Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кие мен ие болғаны ма?

Кие мен ие болғаны ма?

Атақты Александр Македонскийді мұсылман қауымы Ескендір Зұлқарнайын деп біледі. Кеңес үкіметі кезінде тарих оқулықлығында Македонскийді қанішер, жер жүзін жаулап алуға ұмтылған, халықты қырғынға ұшыратқан қатыгез тұлға ретінде сипаттайды.

Кейінірек есейіп ақыл тоқтатқан кезімде мен Құран Кәрімді оқып таңғалдым. Тіпті қателеспесем «Қаһф» сүресінде Македонский немесе Ескендірге арнап Жаратушы арнайы оншақты аят түсірген. Онда белгілі тұлға жауыз ретінде емес, бір Құдайды мойындаушы, күннің шығысынан батысына дейін жорық жасап, адамзатты бір Аллаға үндеп өткен адам ретінде баяндалады. Ескендірі түсінікті, Александр, ал Зұлқарнайн сөзінің «қос мүйізді» деген мағына беретінін де тәпсір жазбасынан оқып білдім.
Соған қарағанда, «Ескендірдің мүйізі бар» деген аңыздың бір ұштығы осыған тірелетін сынды. Аңыз бойынша Ескендір қайтыс болар алдында «мені адам аяғы баспаған жерге жерлеңдер және үш күннен соң қабіріме анамды алып барыңдар» деп өсиет қалдырған дейді. Қызметшілері өсиетін орындағысы келіп адам баспаған жерді іздеп қанша сабылса да, ондай жер табыла қоймапты. Соңында «бір баспаса осы жерді баспаған шығар» деп биік таудың үстіндегі терең үңгірге жерлепті. Уәде бойынша үш күннен соң қабіріне анасын алып барады. Анасы терең үңгірге үңіліп: «Ескендір» деп дауыстаса жауап болмайды. Екінші рет қайталаса тағы да жауап бермейді. Тек үшінші мәрте шақырғанда ғана: «қандай Ескендір?» деген үн жетеді. «Ескендір Зұлқарнайын» дегенде барып баласы белгі беріпті. «Неге бірден жауап қайтармадың?» деген анасына Ескендір: «Анашым, бұл үңгірде жетпіс бес Ескендір жатырмыз, солардың ішінде Зулқарнайын, мүйізді Ескендір мен ғана екенмін. Сіз дауыстағанда қайсымызды шақырғаныңызға дауласып кідіріп қалдық» депті.
Адам аяғы баспаған, ат тұяғы тимеген жер жоқ екенін айтады көнекөздер. Анық-қанығын кім біліпті, атам айтып отыратын «Біздің Қазалы өңірінің өзіне жеті жұрт орнығып, жеті жұрт көшкен» деп. Айтпағым осы кенттің әр тұсында, көшедегі үйлер арасында ескі қорым, аракідік жұрт қоныстануға үрке қарайтын бос жерлер де бар. Неге екенін қайдам, бірақ сол бос жерді сатып алып, құрылыс салатындар бірен-саран болмаса кездесе қоймайды. Наным-сенімге сүйеніп «бұрын немесе кейін сол жерде тұрғандардың өмірлері сәтсіз болды, ескіден қалған адам сүйегі болып мазалауы мүмкін» дейтіндер де табылады. Осыған орай аз болса да адамды ойға қалдыратын мына бір оқиғаны айта кетсем деп едім.
Бала күнімде бізге жақын көшенің бірінде көшіп келген отбасылар көп тұрақтамайтын ескілеу үй болды. Кеңес үкіметінің соңғы жылдарында сол үйге екі-үш балалы Әділбек есімді жігіт көшіп келді. Соншалық көп тұрақтамай, ол да кенттің бір шетіне қоныс аударды. Белгілі мекемеде ауысыммен жұмыс істейтін. Бір жолығып көшу себебін сұрағанымда мына бір жағдайды баяндады.
Қыстың күні түнгі ауысымнан таңертең тоғызда келген Әділбекке әйелі ұйықтап жатқан, ең кішісі емізулі үш баласын тапсырып шаруасымен шығып кетеді. Темекі тартатыны бар Әділбек жанып жатқан пештің ауа сорғышына темекі түтінін үрлей отырып, түннен қалжырағандықтан жантайып шеге бастайды. Үш арсыздың бірі ұйқы емес пе, соншалықты өзіне сенімді болса да, екі саусағының ортасында қыстырулы темекісімен қалғып кетеді. Қанша жатқаны белгісіз, өң мен түстің арасында қолында таяғы бар қарт кісі таяғымен түртіп қалып «түрегел» дейді. Ұйқылы-ояу Әділбек «қазір» деп, қайта қалғиды. Екінші мәрте келген қария таяғымен қаттырақ нұқып «тезірек тұр» депті. Өзімен-өзі болып жатқан жігіт «қазір, қазір, кішкене жата тұрайыншы» деп, ұйқыға біржола беріле бастайды. Үшінші рет келген қария бұл жолы таяғымен қолынан бар күшімен салып қалып, бар дауысымен «енді өлесің, тұр!» дейді. Шошып оянса, қолынан түскен темекі шоғынан ойылып қалған астындағы киіздің түтіні үйді алып барады екен. Қайта, соншалықты тереңдеп кетпеген. Жалма-жан балалардың естиярын айқайлап оятып, кішісін көтеріп, бірін-бірі жетектей жүгіріп, сыртқа шығады. Шоқ түскен киізді сүйрелеп, шығарып тастап, өз-өздеріне әрең келіп естерін жияды. Осы себеппен үйін арзанға сатып көшіп кеткенін айтты Әділбек. Оның жалған сөйлемейтініне сенімді едім, сондықтан айтқандарына күмәнданбадым. Сырттай ғана сыйласып, көп кездесе бермейтін Әділбектің кейінгі тағдыры тым ауыр, тіпті аяныштылау өрбігенін естідім.
Әр адам баласының басында айналасындағыларға айтатын, айтпайтын құпиясы, тосын жағдайлары, тылсым сырлары болады. Бұл жайтты да соған жорыдым. Жалпы сырын ішіне бүккен айналамыздағы мәлім де, беймәлім дүниенің бізге не айтқысы келіп тұрғанын кім біліпті?!
Әлімжан ҚИЯС
08 желтоқсан 2020 ж. 1 189 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930