Әскери-патриоттық жастар жиыны қорытындыланды

Бұл туралы “Қызылорда облысының жастар Одақтары” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасұлан Алдабергенов,
“Жас сарбаз” жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жасұлан Жаңабай және “Сыр айбыны” командасының жас сарбазы Расул Ниетулла айтты.
- «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны жыл сайын дәстүрлі түрде жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Бұл – жасөспірімдердің патриоттық рухын оятып, әскери дайындық пен тәртіпке баулитын маңызды алаң. Қызылорда облысынан қатысқан командалар әр жылдары үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Биылғы көрсеткіш те жаман емес – “Сыр айбыны” командасы барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, төртінші орынды иеленді. Бұл – үлкен еңбек пен дайындықтың жемісі. Алдағы уақытта да жас сарбаздарымыз бұдан да жоғары нәтижеге жететініне сенімдімін,- деді Жасұлан Нұрланбекұлы.
- Осындай деңгейдегі жарыстардың маңызы өте зор. Бұл – жастарды отансүйгіштікке, тәртіпке, ұйымшылдыққа тәрбиелейтін, олардың бойында жауынгерлік рухты қалыптастыратын бірегей алаң. “Айбын” жиынына дайындық жұмыстары сайыс басталады дегеннен-ақ қолға алынды. Команданың әрбір мүшесі жауапкершілікпен қарап, тынымсыз дайындалды. Нәтижесінде, “Сыр айбындары” командасы әскери кросс жарысында жалпыкомандалық есепте 3-орынға ие болды. Жастарымыздың бойындағы ерік-жігер мен намыс бізге келешекте бұдан да биік белестерді бағындыруға сенім береді,- деді Жасұлан Бақытжанұлы.
Ал автомат шашу жарысында жерлесіміз Расул Ниетулла шапшаңдық танытып, 60 қатысушының ішінен бірінші орынды иеленді. “Болашақта өрт сөндіруші болғым келеді”,- дейді жас сарбаз.
- Бұл жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындалдым. Әр жаттығуда шапшаңдыққа мән бердік. Қарсыластар осал болмады, бірақ өзіме сенімді болдым. 60 қатысушының ішінен топ жарып, бірінші орын алғаныма қуаныштымын. Бұл - мен үшін үлкен тәжірибе. Болашақта өрт сөндіруші болғым келеді. Елге, халыққа пайдасы тиетін мамандық иесі болу арманым,- деді Расул Ниетулла.