Ғасыр жырлаған жүрек
ХХ ғасырдың Гомері атанып, ғұмырының 85 жылын өлеңмен өткізген ұлы Жамбыл Жабаев 1846 жылы 6 ақпан күні ел-жұрт жаумен жағаласқан қиын кезеңде Жамбыл тауының етегінде түйенің қомында, жел өтіне шөгерілген ығында, жарық дүние есігін ашқан. Ол Жетісу жырға тұнып тұрған шақта өмірге келді.
Жүрген жерінен бата жиған қазақ дәстүріне сай Жамбыл батаны Сүйінбайдан алып, отыз бес жыл ұлы ақынның өнегесін үйренген.
«Менің пірім – Сүйінбай
Сөз сөйлемен сыйынбай» – дейді ақын. Сүйінбайды пір тұтып, онсыз сөз бастамаған Жәкең жасында тентек болған деседі. Қазанда асылып жатқан еттің ең ірі сүйегін жүгіріп келген күйінше іліп әкетеді екен. Жеңгелері қой деуге батпай: «Бұл тентекке тимеңдер», – депті.
1936 жылы Мәскеуде өтетін қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі қарсаңында «Жамбыл деген ақын өмірде болмаған, ел ойдан шығарылған, қиялдан туған адам» деген арыз түседі. Анық-қанығын тексеру үшін Орталық партия комитеті Қазақстанға Л.Соболевті жібереді. Ол кісі келе сала М.Әуезовтен: «Жамбыл деген ақын бар ма?» – деп сұрапты. «Иә, бар Алматының іргесінде, өзі өсіп-өнген жерде тұрады», – деп жауап беріпті. Сөйтіп, Л.Соболев, М.Әуезов, Ә.Тәжібаев үшеуі Жамбылдың үйіне келген. Ақын оларды қарсы алып, таңнан таңға жалғасқан әңгіме айтылып, жыр төгіліп, Мұхаң оны қолма-қол аударып отырыпты. Л.Соболев ақынның үйіне үш күн қонып, Жамбылдың ұлылығына, асқан жыраулығына, соншалықты хикаяшылдығына қайран қалыпты. «Енді Жамбылдың «Манасты» он жеті күн, «Көрұғылыны» қырық күн айтып, барлық қазақ этносын жатқа білетініне сенбеске шарам жоқ. Жамбыл түсінде де өлең шығаратын болу керек. Бұл бір ғажап екен. Мен үш күнде Жамбыл университетінен өттім. Жамбылдың таланты – импровизация өнері, өзі сол өнердің, поэзияның данасы екен, ол расында көзі тірі, бізге көрініп тұрған Гомер екен, мұны көрген кісіде арман жоқ», – деп Жамбылды қайта-қайта құшақтап, сақалынан сүйіп кері аттаныпты.
1936 жылы сол кездегі мәдениет комиссары Темірбек Жүргеновтың ұйымдастыруымен Москвада қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігі өтті. Осы онкүндікте тоқсанға келген Жамбылды Кеңес Одағы, тіпті, бүкіл дүние жүзі танып, қазақ деген халық бар екенін, оның Гомердей ұлы жыршысы бар екенін аңғарды. Өйткені Ресей сол уақытта жер шарындағы жалғыз социалистік ел еді. Сондықтан әлем оның өмірін қызыға да, қызғана бақылап отырды.
Жамбыл өзінің естелігінде: «Өмірі кісіден жүрегім қайтып көрген жоқ еді. Ең бірінші Сұраншы батырдың көзінен сескендім, содан кейін мына Сталиннің де түсі суық екен», – деп жазыпты. Сол Сталиннің қабылдауына барғанда, ақын уақыты келіп қалған соң жайнамазын жайып, Кремльде намаз оқыған деседі. Сондықтан Жәкең өлеңінде партияны, Сталинді мақтаса, қорқып айтқан жоқ, соған өзі сенгендіктен жазды.
1944 жылы соғыста Кеңес әскерлері жауды қуып, Германия шекарасына жақындаған кезі. Атақты батыр Бауыржан Момышұлына басшылары 2 ай демалыс береді. Еліңе соғыстың жайын айтып бер, қазақ солдаттарының ерлігі туралы елге жеткіз деп тапсырған деседі.
Сол демалысы кезінде Бауыржан Сәбитке еріп, ұлы Жамбыл Жабаевқа сәлем беруге барады. Баукеңді көрген Ғали Орманов: «Батыр келді», – дейді. «Қане, батырың?» деп жалт қараған ақынның жанары оның сұстанған көзқарасымен түйіседі. Сонда Жамбыл: «Батыр болса, батыр шығар, пәтшағардың түсі суық екен» деген екен. Қайтадан Бауыржанға қарап;
– Сен Сұраншы, Саурықтай батырсың ба? –дейді.
– Сұраншы батыр лаулаған өрт, мен соның бір ұшқынымын. Саурық батыр үлкен сарқырап аққан өзен, ал мен соның тамшысымын.
– Әй, мынаның түсі мен қоса тілінде де бәле бар ғой, – депті сонда Жәкең. Бата сұрап жөнімен келген батырға:
Батырдың жолы болсын,
Самсаған қолы болсын.
Түсі бір суық екен
Ісі де долы болсын – деп бата береді. Сол күні батыр мен ақынның кездесуіне куә болуға әдейі келгендер де көп екен-мыс.
Сонымен, жиын қызып, түннің бір уақытында қонақтардың алдына ет келеді.
– Бірің балуан, бірің батыр, сыбағаларыңа қол салыңдар, – дейді Жәкең. Батыр інісі табаққа қолын созбайды.
– Делебе болған жылқыдай мына қызталағың неғып отыр ет жемей? – дейді сонда Жамбыл жанындағы Сәбитке.
– Әй, Бауыржан, неге жемейсің, бөгіп қалғанбысың? – дейді Сәбит.
– Жемеймін, –дейді Бауыржан қатқыл үнмен.
– Әй саған не болды?
– Мен мұнда сыбаға жеу үшін келгенім жоқ! Сыбағаны немістерді жеңгеннен кейін жеймін. Бұл үйге Ұлы Жамбылдың, соғыстағы барлық солдаттың сүйікті әкесінің сарқытын ішуге келдім. Ол үшін Жәкең анау тұздыққа сақалын батырып ұрттасын да, қалғанын табақтың үстіне құйсын, алдымдағы етті сонда ғана жеймін. Және барлық солдаттарға Жәкеңнің сарқытын ішкенімді айтып барамын, – дейді Баукең.
– Әй, мынауың дұрыс екен – деп Сәбит қарқылдап күліп, Жәкеңнің құлағына жеткізеді. «Бұл қызталақтың мұнысы да жөн екен» деп Жамбыл басын изейді.
– Бірақ сақалымды батыратын мен суға еңкейген теке емеспін. Мұртымды тигізейін, – деді. Сөйтіп, батыр Бауыржан Жамбыл ақынның сарқытын ішіп, ертеңіне от жалын шарпыған майдан даласына аттанып кетіпті.
Жамбыл өзінің атын Әулиеата қаласына берген кезде, бабалардан кешірім сұрап:
«Атыңнан айналайын Әулие ата
Атыңды ап қойды деп болма қапа», – деп көзіне жас алған екен. Қала орта ғасырда Янги 1853 жылы Әулие-Ата, 1936 жылы Мирзоян, 1938 жылдан Жамбыл деп аталса, ал 1997 жылы 8 қаңтарда Президенттің жарлығымен ежелгі Тараз аты қайта берілген.
Жамбыл өмірінің соңғы күндерінде орталық емханада жатқан. Қайта-қайта нашарлап, қысыла беріпті. Қысылған сайын Әбділда Тәжібаевты шақырады екен.
Әбділда: «Тәте жақсы болып кетесің» , – деп көңілін жұбататын көрінеді.
Бір күні кешкісін қысылып жатыр деген соң Әбділда тез жетеді. Келе сала қолын ұстап:
– Тәте тәуір болып кетесіз – дей бастағанда Жәкең:
– Жоқ, енді оңалмаспын. Сарыбай тапсырып кеткен қызыл жолбарысым қиналғанда құйрығын бұлаңдатып, жанымда жатушы еді. Сол жануарым жаңа ғана кешкісін батысқа қарай кетті. «Пұшайт, Пұшайт, Пұшайт!» деп үш рет айқайладым. Жолбарысым қарамады. Алладан хабар келген секілді, аманатын тапсырайын, қамдарыңды жасай беріңдер, – депті.
Айтқанындай сол күні Жамбылдың алып жүрегі мәңгіге тоқтапты. Осы әңгімені кейін Әбділда ағамыз өзінің досы, атақты сыншы Виктор Шкловскийге айтыпты. Таң қалған Шкловский жазушылар одағының кезекті бір пленумында мінбеден «Мой друг Абдильда Тажибаев мне говорил что великого Джамбула был свой тигр. У настоящего поэта должен быть свой тигр» – деп айқай салыпты. Шынында да Жамбыл қазақ халқының төлқұжатына айналған адам.
Қадірбек БЕКЕТОВ,
ардагер ұстаз