ та, қазақтың бұл сөзі саханың немесе сары ұйғырдың сөзінен шықты деу жөн емес. Сондықтан «бесік» атауының шығуы әлі де терең зерттеуді қажет ететіні даусыз», – дейді.
Бесіктің нақты қай ғасырдан бастап қолданысқа енгені туралы деректер жоқ. Дегенмен сәби денсаулығы мен ұрпақ тәрбиесінде алар орны бөлек ағаш бұйымның пайда болуы туралы аңыз кең тараған. Аңызға сүйенсек, бесік айырқалпақ Айдаһар бидің заманында алғаш пайда болған. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғайды екен. Мизам 150 жыл ғұмыр кешіп, өмірден өтіпті. Дүниеден қайтқанын естіген қытайлар сол күні орманын өртеп жібереді. Уақытқа әмір бар ма, сағаттар сырғиды. Бір күні Айдаһардың сәбиі жылап, ешкім уата алмайды. Әйелі екеуі не істерін білмей қиналады. Емші-тәуіптерді жағаласа да, баласы жылауын тоқтатпапты-мыс. Қызының жылағанына шыдай алмаған әйел сыртқа шығып кетіп, Құдайдан медет тілейді. Бір сәтте қызының дыбысы шықпай қалады. Үйіне жүгіріп келсе, ақ киімді кісі орман өртенгенде жанбай қалған тобылғының қисық бұтағына бөпені салып, тербетіп отыр екен. Ол Айдаһар жақындағанда көзден ғайып болады. Би мұны «Құдайдан келген ишарат» деп түсінеді де, түнімен қисық ағаштарды құрастырып, бесікті жасап шығады. Осыдан бастап бесік қазақ жұртында кең таралған деседі.
Заманауи өмір сүру салтын ұстанып, жаңа игіліктерге ұмтылған қазақ шаңырағында бесік азайды. Баланың тазалығы, ұйқысының тыныш болуы өз алдына, бесік жас нәрестенің табиғи өсуіне әсер етеді. Сәби ана құрсағында жатып-ақ тербеліске түседі. Алайда өмір есігін ашқан соң жарық дүниеге бірден үйлесе алмайды. Сондықтан оны ана құрсағындағыдай әлдилеп, тербетіп отыру маңызды. Ал бесік жырын ешқандай әуен, мультфильмдер алмастыра алмайды. Сондықтан бесіктің қасиетін ұғынып, ұлттық құндылықты берік ұстанар кез келді.

Дина БӨКЕБАЙ
18 қыркүйек 2021 ж. 801 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 71

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930