Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көрұғлының батылдығы

Көрұғлының батылдығы

Сыр бойында ХІХ ғасырда Көрұғлы Байсалұлы деген адам өмір сүрген.
Көрұғлы жастайынан қағілез болып өседі. Алайда ешкімге бой бермес тентектігі де бар екен. Әкесі әр кез оған шағымданып келген адамдарға ызасы келгенде: «Е, Құдайым, Бектібайға бер, Тоқтыбайға бер, Бекқұлыға бер, Аққұлыға бер! Көрұғлыға берсең бер, бермесең қой», – деп батасын беріп отырады екен. Бірде Есет батыр Көтібарұлының ешкімді жолатпайтын, жаратылған тұлпары бар екенін біліп, Көрұғлы оны алмаққа бекінеді.
Араға бірнеше күн салып, барымташы батырдың ауылына жетіп, отауын тауып алады. Атышулы жылқы батыр отауындағы төрде байланып тұрады екен. Үйдің есігіне таяу Есеттің өзі жатады. Көрұғлы ебін тауып кіріп, жылқының жалына барып жасырынады. Сол кезде өзге адамның жанына жақындағанынан жатырқаған ат осқырып қоя береді. Есет атты сипап тұрғанда Көрұғлы мініп, Есеттің үстінен қарғып өтіп кетеді. Мәселенің мән-жайын ұғынған батыр ашуға булығып, «елін шабамын» деп намыстан «жарылады». Бұл хабар Сырға жетіп, ағайын-туыс үлкен қауіпті қайтарудың жолын іздеп, бір рулы елге сөз келтірген Көрұғлыға қапаланады. Мұны естіген айыпкер оқиға орнына қайта барады. Келсе, батыр үйінде жоқ екен. Іргеде жаюлы тұрған көрпе астына Көрұғлы шиырма қылышын жасырып қойып, күтіп отыра береді. Біраздан соң Есет үйіне келсе, төрде міз басқпай, бір жас жігіт отырады. Тұрпаты мен бейнесіне бойлап:
– Әй, тусаң ту, бір білсем, Байсалдың баласы шығарсың. Менің үйіме ешкім бұлай еркін кірмеуші еді. Болайын деп тұрған жігіт екенсің. Бір жылқыны қасқыр да жеп қояды, – деп жүректілігіне сүйсініп, дос құшағын ашып, мейман еткен деседі.
Көрұғлы елге оралған соң да, жақындарынан көп қолдау таппайды. Мұны байқаған ол ауыл үстімен өтіп бара жатқан керуенге ілесіп, түркімен жеріне қарай кетіп қалады. Керуен иесі ірі сауда-саттықпен айналысатын атақты көпестердің бірі болады. Ол жігітті кереуенбасы етеді. Керуенбасы жүректілік пен жауапкершілікті талап етеді екен. Жол бойы иесіне сөзі мен ісі үйлесім тапқан жігіт ұнап, түркіменнің Ташауыз деген жеріне жеткенде де қоштаспай, өз баласындай қамқорлық көрсетеді. Сол адай руынан шыққан саудагердің ұлы жоқ, жалғыз қызы ғана бар екен. Көрұғлыға сол қызы Білтені қосып, ақ батасын береді. Арада жеті жыл өткенде, күйеу баласы атасына өзінің ойында жүрген жайды айтады.
– Әке, мен бір тентектік жасап, ашумен ағайыннан жырақтаған жайым бар еді. Енді батаңызды берсеңіз, Білтені алып, ел-жұртқа барсам деймін, – десе, қайын атасы жалғызын қимай, қарсылық білдіреді.
Ол жақта Құрбан айт мерекесі кезінде қыз алып қашатын дәстүр бар екен. Көрұғлы өз ойын осы кезде асырмақ болып, келіншегіне айтқанда, Білте де қолдай кетеді. Осылайша қараша айында жаратып жүрген екі аттың біріне өзі мініп, екіншісіне келіншегін отырғызып, туған жеріне жол тартыпты. Осы қыздан, ол өмірден өткеннен кейін алған жергілікті жарынан ұл-қыз сүйіп, ұрпағын жалғастырыпты. Сол балаларының бірі Дошымбет Көрұғлыұлы кейін аймаққа аты танылып, әділ де, тапқырлығымен би атанған текті тұлғалардың бірі ретінде тарихта қалған.

Жинақтаған Алтын МЕЙІРХАН
10 шілде 2021 ж. 963 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 76

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930