Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дала заңдары – даналық бастауы

Дала заңдары – даналық бастауы

Көшпенділер өркениетінің ділмәр дүлділі болған жұртымыз ықылым заманнан тәртіптің табыс тұтқасы екендігін пайым-парасат, терең таныммен ұғынып, сөз саптау өнері, үлкенді тыңдау, сыйлау, ғұрыпты құрметтеу, салтты сақтау сынды данышпандықпен даналық көшін жалғаған халық. Осындай дәстүрлі жүйе тінін үзуі қоғамда қатігездік пен қылмыстың кең етек жаюына кесірін тигізді емес пе?
Тарихқа көз жүгіртсек, өткенімізде материалдық және рухани даулы мәселелер, қылмысты істерінде шешім табатын өз әдет заңы, ережесі болғанын байыптаймыз. Мұндай жағдайлар «қара қылды қақ жарған» әділ үкім айтар билер ісінен байқалады.
Қазақ билері әділ шешім шығаруда үлкен мәртебеге ие болып, тікелей халықпен санасып отырғандығымен ерекшеленеді. Бұл жүйе соңғы жылдары еліміздегі сот жүйесіне енгізіліп, өз нәтижелілігін көрсетіп келеді. Көршілес қырғыз елінде ақсақалдар соты институтын конституциялық норма санап, Ата заңмен реттеген. Бізде де бар бұл институтты жаңғыртып, оған заңнамалық негіз беру туыстық қатынасты реттеп, қоғам тыныштығына сүбелі үлесін қосар еді.
Бізге таныс дала заңдарының дарасы – «Білік». Арыс би дананың өсиеттері. Арыс би деп отырғанымыз, бұдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген, қазіргі Түркістан облысындағы өзі аттас өзеннің атын иемденген қайраткер. Бұл кісінің әділ де турашыл шешімдері арқылы және ежелгі түркі мемлекеті – қағанат өмір сүріп дамыған «Адат» яки «Әдет» құқығының ықпалы қазаққа көп болған.
Дәстүртанушылар бұл бағыттағы Шыңғыс ханның ережелер жинағы – «Яса» бізше «Жасақ» туралы айтады. 1206 жылы жарияланған заңды жарлық бойынша ханның әскери қолбасшысы әрі кеңесшісі Майқы би жазған деседі. Мұнда қатаң тәртіптік жүйе арқылы ұтымды ұрыс тактикасын қолдану, елді ұйыстыру ісі айқын көрінеді. Мәселен, өзін хан деп жариялау, әдейі алдау, үш рет барынан айырылу, қашқын тұтқынды немесе құлды жасыру, соғыста жәрдем бермеу, майданнан қашу, сатқындық, ұрлық жасау, жалған куәлік беру, үлкендерге құрмет көрсетпеу секілді қылмыстарға ауыр жаза тағайындалған. Зерттеушілер «Жасақтың» қолөнер мен сауда-саттық қатынас өркендеп, халық әртүрлі діни нанымдарына қарамай, бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп, 400 жылға тыныштық орнатуға себепкер болғандығын жеткізеді.
Қазақ заңдары туралы айтылғанда алдымен ойға оралатындары «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы».
Қазақ хандығы тұсында алғашқы әзірленген дала заңдары жинақтарының авторы – Қасым хан саналады. Тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен таңбаланған еңбек академик С.Зимановтың пікірінше, оның әйгілі реформалары ғасырлар бойы тұтастай қалыптасқан көшпелілер өмір салтына нұқсан келтірместен, белгілі көлемді жаңалықтар енгізуімен елең еткізген. Сондай-ақ ол керегіне қажетті құқықтық нормаларды жаңа тілектерге сай етіп қолдану тәртібіне арналған ережелерге бастау болған.
Бес бөлімнен тұратын кітаптың бірінші бөлімі мал, мүлік және жерге байланысты баптарды қарастырған. Екіншісі қылмыс пен жазаны ескерсе, үшінші бөлімде әскери қызмет пен оны бұзғандарды жазалау тәртібі туралы айтылады. Төртіншінде халықаралық қатынастар тәртібіне бағытталса, бесінші бөлімі түрлі дәстүрлерге арналған.
Бұл жазбаны негізге ала отырып, толықтыру енгізіп, қазақ халқын тәртіп пен заң алдында біріктірген «Есім ханның ескі жолының» да орны айрықша. Мемлекетті нығайтып, заң үстемдігін күшейткен тарихи тұлғаның билігі тұсында Сырдария маңындағы қалаларға иелік ету үшін Бұхара хандығымен болған соғыс ұзаққа созылады. Халық пен билік арасындағы текетіресте Есім хан хандықты нығайту мақсатында осындай жаңашыл жүйені енгізді. Қасым хан мен Есім ханның заңдар жинағы Тәуке ханның «Жеті жарғысына» да бастау болады.
«Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген мағынаға ие. «Жеті жарғы» – жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін құжат. Заңдық құжатта жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған.
Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бар үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап Күлтөбенің басында қабылдаған Жеті жарғы қазақ билер мен шешендердің ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шешуіне мол мүмкіндік қарастырады. Қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтығандықтан, Тәуке ханның билік еткен тұсы қазақ хандығының барынша кемелденіп, дәуірлеген кезеңіне баланады.
«Жеті жарғыдағы» ең ауыр қылмыстар: адам қанын төгу, тонау, ұрлық, зорлау, зинақорлық, жақынына үйлену, біреудің әйелін оның келісімінсіз алып қашу өлім жазасына бұйырылған. Жеті куәгер болған жағдайда Құдайды әшкерелеген адамның жазасы да – өлім. Өлім жазасы билердің шешімімен немесе талапкердің келісімімен жеңілдетілуі мүмкін болған. Мұндай жағдайда қылмыскер әр қылмысы үшін белгіленген құн төлеген. Өлтірілген ер адам кұны – 1000, әйел кұны – 500 қой. Сұлтан өлтірілсе, жеті кісінің мөлшерінде, яғни 7000 қой берілген.
Күйеуін өлтірген әйел өлім жазасына кесілген. Ондай әйелді тек күйеуінің туысқандары кешірген жағдайда ғана болмаса, ешқандай құн төлеуі құтқара алмаған. Бірақ бұл ереже аяғы ауыр әйелдерге жүрмеген. Олар жазаланып бағанымен, өмір бойы шеттетіліп, қарабет ретінде танылған. Қазақ заңына сәйкес, мал ұрлап әшкереленген ұры алдымен малды қайтарып берген және оның үстіне 3 «тоғыздан» тұратын айып тағылған. Мысалы, түйе ұрлағаны үшін бірінші тоғыз – 9 бас түйе, екінші тоғыз – 9 бас ат, үшінші тоғыз – 9 бас сиыр, барлығы 27 мал айып төленуі тиіс болған. «Әдет» бойынша әйел адам құқықтан мақрұм қалған. Әдет-ғұрыпта «әйел тек өзін билей алады, өзі үшін жауап береді» делінген. Әйелдер қазақтардың қоғамдық өміріне қатыспаған, тіпті сот ісін қарау кезінде куәгер де бола алмаған. Отбасында үй иесі балаларына толық билік жүргізген.
Халықтық жиындарға әр қазақ қарумен келуі тиіс болатын. Қарусыз келген адам дауыс беру құқығына ие бола алмаған және оған жасы кішілер орын бермеген. Кез келген ұрпақтың, рудың, тайпаның өз таңбасы белгіленген. Сондай-ақ қылмыс жасаған адамды қара сиырға теріс қаратып отырғызып, ауыл-ауылды аралатқан жазаның түрі де кездеседі.
ХХ ғасырда қазақ даласында «Абақ керей ережесі», «Төрт би, төре заңы», «Абай ережесі» деген заңнамалар кездеседі. Алғашқысы сол уақыттағы ішкі ахуалынан хабар беретін құнды құжат болса, екіншісі қазақтың ата заңдарының ішінде төре мен қараны, ақсүйек пен қарапайым жұртшылықты «теңдік» принципіне жүгіндірген тұңғыш заңнама.
Қазақ қоғамының барлық ерекшеліктері қамтылған «Төрт би, төре заңы» 17 тармақтан, 35 баптан тұрған. Онда үйлену, некеге тұру, жарлы-жақыбай, кедейлерге жәрдем ету, қол ұшын беру, несие, қарыз талап ету жайы, бөгдені жәбірлеу, мұқату, тағы басқа да қағидалар бекітілген. Заң тармағын Қытай мен Моңғолияда тұратын керей тайпасының бір тармағы болып табылатын абақ керейлер ұстанған.
1885 жылы мамыр айында Қарамола жерінде орта жүз рулары бас қосқан жиын өткізілді. Оған жүзден астам билер қатысты. Бес дуанның болыс билері бас қосқан жиында 73 баптан тұратын «Ереже» қабылданды. Ережені Абай Құнанбайұлы бірнеше күнде жазып шыққан. Бұл туралы философ, ғалым Асан Омаров «Абай: ашылмай келген қырлары» атты монографиялық еңбегінде: «Шабыты шалқығаны емес пе, жиылған би болыстарға арналған Ережені Абай 3-4 күнде дүниеге әкелген. Сол 73 баптан тұратын жаңа заңды баршасы – болыс, билер һәм ұлықтар мақұлдап, ереже астына қолдарын қояды», – деп жазады.
«Абай әдет-ғұрып мәселесін заманға сай лайықтап, халық пайдасына шешті, кем-кетіктің, әсіресе әйел правасын», – жақтады дейді көрнекті зерттеуші ғалым Әуелбек Қоңыратбаев.
Ал тұңғыш қазақ конституциясының жобасын Барлыбек Сыртанов әзірлейді. Ол 1911 жылы «Қазақ елінің Уставы» деп аталған құжат жобасының авторы. Негізгі идеясы – дербес ұлттық егемен мемлекетті қалыптастыру болады. Устав тұрды. Қазақ елі республикасының жеке болуы, адам баласының құқығы, қазақ жері, сот турасында деген төрт бөлімнен түзіледі.
М.Тынышбаев, Барлыбек Сыртанов заңдық кодекстерін құра отыра, қазақ халқының мүддесін қорғап, халықтың заң алдында құқықтық сауатын ашуға мейлінше ықпал етеді. Заңның мүмкіндігін, қала берді өзінің беделін салып жүріп талай қазақ-қырғыздың кеткен ақысын қайтарып бергендігін жазады. Өкініштісі, жаңалыққа жаршы болған бұл конституция қабылданбай қалады.
Сондай-ақ қолданыста заңдық сипаты болған бүгінгі терминдерге балама болатын сөздер қорымызда көптеп кездеседі. Мәселен, байшөгел – заттай дәлелдеме, ат май – үй жануарларын уақытша пайдаланғанда қайтаратын сыйақы, барымта – дәстүрлі құқықтық процессуалдық институт, қандыат – қылмыс орындалғанда пайдаланатын ат, жіпкесер – билер қараған іс аяқталғанда орындалатын міндетті шара. Бұл туралы «Көшпелі қазақ өркениетіндегі құқық» кітабында молынан түсінік берілген.
Түрмесіз тентегін түзеп, «Обал», «Ұят», «Сауап», «Ар» деген төрт сөзбен ұрпағын ұйыстырған жұрт бүгінде неден ұтылып жүр, нені ұмыт қалдырды? Жоғарыда аталған ұлттық танымнан тамыр тартқан ерекшелігімізді сипаттайтын заңдарды қайта қарап, қолданыс аясын кеңітсек, жаһандануда жойылмай, рухани тынысымызды одан әрі жалғауға мүмкіндік туып, бүгінгідей Заң саласының кеңісін одан әрі арттырып, ықпалын ілгерілетуге көмегі көп болар еді.

Дайындаған А.МЕЙІРХАНОВА
28 тамыз 2021 ж. 1 472 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930